Ауыл

Түлкібайдың бақшасы

  • Ауыл — ел бесігі

Шалқарлық Түлкібай Жасақбаев ауылдастарына еңбекқорлығымен танылған жан. Мамандығы — ветеринар. Бірақ оның қолынан бәрі келеді. Қай істің де ұтырын білетін ол мамандығы бойынша аудандық ветеринариялық зертханада қызметте жүріп, қосымша жұмыстар атқарып, табыс табудан танған емес. Үй де салды, сауда да істеді. Оның ұстанымы — тынымсыз еңбек ету.

Алпысты алқымдап қалған Түлкібай әлі ширақ. Қолынан кетпені түскен жоқ. Бейнеттен қашпайтын ол  биыл Шалқар ауылдық округіне қарасты «Ақжол» шаруа қожалығының қыстағы Табынқазғанға бақша салды.  Қазір бақшасы жайқалып, түйнектері пісіп қалған. Қыстақ аудан орталығынан 80 шақырым жерде. Бірақ Түлкібай жолды алыссынбай аптаның екі күн демалысында осы жерден табылады. Қасына бастауыш сыныпта оқитын Ерен және Бек атты екі ұлын ертіп алады. Қос ұлын жазғы демалыста еңбекке баулып жүр.

Оның ойынша бабын білсең бақша өспейтін жер жоқ.

«Ақжол» шаруа қожалығына бас-көз болып отырған жездем Орынбасар Жұбаев екеуміздің осылай далалыққа егуде тәжірибеміз бар.  Ертеректе, Кеңес үкіметінің кезінде  Молалы Бақтыбай деген жерге егіп,  бұлақтан суарып,  мол бау-бақша өнімін алғанбыз. Биыл да сол Орынбасар жездем ой салып,  біраз жерді қоршап,  су жинайтын цистерналарды жоғары көтеріп,  оған ұңғымалы құдықтан су жинап,  бау-бақша  егуді қолға алдым.  Жалпы бау-бақша егуді әкем Мұхит пен шешем Сарадан үйрендім.  Ол кезде Шалқар көлінің жағасына картоп, басқа да дақылдар салатынбыз, бала болсам да сол кезде ол кісілердің егу әдісіне зер салып жүретінмін, — дейді ол.

Түлкібайдың бақшасында  картоп,  қызанақ,  тәтті бұрыш,  асқабақ, сәбіз, баклажан,  жуа, қырыққабат тағы басқа да дақылдар бар.  Шығымы жақсы.  Бақша иесінің айтуынша, әуелі үйдің қамбасын бақша өніміне толтырып алғаннан кейін артылғанын сатады. Мал көп жерде, әсіресе шаруа қожалықтарында  бау-бақша егу қиынның қиыны. Өйткені, сиыр малы бақшаға өш келеді. Қоршаудың есігі ашық қалып немесе бұзып кірсе, бірнеше айғы еңбек бір-ақ күнде еш кетуі мүмкін.

Түлкібай бұл жағын да ескеріпті.

Біз оның бәрін ойластырдық,  малдың бәрі жайлауға шығып кеткеннен кейін арнайы қыстаққа егуіміздің де себебі сол, — дейді.

Қазір Табынқазғанның қыстауы Түлкібайдың бақшасымен жайқалып тұр.

Түлкібай Жасақбаев желтоқсан оқиғасының куәгері. Институтта оқып жүргенде желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына қамалады. Сол күндері қанша  азаптаса да өзіне тағылған жалған айыптарды мойындамаған. Кейін ақталып, жоғарғы оқу орнын аяқтайды. Ол қазір қайсарлығын күннің ыстық аптабында, шалғайдағы шаруа қожалығына барып, еңбекпен дәлеледеп жүр…

Қыдыралы ӘЛИН,
Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button