Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Көше атаулары — көрнекті тұлғаларға

  • Ономастика

Облыстық ономастикалық комиссия отырысында жеті ауданнан 36 көше атауы бойынша ұсыныстар қаралды.

Әйтеке би, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл, Шалқар және Хромтау аудандары әкімдерінің орынбасарлары бейнебайланыс режимінде жергілікті тұрғындардың ұсыныстарымен бөлісті. Мәселен, Темірбек Жүргенов және Саралжын селоларының тұрғындары  өздері тұратын мекендегі бір көшеге Қайрат Рысқұлбеков есімін беруді қалайды. Біріншісінде желтоқсаншы есімі атаусыз көшеге, екіншісінде бұған дейінгі Мектеп аталған көшеге берілсе дейді. Сондай-ақ Ойыл ауданында Саралжын селосының тұрғындары Кеңес көшесін Әжібай би атауымен өзгертуге ұсыныстарын білдіреді. Осыған ұқсас ұсыныс ақшатаулықтар тарапынан да түскен.

Күн тәртібіне қойылған мәселеде мұғалжарлықтар белсенділік танытуда. Бұл ауданнан ономастикалық комиссияға он бір өтініш түссе, хромтаулықтар тоғыз ұсыныс білдіріп отыр. Кеншілер қаласының тұрғындары Новая, Заготзерно, Переездная, Подстанция, Элеватор, Асфальтная, Подхоз секілді қандай да бір идеологиялық мәні жоқ, мағыналары ескірген бірқатар шеткі көшелердің атауларын жаңартқысы келеді.

Комиссия мүшелері әрбір ұсынысқа байланысты өз пікірлерін білдірді, жаңа идея айтушылар да болды, сонымен бірге кейбір ұсыныстарды тағы да бір сараптамадан өткізу қажеттігі білдірілді.

— Біздің қабылдаған шешімдеріміздің тарихи мәні болмақшы, сондықтан да ұсыныстарды әбден ой елегінен өткізіп, байыпты қабылдағанымыз жөн,— деп атап көрсетті облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жиын барысында.

Отырыста танымал тіл маманы, көрнекті лингвист, жерлесіміз Рабиға Сыздықованың атына көше беру жайыда айтылды.

Ж.КӨШЕРБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button