Басты жаңалықтарМәдениет

«Алақай»: жаңарған ғимарат, бірегей фестиваль

  • Театр

Республикамыздағы  6 облыстық қуыршақ театрының бірі — біздің «Алақай». Өнер айдынында өзіндік орны бар театрдың балалар көзайымына айналып жүргеніне де 37 жылдан асты. Театр шымылдығы алғаш ашылған 1985 жылдан бастап бүгінге дейін 80-ге жуық қойылым қойған ұжым — шетелдік фестивальдерге ең көп шығатын театрлардың бірі. Осы аралықта 45-тен астам халықаралық фестивальдің лауреаты, дипломанты атанды. Сербия, Грекия, Болгария, Ресей, Тәжікстан, Грузия және тағы басқа елдерде өткен театр фестивальдерінде өз өнерімен көрерменін тәнті етіп жүр. Сондай-ақ көптеген қуыршақ театрлары асыға күтетін халықаралық «Ассалаумағалейкум!» фестивалінің ұйымдастырушысы.
Биыл ғимараты жаңарған «Алақай» қуыршақ театрының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы директоры Әсия Құрманалинамен әңгімелескен едік.

 

— Ұзақ жылдардан кейін «Алақай» қуыршақ театрының ғимараты күрделі жөндеуден өткенін білеміз. Қасбеті, сырты өзгеріпті. Ішінде не жаңарды? Не өзгерді?

— Біздің театр ғимараты 1956 жылы Құрылысшылар Мәдениет үйі болып ашылған, содан бері қарай бұл жерде күрделі жөндеу бірінші рет жасалып отыр. Жөндеу жұмыстары қала күні қарсаңында аяқталып, 1 маусым — халықаралық балаларды қорғау күнінде «Ер Төстік» ертегісінің тұсаукесері өткізіліп, кішкентай көрермендерімен қайта қауыштық. Күрделі жөндеу жұмыстары аясында ғимараттың қасбеті, шатыры, есік-терезелері түгел жаңарды. Жылыту жүйесі толығымен алмастырылып, су құбырлары мен кәріз жүйелері жаңартылды. Маңындағы аумақтар да абаттандырылды. Сондай-ақ бейне бақылау және автоматты өрт сөндіру жүйесі, желдеткіш жүйесі, жаңа музыкалық, жарық және дыбыс жазатын құрылғылар орнатылды. Гримдеу бөлмесі жаңа жиһаздармен  жабдықталды. Жаңадан музыкалық аппаратуралар алынғасын, өзіміздің музыка студиямызды аштық. Театр музейіне де жаңа жиһаздар алынды. Қазір сол музейдің жұмыстарын жасап жатырмыз.

— Енді жақсы акустикасы бар ғимаратта өнермен айналысуға мүмкіндік туды дейсіз ғой. Қойылым дайындаудағы жұмыс барысы туралы айтып беріңізші. Бір спектакльді сахналауға қанша уақыт кетеді?

— Әрине, қуыршақ театрында көзге көріне бермейтін мамандардың еңбегі зор. Бір қойылымды қою барысын баяндап берейін. Әуелі балаларға арналған қойылым сценарийлерімен әдебиет бөлім меңгерушісі танысып шығады. Ең үздік сценарийлерді іріктеп алып, директор мен актерлерге таныстырады. Жаңа қойылым талданып болған соң, сол қойылымды қоюға лайықты режиссер тағайындалады. Режиссер әр шығармашылық топпен жұмыс атқарады. Ең бірінші сценографиялық жұмыс басталып, режиссер бутафор суретшілер арқылы қуыршақтар мен сахна безендіру бөлшектерінің эскизін тағайындайды. Эскиздер дайын болған соң бутафор цехына тапсырылып, қуыршақтар мен безендіру бөлшектері құрастырылады. Режиссер қойылымның әуенін әрлеу үшін композиторлармен бірігіп, қажетті музыкаларды таңдайды. Актерлер қойылым сценарийімен оқу (читка) арқылы дайындық жасап, өз кейіпкерін зерттеп, рөліне енеді. Қуыршақтар мен безендіру бөлшектері дайын болып, керекті қойылым әуендері таңдалған соң қызу дайындық басталады. Безендіру бөлшектері сахнаға құрылып, актерлер қолына қуыршақ ұстаған соң, режиссер жарық беру цехының қызметкерлерімен жұмыс жасайды. Сахнаға қай тұстан, қай қуыршаққа, қай актерге қалай жарық түсу керектігі белгіленеді. Актерлер енді жарық, әуен арқылы дайындық жасап, өз кейіпкерінің образына енеді. Режиссер түзетулер арқылы кейіпкердің образын аша түсіп, барынша көрерменге жеткізуге тырысады. Дайындық жұмыстары күн сайын атқарылып, екі апта көлемінде қойылым бастан-аяқ дайын болады. Бірақ, көрерменге жол тартпас бұрын театрдың көркемдік шығармашылық тобының алдында көрсетілім болады. Көркемдік шығармашылық топ өз пікірлерін білдіріп, қойылымды бекітеді. Ары қарай көрермен бойынша менеджерлер қойылымды мектептерге, мектепке дейінгі ұйымдарға, ата-аналарға жарнамалап, көрермен жинайды. Бір қойылым премьерасы осылайша барлық ұжымның атсалысуымен өтеді.

