Әлеумет

«Имани жаз» балалар дін жөнінде мағлұмат алып, әдеп сабақтарын оқиды

…«Дін — ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деп бекер айтылмаған. Өте нәзік әрі күрделі саланы бір адамдай игеріп, рухани кемелдікке жақындай түскендер де, тура жолды таңдадым деп теріс ағымдағылардың қатарын толықтырғандар да арамызда аз емес… Бұл ең әуелі діни сауаттың жоқтығынан, ізденістің аздығынан болып жатады.
Осы орайда жаз мезгіліндегі бос уақытты тиімді пайдаланып, діни сауат ашу курстарына қатысушылар саны жыл санап артып келе жатыр. Соның ішінде Ақтөбеде Құран жаттаймын, дұға-тілектерді үйренемін, жалпы мұсылман әдебін игеремін деген ұл-қыздар баршылық. Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жергілікті өкілдігі сауапты іске ниетті оқушыларға тиісінше жағдай жасап отыр.
Біз діни білімнің алғышартын алуға ұмтылған жас талаптармен, теологтармен, сондай-ақ облыстың бас имамымен сұхбаттасып, жазғы ерекше лагерь жұмысының жай-жапсарымен танысқан едік.

900-ден астам бала Құран әліппесін үйренді
Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлының айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен жыл сайын өткізілетін «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы — ең алдымен каникулдағы балалардың уақытын тиімді өткізіп, рухани білім алуына бағытталған. Жылдағы үрдіске сай аталған жоба Ақтөбе қаласында ғана емес, Байғанин, Алға, Шалқар, Мұғалжар, Хромтау, Мәртөк, Темір аудандық мешіттерінде жалғасын тапты. Жалпы бұл — жаз айларында еліміздің түкпір-түкпірінде өтетін дәстүрлі ерекше лагерь.
Мұнда балаларға әдеп, ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді тәлімі мол қасиеттер туралы дәрістер беріліп, дастархан батасы, ас ішер алдындағы дұға, Құран әліппесі үйретіледі.
— Курста «Мұсылман бала қандай болу керек?» деген мақсатта сабақтар өткізіледі. Кейін мешіттегі ұстаздардан дәріс алуды жалғастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені бұл жерде тек діни сауат берілмейді, түрлі тақырыптағы танымдық-тәрбие сабақтары ұйымдастырылады. Жастар күн ұзағына телефонға телміргенше, бір уақыт Құран жаттап, шариғат туралы таным-түсінігін молайтса, бұның ешкімге зияны жоқ. Ең бастысы, біз үйреткен Құран әліппесі мен әдеп аясындағы дәрістерді ұмытып кетпей, балалар үй жағдайында қайталап, күнделікті өмірде іске асырса деген тілегіміз бар, — деген Серікжан Еншібайұлы облыстағы осындай сауат ашу курстарына ортақ іс-жоспар бекітілгенін, барлығы сол бойынша сабақ жүргізетінін атап өтті. Тек әрқайсысының мәдени бағдарлама мен ас-ауқатпен қамтылуы жағынан өзгешелік бар екен.
Айталық, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұловпен сұхбаттасқанымызда, жоғарыда аталған діни мекемеде курстың ақысыз екенін, шәкірттерге түскі ас қоса берілетінін білдік.
— Биыл оныншы рет қолға алынған сауат ашу курсына барушылар жылма-жыл көбею үстінде. Мысалы, былтыр облыс бойынша 750 бала қатысса, осы жылда олардың саны 900-ден асты.
Біздегі жазғы лагерьге 7-15 жас аралығындағы ұл-қыз қатыса алады. Ер балалар мен қыздар бөлек оқытылады. Ұзақтығы — 15 күн. Түскі астан бөлек, оқушылар зерікпесін деп мәдени-спорттық бағдарламасын қоса қамтимыз. Таңғы сағат 10-нан кешкі 5-ке дейін кезек бойынша 3-4 ұстаз сабақ береді.
Бұл ретте өңірде 68 мешіттің барын, әрқайсысында арнаулы курстың өз тәртібімен ұйымдастырылатынын айта кеткен ләзім. Мәселен, кейбірінде түскі ас жоқ. Ақылы негізде оқытатын мешіттер де бар.
Биылдыққа «Нұр Ғасыр» мешітінің өзінде алғашқы кезеңде 83 шәкірт (40 ұл, 43 қыз бала) ілім алса, ІІ кезеңде 79 шәкірт (40 ұл, 39 қыз), ал соңғы кезеңде 70 шәкірт (40 ұл, 30 қыз) курсты тәмамдады. Яғни 45 күнде тек бір мешітте «Имани жаз – 2022» сауат ашу курсы бойынша 234 шәкірт тәлім алды деген сөз. Соңында қатысушыларға діни сауат ашу курсын тәмамдағанын айғақтайтын сертификат табысталды, — дейді дін өкілі Нұрбол Смағұлов.
Ата-бабамыз ұстанып келе жатқан мұсылман қағидалары басшылыққа алынып, дәстүрлі діни жөн-жоралғылар үйретілетін курста орын саны шектеулі. Мешіт қызметкерлеріне баланың ата-анасы алдын ала қолхат жазып, туу туралы куәліктің көшірмесін қалдыру керек. Осы материалды жазу барысында биылға қатысушылардың тізімі әлдеқашан жасақталып қойылғанын, сол үшін ата-аналардың ертерек қамдану керектігіне көз жеткіздік.

