Жаңалықтар

Бауырластар-3 енді Байқадам деп аталады

  • Мәслихат

Ақтөбе қаласындағы 21 тұрғын үй алабы және 36 көше атауларын өзгертті. Бауырластар-3 бұдан былай Байқадам деп аталады. Комсомол көшесі Баян батырға жол берді.

Ақтөбе қалалық мәслихатының кезектен тыс ХVІІІ сессиясында көше атауларын өзгерту және жергілікті өзін-өзі басқару аумақтық кеңестерін құру туралы мәселелеріне қатысты бірқатар түйінді шешімдер қабылданды.

Бірінші мәселе бойынша қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова баяндама жасады. Ол атауларын өзгерту ұсынылып отырған тұрғын үй алаптары мен көшелер жайына тоқталды. Бұл тақырып бұған дейін салалық комиссиялардың мәжілістерінде қаралып, қоғамдық тыңдаулар талқылауында болған. Азаматтық белсенділердің көпшілігі ұсыныстарды қолдаумен бірге, жаңа өзгерістердің бастамашысы да болып отыр.

Жиын барысында атап көрсетілгендей, атауларды өзгерту екі мақсатты көздейді. Біріншіден, соңғы уақытқа дейін бізде мағынасы ескірген немесе идеологиямызға сәйкес келе бермейтін көшелер орын алып келді. Мысалы, Снайперская, Родников, Комсомол, тағы басқа атаулар бүгінгі буын үшін не түсінік береді? Олардың орнына Бұқар жырау, Баян батыр, Нәби Жақсыбаев секілді тарихымызға тән, елдің елеулі тұлғалары есімдерін жаңғырту жарасымды емес пе?! Сондай-ақ жаңа көшелер қатарында Айгөлек, Спортшылар, Сарышолақ, Өлке және басқа атаулар өмірге енді. Бұған дейін атаусыз болып келген тұрғын үй алаптарына Сарайшық, Ақсу, Байқоныс, Аймекен секілді атаулар берілді.

Көшелерге атау берудің тағы бір маңызды жағы бар. Қазіргі уақытта жаңадан салынған үйлерді табу әлеуметтік қызмет көрсету адамдарына қиынға соғып отыр. Нақты үй болғанымен, интернеті іздестіруде олар белгіленбеген. Соның салдарынан әсіресе, жедел жәрдем көліктері қымбат уақыттарын жоғалтып, сырқат адамның мекенжайын ұзақ іздеп қалады.

— Қаланың әкімшілік-аумақтық бірліктерін және оның құрамдас бөліктерін атау бойынша материалдарды жинақтау және зерттеу жөніндегі жұмыс тобы келіп түскен жүздеген ұсыныстарды талдаудан өткізді. Мен осы топтың мүшесі ретінде қаланың Алматы және Астана аудандарында қоғамдық тыңдау өткізуді ұйымдастыруға қатыстым. Атауларды өзгертуді жиынға қатысушылардың басым көпшілігі қолдады. Тұрғындар қоғамда танымал адамдардың — ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің, батыр-билердің, сондай-ақ тарихи, географиялық атаулардың ескерілуін қалайды. Өздеріңіз байқап жүргендей, қалада тұрғын үй алаптары жыл сайын көбейіп келеді. Бұрыннан бар атаулар  «1, 2 , 3…» сияқты сандардың қосылуымен қайталана бастады. Маған бекітілген учаскеде белгіленген жобада Бауырластар-3 атауын — Байқадам, Бауырластар-5 атауын Көкжиде деп өзгерту ұсынылған болатын, мұны жергілікті тұрғындар қолдады, — деп атап көрсетті Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Амантай Үмбетай.

Жалпы алғанда, халық қалаулылары 21 тұрғын үй алабы мен 36 көше атауының өзгертілуін қолдады.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша қала әкімі аппаратының жетекшісі Нұрсұлтан Есембайұлы сөз алды.

— Ақтөбе қаласы аумағында жергілікті өзін-өзі басқарудың 38 аумақтық кеңесі құрылатын болады. Ережеге сәйкес, оның құрамына азаматтық белсенділер, мүлік меншік иелері бірлестігі, жай серіктестік төрағалары, білім беру ұйымдарының жетекшілері, кәсіпкерлер, учаскелік полицейлер мен депутаттар кіреді, — деп түсіндірді ол «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен түзетулер туралы айта келіп.

Жаңадан құрылатын аумақтық кеңестердің басқосуы белгілі бір уақытқа жоспарланып, өтіп тұратын болады, оған ауданның немесе қаланың әкімі қатыса алады. Орган өз учаскелеріндегі проблемаларды жедел шешуді мақсат тұтады.

Бұл мәселеге қатысты ұсынысқа қалалық мәслихаттың депутаттары қолдау білдірді, өйткені жергілікті атқарушы билік осы жаңашылдық арқылы қоғамдық көмекшілерге ие болмақшы. Бұрын ескеруге мүмкіндік болмай келген көптеген уақ мәселелер енді аумақтық кеңестердің бақылауында болмақшы.

Асхат ҚАЛЖАНОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button