БілімБасты жаңалықтар

Мектептердегі білім сапасы төмен бе?

  • Брифинг

Аттестаттау жүргізілген 69 білім беру ұйымының бірде-біреуі де мемлекеттік аттестациядан өткен жоқ. Былтыр берілген нұсқамадағы кемшіліктерді осы уақытқа дейін жоймаған облыстағы 3 мектептің ісі сотқа жіберілді. Мектептердегі білім сапасы төмен. Мұғалімдер арасында жанжал болған. Тәрбешілер баланы дұрыс қарамай, соның кесірінен баланың денсаулығына зиян тиіпті. Мұның бәрі — біздің облыстың білім саласында биыл І жартыжылдықта болған кемшіліктер мен заңбұзушылықтар. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің  басшысы Гүлнара Сәрсенғалиева айтты.

Департамент мамандары І жартыжылдықта 37 тексеріс жүргізіпті. Оның 28-і — өткен жылы жүргізілген профилактикалық бақылау бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы берілген  нұсқама талаптарының орындалуына жоспардан тыс тексеру. Қалғаны — арыз-шағымдар бойынша жоспардан тыс тексеру жұмыстары.

Үш мектепте —  Әйтеке би ауданындағы Әйке, Шалқар ауданындағы Шоқысу және Ақтөбе қаласындағы Сазды мектептерінде нұсқамадағы кемшіліктердің жойылмағандығы анықталып отыр. Нақтырақ айтқанда, мектепалды даярлық сыныбының құрал-жабдықтары, мультимедия кабинеті жоқ. Бастауыш сыныптың оқушылары үшін жеке пайдалануға арналған шкафтар әлі күнге дейін алынбаған. Сондай-ақ бұл мектептердегі физика, химия, биология кабинеттерінің зертханалары әлі толық жабдықталған жоқ. Біліктілігі сәйкес келмейтін педагогтер сабақ беріп жүр. Аталған білім беру мекемелеріндегі заңбұзушылықтар туралы іс-құжаттар сотқа жіберілді. Соттың шешімімен 255 есептік айлық көрсеткіш көлемінде (781 065 теңге) айыппұл салынды, — деді департамент басшысы.

Ал шағымдар бойынша жоспардан тыс тексеру өткізілген білім беру мекемелерінің алтауында заңбұзылушылықтар анықталған. Соған байланысты департамент тарапынан лауазымды тұлғаға 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (367 560 теңге) айыппұл салыныпты.

Тексеру барысында мектеп басшылығының оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда тиісті бақылау жүргізбейтіні анықталды. Сондай-ақ мектепте қолайсыз моральдық-психологиялық ахуал туғызу салдарынан мұғалімдер арасында жанжал болған. Тәрбиешілер тәрбиеленушіні дұрыс қарамаған. Соның салдарынан баланың денсаулығына зиян келтірілген, — деді Г.Сәрсенғалиева.

Мемлекеттік аттестатция қорытындысында 69 білім беру ұйымының бірде біреуі аттестациядан өтпепті. Оның 38-і — балабақша, 28-і — мектеп, 3-еуі — колледж. Әсіресе, маман емес мамандар көп. Яғни дипломдағы біліктілігіне сәйкес келмейтін пәндерден сабақ беретін мұғалімдер жиі кездеседі. Кешенді тесілеу қорытындыларында 4, 9, 11-сынып оқушылары шекті пайыздан төмен ұпай алды. Бұл — мектептердің білім сапасы төмен деген сөз, — дейді департамент басшысы.

Білім беру, педагогикалық әдеп, педагогтердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша департаменттің сенім телефонына, әлеуметтік желілер мен чаттар арқылы облыс мұғалімдері мен ата-аналардан 61 сұрақ түскен. Бұл мәселелердің дені жалақы, жұмысқа қабылдау, 1-сыныпқа қабылдау, мектеп пен балабақшадағы тәрбие мен оқытуға қатысты болған. Темір ауданында мұғалімдердің еңбек демалысы мен емделу ақысының уақытылы берілмеуіне байланысты аудандық білім беру бөлімінің қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button