Білім

Ел намысын қорғаған Санжар

  • Бәрекелді

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Санжар Хамитов халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанып, ел намысын қорғады. Бұл — еліміздің тарихындағы қазақстандықтар еншілеген екінші алтын медаль.

Географиядан халықаралық олимпиадада (IGeO-2022) Ұлттық құрама қоржынына екі медаль салынды. Оның бірі — алтын, бірі — қола. Қола жүлдені шымкенттік Еркебұлан Тазабек еншілеген.

Биыл зияткерлік жарыстарды Франция мемлекеті ұйымдастырды. Білім бәйгесінде әлемнің 54 елінен 216 оқушы бақ сынады. Олар жазбаша, мультимедиалық тестілеу және картографиялық бейнелеу тапсырмаларын орындапты.

География пәнінен халықаралық олимпиадаға бір рет болса да қатысқым келді. Сол себепті 9-сыныптан бері тынбай дайындалдым. Жарысқа әзірленгім келмеген, қатысқым келмеген кездер де болды. Жеңімпаз атанғанымды естігенде сенер-сенбесімді білмедім. Жеңіске жетуімнің құпиясы — үздіксіз іздену, табандылық, — дейді Санжар Хамитов.

Оған жарысқа дайындалуға былтыр халықаралық олимпиадада ел тарихында алғаш рет алтын медаль алған Рустам Валеев көмектесіпті.

Биылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдауға ие болады. Ел абыройын асқақтатқан дарынды балаларды құттықтаған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов: «Оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда жетістіктерімен бізді қуантуды жалғасытырып келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша қомақты ақшалай сыйақы төлеу және отандық ЖОО-ына ҰБТ тапсырмай-ақ қабылдау қарастырылып отыр. Алтын медаль алған оқушыға шамамен 4,5 млн теңге, күміс медальға 3 млн теңгеден астам, қола медальға 1,5 млн теңгеден астам сыйақы беріледі. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады, — деп жазды әлеуметтік желісіндегі жазбасында.

Гүлжан Базылқызы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button