Басты жаңалықтарӘлеумет

Халық табысын арттырудың бір жолы

Былтыр облыста «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен халықтың табысын арттыру мақсатында «Бастау Бизнес» курстары қарқынды түрде жүргізілді. Осы жобаның арқасында биыл жеке кәсібін ашқан ақтөбеліктердің саны артып отыр. Біз солардың бірқатарымен тілдескен едік…

 

Назгүлдің өз мектебі бар

Бүгінде хромтаулық жас Назгүл Беграхимованың оқыту орталығы бар. Үш тілді қатар меңгерген жас қыз осындай жетістікке «Бастау Бизнес» жобасының арқасында жетіп отыр. Олай дейтініміз, Назгүл былтыр «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, 583 мың теңге грант ұтып алыпты. Алған қаржысына қажетті оқулықтар, компьютер, басқа да құрал-жабдықтар сатып алған. Сондай-ақ «Atameken Aktobe» микроқаржы ұйымынан 5 жылға 15,5 млн теңге несие рәсімдеген.
— Бұл қаржыға оқыту орталығын аштым. Қазір орталықта үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Орталыққа 5 жастағы балалардан бастап, тіл үйренгісі келетін барлық азаматтарды қабылдаймыз. Күніне бір сағаттан, аптасына үш рет педагогтарымыз білім алушыларға сабақ өткізеді. Әр топта 6 адамнан бар. Тіл үйрену курсының бағасы айына балаларға — 9 мың теңге, ал ересектерге — 15 мың теңге. Қазір ересектер арасында ағылшын тілін үйренгісі келетіндер көп. Көбі жұмысқа қажет екенін айтады. Жалпы орталықта білім алғысы келетіндерге барлық жағдай жасалған, — дейді ол.
«High school» аталатын оқыту орталығы Ақтөбе қаласындағы Қаныш Сәтбаев көшесінде орналасқан. Жаңа, заманауи үлгіде жабдықталған шағын орталықта қазір жазғы демалысқа қарамай, балалар қосымша білім алып, тіл үйреніп жатыр. Мұнда 1-сыныпқа баратын оқушыларды екі тілде дайындайтын курстар да бар. Сондай-ақ қосымша білім алғысы келетіндерге де педагогтар арнайы курстар өткізеді.
Менің мақсатым — балалардың ағылшын тілінде еркін сөйлеуі үшін барлық жағдайды жасау, оларға жан-жақты білім беру. Бұл салада тәжірибемда аз емес. Оқу орнында жүргенде Түркия, Үндістан, сондай-ақ Америка елдерінде іс-тәжірибеден өттім. Бұл елдерде тіл курстарын өткізу үшін көп білім алдым. Енді бар білгенімді балаларға үйретіп жүрмін. «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, осындай жетістікке жеткеніме қуаныштымын. Сол үшін «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына ерекше алғысымды айтамын, — дейді Назгүл.

 

Қарғаштың тігін цехы

«Бастау Бизнес» жобасына қатысып, биыл өзінің тігін цехын ашқан Қарғаш Қойшыбаева бүгінде ұлттық киімдер мен қыз жасауына тапсырыс қабылдайды.
Отбасын, оқу мен бизнесті қатар ұштастыра білген көпбалалы ана осы жоба аясында 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант ұтып алған. Сол қаржысына тігін цехын ашқан ол қазір төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Кейде оған қыздары да көмектеседі екен.
Сауда орталығының ғимаратынан жалға орын алған. Қолынан шыққан бұйымдары мен жасауларын өз бутигінде сатады. Оның қолынан шыққан бұйымдар 15 мың теңгеден басталады. Қолөнерші қажетті материалдарды Шымкент, Түркістан қалаларынан алдырады екен.
— Менің мақсатым — соңғы кезде ұмыт болып бара жатқан қолөнер саласын дамытып, балаларыма үйрету, жастарға насихаттау, сондай-ақ өзім сияқты аналарды, қыз-келіншектерді кәсіпкерлікке тарту. Қазір осы мақсатта аудандарға шығып, шеберлік сағаттарын өткізіп жүрмін. Тігіншілікке бейім жастарға білгенімді тегін үйретіп жүрмін, — дейді ол.
Қарғаш Қойшыбаеваның қолдауымен «Бастау Бизнес» курсын тәмамдағандардың бірі — Алмагүл Отаралина. Ол қазір тігінші болып жұмыс істейді.
Жиырма жыл бойы күйеуіме көмектесу үшін әртүрлі жұмыс жасадым. Алайда табысым 60 мың теңгеге жетпейтін еді. Биыл «Бастау Бизнес» курсын оқыдым. Бізге Қарғаш Қойшыбаева тігіншіліктен шеберлік сабағын өткізді. Қазір осы курстың арқасында үйде өз бетімше тігіншілікпен айналысамын, тұрақты табысым бар. Барлық құрал-жабдықтарды «Еңбек» бағдарламасы аясында грант қаражатына сатып алдым. Еңбек еткен, оқыған адам түбінде зейнетін көреді екен, — дейді Алмагүл Отаралина.

