Мәдениет

36 жас өнер көрсетті

  • Гала-концерт

«The Planet of ART-2022» Халықаралық фестивалінің музыкалық циклі финалының үлкен гала-концерті өтті. 20 жылдан астам уақыт өтіп келе жатқан фестивальға Қазақстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей елдерінен 12-17 жас аралығындағы үш мыңға жуық өнерлі жас қатысты. Клуб өкілдері түрлі аймаққа барып, дарынды жастарды іріктеп алды.

Әр елдегі өнерпаздар арасында топ жарған 36 дарынды жас Ақтөбедегі Өнер орталығында өткен гала-концертте өнер көрсетті.

Бұл фестиваль Ақтөбе қаласында бірінші рет өткізіліп отыр. Оған дейін Елорда және Алматыда өтті. Қатысушылар аспапты, хореографиялық және вокал үйірмелері, яғни үш номинация бойынша өнер көрсетті.

Фестиваль қатысушыларын Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының Федерациясының президенті Болат Ақшолақов тікелей бейнебайланыс арқылы құттықтады.

— «Thе Planet of ART» халықаралық фестивалінің Ақтөбе қаласында бірінші рет өткізіліп отырған концертіне қош келдіңіздер. Гала-концерттің өтуіне атсалысқан Ақтөбе облысының әкімдігі мен ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Біздің білікті мамандар балаларға бар білгенін үйретті деп сенемін. Балалардың болашағы жарқын болсын, — деді Болат Ақшолақов.

Байқауға Ақтөбенің намысын қорғап қатысып жатқан А.Жұбанов колледжінің оқушысы Ксения Серидовамен тілдескен болатынбыз:

— Менің жасым 16-да. Ахмет Жұбанов колледжінде баян үйірмесінде оқимын. 7 жасымнан баян ойнаймын. «Бах», «Моцарт», «Золоторев» шығармаларын орындай аламын. Соңғы кезеңнен өткен кезде қобалжу болды. Оқуымды аяқтаған соң Алматыдағы консерваторияға оқуға түскім келеді. Музыка — менің өмірім, —  дейді ол.

Фестивальге Алматы қаласынан қатысқан Нұрсұлтан Нөкен:

— Алматы қаласынан келіп отырмын. 11-сыныпты аяқтадым. Өнер академиясының біріне түсуді жоспарлап отырмын. 6-сыныптан  бастап домбыра тартамын. Бұл жолы вокал номинациясы бойынша қатысып өз бағымды сынап көрейін деп келдім, — дейді.

Дарынды жастардың ішінен Орал қаласынан қатысып отырған Полина Серминамен де сөйлескен едік:

— Үлкен сахнаға алғаш рет шыққалы тұрмын. Біздің мұғалімдер жақсы адамдар. Бар білгенімен бөлісіп көмегін аямайды. Мен үйірмелерге қатыспай өзім үйрендім. Домбыра тартамын, ән, терме орындаймын. Бүгінгі сахнада вокал номинациясы бойынша қатысып жатқан Нұрсұлтанмен бірге ән айтамын, — дейді Полина.

Шара соңы ЮНЕСКО клубтарының әнұранымен аяқталды.

Дина АМАНГЕЛДИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button