Денсаулық

Ауру айтып келмейді

  • Денсаулық

Тырысқақ (холера)  — аса қауіпті жұқпалы ауру. Ол антропонозды инфекциялар тобына жатады.

Аурудың көзі — ауру адам және вибриотасымалдаушы. Ауру лас ауызсу, тағам өнімдері арқылы, сондай-ақ жуылмаған көкөністер мен жеміс-жидектерді қолданғанда, көлге, өзенге суға түсіп шомылғанда балық, шаян, бақалар арқылы жұғады. Бұл аурумен, көбінесе, балалар, егде жастағы адамдар, тамақтануы нашар, ішімдікке тәуелді, асқазанның, ішектің созылмалы ауруы бар, анемияның кейбір түрлерінен зардап шегетін науқастар ауырады.

Ауру жаз, күз айларында көп тіркеледі. Себебі адамдар көп мөлшерде су қолданғаннан асқазан сөліндегі тұз қышқылының концентрациясы азаяды. Жасырын кезең 4-5 күнге созылады. Ауру жедел басталады. Клиникалық белгісі: түнгі мезгілде сұйық іш өту мазалайды. Нәжісі сулы, лайлы, ақ түсті күріш қайнатпасы тәрізді болады. 24 сағаттан кейін құсу басталады. Құсық күріш қайнатпасына ұқсайды. Іш он ретке дейін өтуі мүмкін. Ауыздың шырыштық қабығы құрғайды. Іш ауруы сезімсіз. Ауру өршіген кезде дене қызуы 35,34,33-ке дейін түседі. Қан қысымы төмендейді. Аяқ-қол, тізе бұлшық еттері тырысып тартылады, ентігу мазалайды, өкпенің дем алуы нашарлайды. Адамның бетінің жиегі үшкірленеді, көзінің алмасы ішіне кіріп, даусы әлсіз, баяу шығады. Екі бүйректің жұмысы істен шығып, ауруы асқынған кезде, науқас есінен танып, көп жағдайда комадан өліп кетеді.

Алдын алу шаралары: көкөніс, жеміс-жидектерді қайнаған суға жуып, тамақты дайындар алдында әжетханадан шыққанда қолды сабынмен жуып, сондай-ақ көлге, өзенге суға түскенде тазалық сақтау қажет. Ал асқазанның, ішектің созылмалы ауруымен, анемиясы бар, иммунитеті төмен науқастар дәрігердің бақылауында болып, уақтылы ем алуы керек. Қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу керек, ал сүтті ішер алдында қайнату қажет. Егер де құсу, іш өту сияқты шағымдар болған жағдайда шұғыл түрде дәрігердің көмегіне жүгінсе, науқастанған адам аурудан тез жазылады. Егер науқас Африка, Азия, Латын Америкасынан келген адамдармен қарым-қатынаста болған жағдайда емдеу орталығының мамандарына ескертуге тиіс.

С.Инисова,
Мұғалжар аудандық ауруханасының дәрігері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button