— Көрермен сахнадан қуыршақтарды ғана көреді, оның артында қаншама адамның еңбегі тұр. Бүгінгі ұжым құрамы қандай?

— Қазіргі таңда өнер ордасында 60-қа жуық қызметкер штаттық режимде жұмыс жасайды. Актерлер, жарық берушілер, музыка мамандары, әкімшілік және есеп бөліміндегі қызметкерлер, бутафор цехының шеберлері, әдебиет бөлімінің және театрдағы кіші қызметкерлер — барлығы да әр қойылымның сахнаға шыққанға дейінгі процесіне қатысады. Театр штатында 11 актер қызмет етеді. Нұрат Мұратов, Гүлнар Баймағанбетова, Ләззат Сүлеймен 30 жылға жуық уақыт осы қуыршақ театрына еңбек сіңіріп келеді. Ал Гаухар Оралбай, Жанар Молдашевалардың өзі 15 жылдан бері осы жерде еңбек етіп жүр. Олардың ізін қуып келе жатқандар — Даулет Балапанов, Әлішер Орынбасаров, Дәурен Рысбеков, Райымгүл Хабибуллина.
Зарина Әскербек пен Гүлжайна Бақытова ортамызға жаңадан қосылған мамандар.
Әлия Салитова мен Роза Балғалиқызы декреттік демалыста. Актерлардың жұмыс кестесі өте тығыз. Түске дейін көбіне мектепке дейінгі ұйымдарда балалармен кездесіп, қойылымдар көрсетеді. Түстен кейінгі уақытта сейсенбі-сәрсенбі күндері сахналық шеберлік сағаттарын өтсе, бейсенбі-жұма күндері вокал сабағынан дәріс алады. Сенбі-жексенбі күндері театр сахнасында орыс және қазақ тілінде қойылымдар қояды. Ал дүйсенбіде демалады. Театрдың музыка бөлімінде үш қызметкер еңбек етеді. Атап айтсақ, Ержан Баймұқанов, Естай Накешов, Болатбек Қаужимов әр қойылымды әуенмен әрлейді, қойылым кезінде дыбыс беру құрылғысында отырады, жұмыстан тыс уақыттарда жаңа қойылымдардың музыкасын жазады, өңдейді. Театрдың жарық беру цехында Асхат Табылдинов жұмыс істейді.

— Театрдағы қуыршақтарды кімдер жасайды? Әлде дайын түрін сатып аласыздар ма?

— Облыста ғана емес, елімізде қуыршақ жасайтын мамандар жоқтың қасы. Театрымызда шеберхана және тігін цехы жұмыс істейді. Сол жерде ұзақ жылдардан бері суретші-бутафор болып келе жатқан Варвара Табачкова бастаған Индира Жұмабаева, Татьяна Никитенко, Айтілеу Мамырбаев, Айнұр Сейдаметова секілді шеберлер әрбір спектакльдің декорациясын, костюмдерін, қуыршақтарын өздері жасайды. Олардың қатарына биыл жас маман суретші-дизайнер Дана Ержанова қосылды.

 

— Балалар жылында кішкентай көрерменді қандай қойылымдармен қуантып жатырсыздар?

