АуылБасты жаңалықтар

«Ауыл — ел бесігі» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

Біздің облыста «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ былтырдан биылға жалғасқан 6 ғимараттың құрылысы да осы мемлекеттік жоба аясындағы шаруа.
Бұл бағдарламаның басты мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жалпы Қазақстанда 6,5 мыңға жуық ауыл бар. Онда 7,7 миллионнан астам адам тұрады (еліміздегі халықтың 42 пайызы). Жоба аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының өркениет игіліктері мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндеттерді шешу жоспарланған. Осы мақсатта ең алдымен қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл — ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізіледі. 2025 жылға дейін елімізде 5,5 миллионнан астам адам тұратын 1,8 мың ауылдық елді мекен жаңғыртылатын болады.
Жобаны іске асырудың 4 тетігі қарастырылған. Бірінші кезекте тірек ауылдық елді мекендер іріктеліп, олардың даму әлеуетіне және қазіргі экономикалық жағдайына талдау жасау негізінде, осы ауылдарда іске асырылатын жобалар қоса қамтылатын болады. Екіншісі, өңірлік стандарттарға сай келетін Жол картасын әзірлеу. Үшінші кезекте, тиісті мемлекеттік органдар мен Amanat партиясы жобалардың жүзеге асырылуын бақылайды. Төртіншісі, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы тұрғындарға тұрақты түрде ақпарат беріліп отырады.
Біз «Ауыл — ел бесігі жобасы» аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы құзырлы мекеме қызметкерлерімен сөйлескен едік. Сонымен…

 

21 ғимарат салынып жатыр

«Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылды көркейту мақсатында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған жобаның арқасында шалғай елді мекендерде көптеген әлеуметтік нысан салынып, ел игілігі үшін пайдалануға берілуде. Мысалы, былтыр тек осы жоба  аясында 15 ғимарат салынды. Олардың арасында денешынықтыру-сауықтыру кешені, мектеп спорт залы, дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт, мәдениет саласының мекемесі де бар. Бұл мақсаттағы жұмыстар үшін бюджеттен 1 миллиард 400 миллион теңгеге жуық ақша бөлінген болатын. Биыл қаржыландыру көлемі 3 есеге жуық артып отыр. Яғни ауылды гүлдендіру үшін 4 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылды. Қазір 21 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның алтауы былтырдан биылға жалғасқан құрылыстар болса, қалған 15-і жаңа жоба. Оның 3-еуі дәрігерлік амбулатория, қалғандары ангар типті спорт кешендері. Айта кету керек, соңғы жылдары біздің облыста спорт ғимараттары көп салынуда. Бұл жастарға, жалпы тұрғындарға спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын сақтауға мүмкіндік береді. Қазір Ойыл ауданының Берсиев ауылында, Хромтаудағы Бөгетсайда ангар типтес спорт кешендері  еңсе көтеруде. Сондай-ақ кейбір аудандарда қос-қостан салынады. Мысалы Алғаның Үшқұдық және Бестамағында, Қарғалының Петропавловкасы мен Қосестектегінде, Әйтеке би ауданының Құмқұдығы мен Қарабұтағында, Мұғалжардың Сағашилісі мен Ақкемерінде заман талабына сай спорт ғимараттары салынып жатыр, — дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарамасы басшысының орынбасары Аслан Байқазақұлы.

 

Ажары артқан ауыл

Ауылдың мәселесі көп. Мәселен, еліміздегі ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Инженерлік желілерінің де тозығы жеткен.
«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы осы мәселелерді шешуге бағытталып отыр. Соның арқасында ауылдар абаттанып, ажарланып жатыр. Мысалы, Алға ауданының тек бір ғана Самбай ауылының өзінде бірнеше жоба бойынша жұмыстар жасалуда. Нақтырақ айтсақ, шағын ғана ауылдың 6 көшесі жөнделіп жатыр. Балалар алаңы, спорт алаңы, дәрігерлік амбулатория да осы мемлекеттік бағдарламаның шарапатымен салынады.
Ауылда жалпы 7 көше бар. Қазір Ахметкерей, Абай, Жамбыл, Молдағұлова, Сейфуллин, Ақсарай көшелерінің жолдары жөнделуде. Бұл мақсаттағы жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттерден 200 миллион теңгеге  жуық қаржы бөлініп отыр. Жолдардың жалпы ұзындығы — 2 мың шақырымнан асады. Мердігер мекеме — «Орхан Иншат» серіктестігі.
Сондай-ақ ауылда дәрігерлік амбулатория салынады. Бұл құрылысқа жауапты мекеме — «Мұнай құрылыс» серіктестігі. Жобаның жалпы құны — 115 миллион теңге. Биыл ауылда балалар ойын алаңы, спорт алаңы да салынады. Сөйтіп, ауылымыз гүлденіп, жаңарып қалатын болды, — дейді Самбай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ақтоты Жұбанова.
Оның айтуынша, ауылдың болашағы зор. Мұндағы халық көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Әр үйге орталықтандырылған таза ауызсу құбырлары тартылған. Көшелер самаладай жарық. Жалпы аталған ауылда 162 түтін бар.
Айта кету керек, биыл «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Алға ауданының 4 ауылында қарқынды жұмыстар жүргізіледі.

