Басты жаңалықтарМереке

Металлургтер марапатталды

  • Мереке

Биыл металлургтер күні кең көлемде атап өтілді. Ақтөбедегі мерекелік шара 3 күнге созылды. Алдымен 14 шілде күні Ақтөбе ферроқорытпа зауытының денешынықтыру-сауықтыру кешенінде металлургтерге арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды.

Мерекенің ең қызықты сәті — 15 шілде күні кешкілік Тұңғыш Президент атындағы саябақта болды.

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы келіп құттықтап, металлургтерді өз кәсібіне адал, төзімді, өндірісте шыңдалатын батыл маман иелері екенін айтты.

Бүгінде «Қазхром» «трансұлттық компаниясы» АҚ облыс экономикасы үшін маңызы зор. Өйткені, 12 мыңнан астам жұмысшысы бар өңірдегі ең ірі кәсіпорын. Елімізде өндірілетін хром рудасы мен хром концентратының 85 пайызы және ферроқорытпаның 40 пайызы шығарылуы өңірдің ғана емес, бүкіл елдің байлығы, мақтанышы. «Дөң» кен-байыту комбинатының 80 жылдық тарихы бар. Қазақстан қара металлургиясының тұңғышы болып саналатын Ақтөбе ферроқортпа зауыты  кәсіби мамандармен толығып, өндірістің көлемін ұлғайтып келеді. Қазіргі таңда жылына 500 мың тоннаға жуық ферроқортпа шығаратын Ақтөбе ферроқортпа зауыты әлемдегі ең үздік зауыттардың қатарына енді, — деген облыс басшысы металлургтерді Алғыс хатымен марапаттады.

Ардагер металлургтерге де арнайы құрмет көрсетіліп, «Қазхром» басшылығының сыйлықтарын алды.

Концертті көруге келген қала тұрғындарының қарасы көп болды. Өйткені, ақтөбелік металлургтердің құрметіне елімізге танымал өнер жұлдыздары шақырылды. Қазақ эстрадасының белгілі әншілері Нұрлан Абдуллин, Мәдина Сәдуақасова, Луина, The Jigits тобы және «Ұлытау» этно-рок-тобы  жанды дауыста ән шырқады. Сондай-ақ зауыттың өнерпаз қызметкерлері де «МетаLLюди» шоуында өнерлерін көрсетті.

Саябақтағы көңілді мерекенің соңы жастарға арналған би кешіне ұласты. Мерекелік кештің арнайы қонағы ТМД елдеріне танымал әртістердің бірі Jan Khalib  болды.

Мерекенің үшінші күні металлургтер күніне арналған Қазхром-дуатлон екінші қалалық спартакиадасымен жалғасты. Сайыстан түскен барлық қаражат қайырымдылыққа бағытталды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button