Ауыл

Екпеталда футбол алаңы ашылды

Ойыл ауданында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді.

Соңғы жылдары мемлекеттік қаражат есебінен, сондай-ақ іскер азаматтардың да ұйытқы болуымен ауылдық жерлерде спорттық нысандар бой көтеріп, халық игілігіне беріліп жатыр. Солардың бірі — Екпетал елді мекенінде заманауи үлгіде салынған шағын футбол алаңы. Футбол алаңының құрылысына жергілікті бюджеттен 7 миллион теңге қаржы бөлініп, екі аптаның ішінде бой көтерді.

Жасанды төсенішпен жасақталған шағын футбол алаңының ұзындығы — 36 метр, ені — 16 метр. 648 шаршы метр алаңды алып жатқан спорт алаңына футбол қақпасы, волейбол, баскетбол торлары да қойылған.

Жақында футбол алаңы салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев екпеталдықтарды қуаныштарымен құттықтады. Ауданда футболды дамыту мәселесіне көп көңіл бөлініп келе жатқанын жеткізіп, соның нәтижесінде жас футболшылар республикалық турнирлерде аудан намысын абыроймен қорғап жүргендерін айтты. Әрі қарай сөз алған ауыл тұрғыны, спорт саласының ардагері Нұрлан Бисенбин тұрғындар атынан ыстық ықыласын жеткізіп, ақ батасын берді. Елге тарту етілген спорт алаңын жақсы күйде ұстау ендігі жерде ауылдықтардың міндеті екенін жеткізді.

Салтанатты шара соңы шағын футболдан ауыл жастарының жолдастық турниріне ұласты.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button