 

Бағдарламаның шарапаты

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін мұғалжарлықтар да көруде. Биыл бұл ауданда 9 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында Ақкемер ауылы да жаңармақ. Мұнда дәрігерлік амбулатория мен ангар типті спорт кешені салынуда. Сондай-ақ ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Жұрын ауылының да Мәдениет үйі жаңарады. Аудандық ішкі сасат бөлімнің басшысы Ерік Бұхарбаевтың айтуынша, қазір Мәдениет үйінің төбесі толық ауыстырылды. Жаңадан электр желілері тартылып, көрермендер залы, кітапхана, үйірмелерге арналған кабинеттер жөнделуде. Бұл жобаға жауапты мердігер мекеме «Шаңырақ» ЖШС жұмысты тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Қазір бұл ауылдағы Жұбанов, Құнанбаев, Жанқожа батыр, Құрманалин көшелерінің жолдары жөнделіп жатыр.
Шалғайдағы Ырғыз ауданында «Ауыл ел — бесігі» жобасы бойынша 3 жоба жүзеге аспақ. Аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыраман Аманжолдың айтуынша, ауданда екі балабақша жаңартылады.
Наурыз айынан бастап Құрылыс ауылындағы «Балдаурен» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсаттағы жұмыстар үшін ұлттық қордан 58 миллион 202 мың теңге, облыстық бюджеттен 6 миллион 467 мың теңге бөлінді. Мердігер мекеме — «АймарСтройСервис» серіктестігі жөндеу жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтауға уәде беріп отыр, — дейді Бақыраман Аманжол.
Бұл білім мекемесінің ғимараты 1972 жылы салынған. Жөндеу жұмыстарының арқасында нысанның жылу жүйелері, су құбырлары толықтай жаңармақ. Сондай-ақ ішкі қабырғалары әрленіп, едендері де ауыстырылады. Ғимарат сырты қапталып, жаңаша кейіпке енеді.
Ал Құтикөл ауылында екі әлеуметтік нысан жаңармақ. Бұл ауылдағы Аманкөл дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеу үшін ұлттық қордан 40 млн 145 мың теңге, облыстық бюджеттен 4 млн 461 мың теңге бөлініпті. Бұл жұмыс үшін де «АймарСтройСервис» ЖШС жауапты. Аталған ауылдағы «Айгөлек» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізу үшін де мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініпті. Ұлттық қордан қарастырылған қаражат — 134 млн 663 мың теңге, облыстық бюджеттен бөлінгені — 14 млн 963 мың теңге. Мердігер мекеме — «Мұнайқұрылыс» көпсалалы құрылыс фирмасы ЖШС жөндеу жұмыстарын қараша айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
«Ауыл — ел  бесігі» жобасы бойынша Шалқар ауданында да 3 жоба қолға алынған. Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қаниятовтың айтуынша, Бегімбет ауылында спорт кешені, Мөңке би ауылында 150 орындық Мәдениет үйі салынып жатыр. Сондай-ақ Тоғыз ауылдық округінде №7 мектептің жанындағы интернат ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуде.
«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Қобда ауданындағы Өтек негізгі мектебіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Қазір білім шаңырағының жылыту жүйесі толық ауыстырылды. Жоспарланған жұмыс барысында ғимараттың есіктері, терезелері, төбесі жаңартылмақ. Бүгінде жөндеу жұмыстарының 41 пайызы орындалған.
Мәртөк ауданындағы Полтавка мектебінде де тура осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Әйтеке би ауданындағы Тереңсай  және Үшқатты білім шаңырақтары да жаңартылуда. Ойылдағы Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебі де «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасының арқасында жөнделіп жатыр.

P.S. Облыстық білім басқармасының инфрақұрылымдық және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Ләззат Ордабаеваның айтуынша, «Ауыл — ел бесігі» жобасының аясында біздің өңірдің білім саласына республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініпті. Соның арқасында Әйтеке би, Байғанин, Шалқар, Ойыл, Ырғыз, Мәртөк, Қобда, Шалқар аудандарында жалпы 9 мекемеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Жоғарыда Байғанин ауданынан басқа аудандардағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы оқырманға хабардар еттік. Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыстар туралы айтудан бас тартты. Қанша рет хабарлассақ та, сонша рет хабарлама жазсақ та мемлекеттік бағдарлама туралы жақ ашпады. Мемлекет тарапынан ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы айтуға салғырттық, жауапсыздық танытты. Ал «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың төртінші алгоритмі — жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы тұрғындарға тұрақты түрде ақпарат беріп отыру. Ол ақпаратты аудан әкімі беруге тиісті емес пе? Өз ауданында болып жатқан игілікті істі жария етуге Қайрат Отаровтың неге енжарлық танытып отырғанын түсінбедік. Әлде аудан әкімі Үкімет тапсырмасын да, халықты да пысқырғысы келмегені ме?..

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button