Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Суға кеткен… суағар салады

  • Қала

Осы көктемде су тасқынының салдарынан облыс аумағын айтпағанда, Ақтөбе қаласындағы біраз үйдің зардап шеккені белгілі. Баспанасы судың астында қалған ақтөбеліктердің арасында әлі күнге дейін биліктен көмек сұрап жүргендер аз емес.
Бейсенбі күні Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров табиғаттың тосын құбылысымен күрестің қалай жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ аталған мәселеге тап болған тұрғындардың жай-күйі жөнінде айтып берді.

Айталық, қазіргі таңда Мағажан орман шаруашылығы маңында (Жібек жолы тұрғын алабы) су өткізетін бетон құбырлары орнатылып жатыр. Мұндағы мақсат — тұрғын үйлерді қызыл судан «арашалау». Осы тектес жобалар Думан, Құршасай, Ақжар-2, Сазды елді мекендерінде, саяжайларда жүргізілу үстінде.

— Қыс мезгілінің соңында ауа райының күрт жылынуынан даланың суы қалаға ағып, сәуір айында 146-үй суға кетті. Төтенше жағдай жарияланған соң зардап шеккен отбасылардың шығынын толығымен өтеп бердік. Сондай-ақ қор арқылы адам басына 100 мың теңгеден берілді. Әзірге құжаты жоқ 20-дан астам үй қолдауға ие болған жоқ. Оларға демеушілер тарапынан көмек көрсетіледі.

Жалпы, су тасқынына қарсы күреске қалалық бюджеттен 330 миллион теңге бөлінді. Осы сәтте жоспарланған жұмыстардың 40 пайызы орындалды. Қазан айына дейін барлығын аяқтау көзделген. Соның ішіне су өткізетін бетон құбырларын орнату, суағарлар жүйесін жөндеу, көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары кіреді, — дейді Асхат Шахаров.

Қала әкімі Қарғалы тұрғын үй алабының Бейбітшілік көшесінің бойында орналасқан көпірді қалпына келтіру жұмысымен де танысты. Көктем айларында бұл жерді су басып, көпірге едәуір зақым келген-ді. Абырой болғанда байырғы құрылыс нысаны тасқынға шыдас берді… Енді соны жөндеу үшін бюджеттен 28 миллион теңге қарастырылған. Мұндағы құрылыс 15 тамызға дейін аяқталады деп күтілуде.

— Мерзімі жағынан нақты талап жоқ, тек жұмысты сапалы орындасаңыздар болды. Сондықтан бәрін өз деңгейіне сай жасаңыздар. Тұрғындар уақытша қиындықтарға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Өз кезегінде құзіретті орган мамандары жұмыстарыңызды жіті қадағалайды, мен де назарымнан тыс қалдырмаймын. Егер кемшіліктер анықталса қатаң шаралар қолданатын боламыз, сол қаперлеріңізде жүрсін,  — деп ескертті А.Шахаров.

Қала әкімі баспасөз қызметінен білгеніміздей, қазіргі таңда шаһар аумағындағы 20 тұрғын үй алабы мен бау-бақша ұжымдарында топырақпен қоршау, су бұру каналдарын ұйымдастыру, құбырлар төсеу және өзен жағалауын ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге Айболит, Домбыра бау-бақша ұжымдарындағы көпірлер жөнделу үстінде. Соңғысы күзге салым аяқталмақ.

Ресми деректерге сүйенсек,  көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындар тарапынан «шұғыл желіге» 1600 қоңырау түскен. Аталған кезеңде арнайы штаб мүшелері техниканың көмегімен барлығы 168,8 мың текше метр суды сорып алып, 25 мың текше метрден астам инертті материалдар әкелініпті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button