Ауыл

Велосипедпен саяхатқа шыққан зейнеткер

67 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны Рашид Ахметжанов жалғыз өзі велосипедпен облысты шарлап жүрген саяхатшы. Бүгінде өңіріміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді аралауды бастаған кейіпкерімізден саяхатының ерекшелігі мен қиындығы туралы сұрап көрген едік.

Спорттың маңыздылығын ұғындырумен қатар, өлке тарихын насихаттаушы Рашид Ахметжанов Ойыл ауданында дүниеге келген. Жақында ол туған жеріне саяхаттап келді.

— Әлемді шарлаудың түрлі әдістері бар. Саяхатқа көпшілігі ұшақпен, пойызбен, көлікпен шығып, велосаяхаттың артықшылығын біле бермейді. Қос дөңгелекті темір көлігіммен қыр-асып, таулардан өтіп, көңілім қалаған жерге шатырымды тігіп жіберіп, демалып аламын. Мұның барлығы бастапқыда қиын болып көрінгенімен, уақыт өте келе бой үйренеді. Адам бұл арқылы қиындықтарға төтеп беріп, шыңдалады, өзін-өзі тәрбиелейді.

Мақсатым еліміздің киелі жерлерін танып-біліп, оны жас ұрпаққа кеңі­нен насихаттау. Бір мезгіл сары да­ланың саф ауасымен терең тыныс­тап, жастарға салауатты өмір салтын ұстанудың денсаулық үшін маңызды екенін ұғындыру, — дейді ол.

Велосаяхатшының сапары Қобда ауданынан басталған. Алдымен Қобда ауданының Жиренқопа ауылында орналасқан Қобыланды мемориалдық кешеніне барып, тарихымен жіті танысты. Әрі қарай туған жеріне жол тартып, ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев ауылына барды. Онда сынықшы Сүлеймен Қарабалаұлы түнек үйінің шырақшысы Саламат Шаңғалаұлымен бірге құран бағыштады. Келесі күні аудан орталығына келіп, музей жанынан құралған өлкетанушылар клубының мүшесі Мәлік Мәмедовпен кездесті. Елге деген сағынышын басқан азамат Ойылдың бірқатар тарихи-мәдени орындарын, Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарын аралады.

Велосипед — мен үшін саяхаттауға ең қолайлы көлік түрі. Себебі осы серігіммен келе жатып, табиғатқа етене жақын екеніңді сезесің. Тұмса табиғаттың өзіне тән ерекшелігі мен сырын жақынырақ сезінуге,оның жұпар иісін құшырлана жұтуға мүмкіндік аласың. Айта берсең, жақсы жақтары өте көп.

Сапарға өзіммен бірге азық-түлік, дәрі-дәрмек және жолға қажетті құрал-жабдықтарымды салып аламын. Спорттық үлгідегі велосипедім аяққа артық күш түсірмейді, асфальтқа арналған, — дейді ол.

Ойыл аудандық музейінің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев саяхатшыны қарсы алып, музей қорындағы тарихи ескерткіштерге арналған маршруттық жол картасын табыстады. Маршруттық жол бағытына байланысты саяхатшы әрі қарай Темір ауданына жол тартты.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button