Қамқорлық пен қолдау

Кәсіпкерлік саласына әр адам әртүрлі жағдайда келеді. Мәселен, Әлия Өмірзақованы көпшілік әлеуметтік кәсіпкер ретінде таниды. Себебі ол бұл салаға отбасылық жағдайына байланысты келіпті.
Бұған дейін көп жыл мұнай-газ саласында есепші болып жұмыс істеген Әлия Өмірзақова қызына көмектесу үшін логопедия саласына ауысқан. Бүгінде кәсіби логопед-дефектолог, психолог болып отырған ол Ақтөбе қаласында педагогикалық түзету орталығын ашты.
— Менің қызым кішкентайынан дұрыс сөйлей алмады. Біз мұның аутизм екенін түсінбедік. Тілі кеш шығады деп ойладық. Алайда басқа балалармен салыстырғанда, бірқатар ауытқушылық бар екенін аңғардым. Содан іздене бастадым. Қызымды түсіну үшін түрлі бағытты зерттей келіп, психология саласын таңдадым. Қазір мен үшін ең басты мотивация немесе ынталандыру — бұл өмір сүру ғана емес, қоғамға пайдалы болу. Ең болмағанда, бір отбасына, бір балаға көмектессем, менің өмірім текке өтіп жатқан жоқ деп есептеймін. Қазір қызым 17 жаста, ол — менің басты мотиваторым. Егер ол болмағанда, мен бұл салаға келмес едім. Мүмкін қазіргідей ерекше балаларға қамқорлық көрсетпес пе едім?! Мүмкін басқа салада табысты кәсіпкер болар ма едім? – дейді Әлия Өмірзақова.
Әлия Өмірзақова Қазақстанда, Ресейде (Башқұртстан), Израильде білім алған. Ол ерекше балаларды емдеу үшін  түрлі әдістемелерді меңгерген, құрал-жабдықтар сатып әкелген, білікті дәрігерлермен байланыс орнатқан.
Мен алғаш церебральды сал ауруына шалдыққан балалармен жұмыс істей бастадым. Егер осындай балаларға көмектесе алсам, онда сөйлеу жағынан дамымаған балалармен де жұмыс істей алатыныма сендім. Қазір орталықта екі жасқа дейінгі балаларды қабылдап, ем жүргіземін.
Айта кету керек, қазіргі таңда көптеген орталық мамандары мұндай балаларды үш жастан бастап қабылдайды. Негізі медицинада баланы мейлінше кішкентай кезінен бастап емдесе, оларға түрлі әдістемелер қолданса, нәтижесі де ертерек көрінеді. Бұл балаға да, ата-анаға да тиімді, — дейді Әлия.
Қазір Әлия Өмірзақова екі орталықта, атап айтсақ, «Логоритм» педагогикалық түзету орталығы мен «Білім векторы» оқу орталығында жұмыс істейді. Сондай-ақ кәсіпкер бірнеше ай бұрын ғана «Альфия» атты балабақша ашты. Бұл жерге барлық балалар қабылданады.
— Бір кездері сөйлеу қабілеті бұзылған немесе қозғалу жағынан тежелген балалар сәтті емнен кейін басқа балалар сияқты қалыпты жағдайда өмір сүре алады. Яғни, ол үшін көп еңбектену қажет және соған сену керек. Мәселен, мұндай тәжірибе Израиль елінде өте жақсы дамыған. Дәл осындай әдістерді біздің қаламызда да дамытуға бар күшімді салып жүрмін, — дейді Әлия Өмірзақова.
Әлия ерекше емді қажет ететін балаларға жан-жақты қолдау көрсетуде еш аянып қалмайды. Ол бүгінге дейін қолдау көрсеткен балалардың санын өзі де білмейді.
Әлияның айтуынша, соңғы жылдары облыста ерекше балаларға барынша қолдау көрсету мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы, ата-аналар уақытында ізденуі керек.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button