 

«Ата-аналарды әдеп тақырыбындағы сабақтарымыз қызықтырады»

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Елмұрат Мырзабаев жаз айларында бірнеше топқа сабақ бергенін, қатысушылар арасында, әсіресе, ер балалардың көптігін атап өтті:
— Әу баста әр топта 20 баладан болады деп ойлағанбыз. Онымен сұраныс көп болғандықтан, бала саны екі есе көбейді. Аптасына 6 күн сабақта дұға-баталар, әдеп, көркем мінез, жақсылық туралы уағыздар айтылады. Курс барысында «Құран», «Ислам әдебі», «Пайғамбарлар қиссасы», «Алланың 99 есімі», «Күнделікті дұғалар» сынды дәрістер өтті. Бір қуантарлығы, балалардың ынтасы жақсы, көрсем-білсем дейді. Берілген тапсырманы тез жаттап алады, ол жағынан қиындық жоқ. Біз де оларды жалықтырып алмайық деп оқу барысын күніне 3 сағаттан асырмаймыз.
Исламда бала тәрбиесіне ерекше мән берілгені белгілі. Болашақты бағдарлау ұл-қызымызға дұрыс тәрбие беруден басталатынын ұмытпаған ата-аналар дәйім бәрін қадағалап отырады. «Әдеп туралы сабақты көбірек өткізсеңіз» деген тілегін жеткізіп жатады. Өйткені қазір кім-кімнің де қолы тие бермейді, бәрінің жұмысы көп. Осы тараптан келгенде, жазғы медресе типтес курстың жеткіншектерге берері мол, — деді.

Шәкірттер не дейді?

 

Мағжан ҚУАНЖАНҰЛЫ,
10 жаста:

— «Нұр Ғасыр» мешітінің жанынан ашылған сауат ашу лагеріне келгеніме қуаныштымын. Мұнда көп достар таптым. Ағайым да жақсы, бізге барлығын асықпай үйретеді. Түсінбеген жеріміз болса қайталаудан жалықпайды. Осы курстың арқасында араб тіліндегі әріптерді, көптеген батаны білдім. Күн сайын 2 батадан жаттадық. Қатысқаныма өкінбеймін.

 

Таслима АЛМАҒАМБЕТОВА,
8 жаста:

— Маусым айының басында облыстық орталық мешіттегі жазғы сауат ашу курсында дәріс алдым. Сабақта арабша әріптерді дұрыс оқуды үйреніп, Алланың 99 есімін, намаздағы толық дұғаларды жаттадық. Сондай-ақ дәретті қалай алу керектігін үйрендік. Мұнымен бірге, «Ұлы дала таңы» атты тарихи фильмді көріп, саябақта серуендедік. Маған қатты ұнады. Бізге сабақ берген ұстаздарымыз — Мәриям мен Әсем апайларға да бірден үйренісіп кеттім.
Жазғы демалыстың 15 күнінде осы курсқа қатысып, білмегенімді үйренгенім жақсы болды деп есептеймін.

P.S. Ресми деректерге сүйенсек, биылғы маусым-шілде айларында облыста «Имани жаз — 2022» жазғы сауат ашу курсын 912 оқушы тәмамдаған. Бұрынғыдай емес, ауыл-аймақта да діни білім алуға ықылас білдіретіндердің саны едәуір артқанын айта кету керек. Ең бастысы, теолог мамандар ата-аналар баласын осындай курсқа берерде мешіттің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми тіркеуінен өткен-өтпегенін тексеруді ұмытпауға шақырады. Өйткені Әл-Фарабише айтсақ: «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың хас жауы»…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button