Жаңалықтар

Жаңа мамандықты жылдам үйренеді

  • Кәсіп

Ақтөбе қаласындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы «Знание Актобе» оқу орталығымен шарт жасасып, әйелдерді шаштараздық іске және бет әрлеу негіздеріне үйрететін тегін курстар ұйымдастырды.

Тегін курстарға Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Орталықтың мақсатты аудиториясы арасында сауалнама аясында іріктелген 15 тыңдаушы қатысты. Жоба қатысушыларына оқу орталығының жоғары білікті мамандары дәріс оқыды. «Атамекен» ӨКП директоры Дана Бекбауова оқу орталыққа барып, тыңдаушылармен әңгімелесті.

— Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасына қатысып, оларды оқытуға өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. Әрі бұл үлкен жауапкершілік. Егер олардың әрқайсысы алған білімдерін тәжірибеде қолданып, кейіннен өз ісін ұйымдастырса, одан да жақсы болар еді, — дейді оқу орталығының жетекшісі Айымқұл Жәдігерова.

Сабақ бес күн бойы орталық базасында өтті. Соңында курс тыңдаушылары тест тапсырмаларына жауап беріп, қорытындысы бойынша оларға тиісті сертификаттар табысталды.

— Орталық құрылғаннан бері әйелдер арасында мамандық таңдау бойынша сауалнама жүргізілді. Олардың пікірлерін ескере отырып, оқыту бағдарламасы әзірленді. Бұл курстар 18 шілдеде басталды. Облыс аудандары мен Ақтөбе қаласынан 15 әйел қамтылды. Олардың арасында ісін жаңа бастаған, жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, сондай-ақ өз ісін ашуға ынталылар да бар. Бұған дейін кондитерлікке оқыту курсын ұйымдастырдық. Енді жыл соңына дейін тігін бағыты бойынша оқытуды жоспарлап отырмыз, —  деді Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Ләззат Жаманқұлова.

Жыл соңына дейін түрлі мамандықтарға бейінді оқыту курстары ұйымдастырылып, 50-ден астам әйел қамтылатын болады. Өтініш білдіргендердің әрқайсысымен тәлімгерлер және кәсіби ментор, Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Күлпаршын Айдарханова жұмыс істейді.

— Бейіндік оқыту курстары ақтөбелік әйелдерге өз идеяларын жүзеге асыруға, біліктілігін арттыруға, жұмыс істеп тұрған бизнесті қайта форматтауға көмектеседі. Жыл соңында жаңа идеяларды іске асырудың алғашқы елеулі нәтижелері пайда болатынына сенімдіміз. Палата сарапшылары осы бағытта Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына жан-жақты көмек көрсетуде, — деп атап өтті ӨКП адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Айнұр Баймұратова.

Бүгінгі күнге дейін орталықтан 290 ақтөбелік әйел кеңес алған. Орталық «Атамекен» өңірлік палатасының жанында орналасқан.

— Мен сұлулық индустриясы саласында жұмыс істеймін, бірақ алғаш рет тегін оқуға мүмкіндік алдым. Өздеріңіз білетіндей, мұндай курстар қымбат. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына алғыс айтамын, ол жерге мен кеңес алу үшін барып, сауалнама толтырдым. Алдағы уақытта өз ісімді ұйымдастырып, отбасылық бизнесті дамытқым келеді. Осы орайда тәжірибелі мамандардан алған дәрістер көмектеседі деп ойлаймын, — дейді курсқа қатысушы Ұлпан Әкімова.

Ақтөбедегі Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы биыл наурыз айында Ұлттық экономика министрлігінің «Ынтымақтастық Қоры» серіктестігі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП аясында ашылды. Бастама Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асырады.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button