Пікір

Жастар — біздің ертеңіміз

  • Ұсыныс, пікір, талқылау

Әрбір ел, әрбір халық өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады.

Әр ұрпақтың пешенесіне әр қилы заман жазылады. ХХІ ғасыр — үлкен мүмкіндіктер уақыты. Бүгінгі ұрпақ осыны бағалай да білуі керек.

Жас ұрпақтың білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болып өсуі — ел дамуының кепілі. Қазақстанның болашағы қандай болатынын көп жағдайда жастардың білім деңгейіне, талабына қарап болжаймыз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Өңірдегі жұмыссыздық ішкі және сыртқы көші-қон үдерісіне байланысты күшейіп барады. Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек», — деді. Расымен де, жергілікті жерде жастарға жұмыс жоқ па? Әлде бұл «Жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейді» дегеннің кері ме?

Қазіргі жастар үшін ең басты мәселе — жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу. Бұл — қай өңірде де, соның ішінде біздің ауданымызда да бар мәселе. Әрине, еңбек етемін деген жанға жұмыс табылады. Алайда әркімнің өзі қалап, оқып, меңгеріп шыққан мамандығының жөні бөлек. Жастардың көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп, жүріп қалатынын да көзіміз көріп жүр. Сондықтан жастарды жұмыспен қамтамасыз ету жолында қазіргі білім жүйесін еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіру өте маңызды деп ойлаймын.

Қазіргі таңда ауданымызда жұмыссыз жастардың қатары азайып келеді. Жастардың бір жақсы жері — мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар, түрлі жобаларға құлағы түрік жүреді, өздеріне берілген мүмкіндікті пайдалануға ұмтылады. Дегенмен әлі де жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілген жоқ.

Бұл мәселеде Президент жұртты жұмыспен қамту ісіне қатысты тың тәсілдер қолдану қажеттігін айтты. Ал тың, жаңа ұсыныстар — баршамыз жұмыла іздейтін жол болса керек.

Темірлан МИРМАНОВ,
Алға аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button