— Биыл театр репертуары екі жаңа қойылыммен — режиссер Гаухар Оралбайдың Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз-Көктем» және қазақ-халық ертегісі желісімен сахналанған режиссер Райымгүл Хабибуллинаның «Ер Төстік» спектакльдерімен толықты.
Айтпақшы, біздің «Алақай» қуыршақ театрының ұйымдастыруымен 2018 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан облыстық «ЕркеТеатрAqtobe» балалар театр фестивалі де — өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқан үлкен іс-шара.
Алғашқы жылы 130-дан астам бүлдіршін өнер көрсетсе, биыл 300-ге жуық бала қатысты. «ЕркеТеатрAqtobe» фестивалі театр ұжымдары мен білім беру мекемелері арасында шығармашылық байланысты дамытуда үлкен рөл атқарады.
Сонымен қатар «Алақай» қуыршақ театрында кішкентай бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге арналған театр үйірмесі жұмыс жасайды. Болашақ кішкентай жұлдыздарды сахна тілі бойынша репетитор Ольга Юдина дайындайды. Актерлер де белгілі уақыттарда үйірме мүшелеріне қуыршақпен жұмыс және сахна тілі бойынша мастер-класстар өткізеді.

— «Алақайлықтардың» биылғы жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз…

— Биыл театр ұжымы Ақмола облысы Көкшетау қаласында өткен «TeArtКөкше» театр фестивалінде режиссер А.Зайцевтің «Собака» қойылымын қойып, «Суретшінің ең үздік жұмысы» номинациясын иеленіп қайтты. Түркістан қаласында өткен Ақтөбе мәдениет күндерінің он күндігі аясында «Жадыра-Көктем, жайна достар» қойылымымен өнер көрсетті. Осы шілде айында театр ұжымы Грузияның Озургетти қаласында өтіп жатқан Нодар Думбадзе атындағы Халықаралық фестивалінде «Ит» қойылымын жұртшылыққа ұсынды. Бүкіл декорация мен қуыршақтар Ресей шекарасынан Грузияға өте алмағандықтан қойылым фестиваль бағдарламасынан шығып қалу қаупі болды. Бірақ режиссер Антон Зайцев тығырықтан жол тауып, қойылымның перфоманстық үлгісін ұсынды. Қойылымның видеосын экран арқылы көрсетіп, бүкіл дыбыстық сүйемелдеуін актерлер жанды дауыспен жеткізді. Сахнаның екі жағында орналасып, адамдар мен иттің дауыстары мен деміне дейін, енді оянған ауылдың, жәрмеңкенің, зеңбіректің, тағы басқа дыбыстарды жеткізуінің арқасында жансыз видеоға жан бітіріп, Думбадзе шығармасының атмосферасын нақты бере алды. Грузия елінің көрермені мен әр елден келген эксперттер эмоциялық қуаты зор болған қойылымды өте жақсы қабылдап, көз жасын бір сығып алды. Фестивальдің арт-директоры Васо Чигогидзе театрды келесі фестивальге бірден шақырып, «қуыршақтарыңызды чемоданға салып әкеліңіздер, декорацияны біз өзіміз жасап береміз» деп уәде берді. Ал театр сыншылары Лаша Чхартишвили мен Мака Васадзе сахна өнеріне жаңа бағыт, жанр келгенін айтып өтті. «Алақай» театры тек қана облыстың ғана емес, еліміздің абыройын түсірмей, қайта мерейін өсірді.

— Алдағы жоспар қандай?

— Биыл қыркүйек айында халықаралық «Ассалаумағалейкүм!» фестивалін алтыншы рет өткіземіз. «Ассалаумағалейкүм!» — еліміздегі қуыршақ театрларына арналған жалғыз фестиваль. Екі жылда бір рет ұйымдастырылады. 2020 жылы пандемияның кесірінен өткізе алмадық. Қазірдің өзінде Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзіміздің елдің қуыршақ театрларынан фестивальға қатысуға өтініштер түсті. Халықаралық фестивальда жас ұрпақ өзге халықтардың мәдениетімен танысады, әріптестер бір-бірімен өзара байланыс орнатады. Көрші мемлекеттерден театр ұжымдарының бізге келуі — үлкен жауапкершілік. Оған дейін ғимаратымызды күрделі жөндеуден өткізіп алдық, енді музей жәдігерлерін жинап, орналастырып алсақ дейміз. Ендігі мақсат — осы фестивальді сәнімен, абыройлы өткізу.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button