Білім

Мектеп формасы өзгере ме?

  • Брифинг

Мектеп формасына енгізілетін өзгерістер келесі оқу жылынан бастап кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Ал жаңа оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің №26 қолданыстағы бұйрығы басшылыққа алынады.
Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды. Шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова қатысты.

Қазір Оқу-ағарту министрлігі тарапынан аталған министрліктің «Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар туралы» 2016 жылы бекітілген №26 бұйрығына өзгеріс енгізу бойынша жоба дайындалып жатыр. Жобаны әзірлеген кезде әр облыстан әртүрлі ұсыныстар түсті. Соның бірі — әкімшілік аумақ бойынша бірыңғай біртүсті мектеп формасын енгізу. Аталған жоба қазір жан-жақты талқылануда. Нақты шешім қабылдана қойған жоқ. Қолдау тапқан өзгерістер келесі оқу жылынан бастап енгізіліп, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Сондай-ақ оқушылардың арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да артықшылықтардың белгілерін жоюға бағытталған.

Ер балалардың мектеп формасы — пиджак, жилет, шалбар, күнделікті жейде, қыздардың мектеп формасы — пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде.

— Осы жерде шалбарға қатысты айта кететін болсам, ұлдардың да, қыздардың да шалбары еркін тігілген, ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы қажет.

Сондай-ақ кейбір мектеп формасына білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін орналастыруға болады.

Форманың үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі.

Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі. Ол күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді, — деді Нұргүл Лескенқызы.

Ер балалар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.

Бұйрық талаптарына сәйкес мектеп формасының түсін, үлгісін таңдау, юбканың немесе сарафанның ұзындығын бекіту  білім беру ұйымдарында құрылған қамқоршылық кеңес отырыстарында қаралып, анықталады. Жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін өздері таңдап, сатып алуына болады.

Мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға рұқсат етілмейді.  

Жаңа оқу жылында қолданыстағы бұйрық басшылыққа алынады. Кәсіпкерлердің дайындалған өнімдері бұрынғыдай сұраныста болады.

Оқушылар белгіленген мектеп формасын сақтауға, ал ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті.

Спорттық формаға келетін болсақ, жалғыз талап — ыңғайлылық. Кейбір мектепте бірыңғай спорт формасын енгізу тәжірибесі бар, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, мектеп директоры, аудандық білім бөлімі ата-аналарға нақты бір кәсіпкерден мектеп формасын алуға мәжбүрлемеуі тиіс. Ата-аналар кез келген кәсіпкердің мектеп формасын таңдауға ерікті.

Білім беру ұйымдарының басшылығы, мұғалімдер ата-аналардан оқу формасын сатып алу мақсатында қаражат жинамауы тиіс. Мектеп кеңесі (ата-аналар комитеті) «Мектепке жол» акциясы аясында және жаппай оқу қоры есебінен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын мектеп формасымен тегін қамтамасыз етеді.

Тағы да қайталып айтып кетейін, жаңа оқу жылында қолданыстағы бұйрыққа сәйкес, әр оқу мекемесі өзінің дербес мектеп формасын таңдай алады, — деді Нұргүл Лескенқызы.

Брифинг соңында сауалдар қойылып, жан-жақты жауап берілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button