Жаңалықтар

Абысын тату болса…

  • Дәстүрге жол

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында «Дәстүрге жол» жобасы аясында тұңғыш рет республикалық «Абысын-ажын» байқауы өтті. Байқауда біздің өңірден барған Баршагүл Омарбекова мен Нағымкүл Ешмұратова «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды.

Осыған орай С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Салт-дәстүр — бабалар мұрасы» атты кездесу кешін өткізді.

Кешке аталған жобаның облыстағы төрағасы Нәзира Табылдинова, сондай-ақ Алмагүл Сарыбай, Жұмабике Қалиева, Роза Балдығарина, Шамшия Айжарықова сынды аналар мен аталған кітапхананың қызметкерлері және оқырмандар қатысты.

Шара барысында республикалық байқауда өз қабілеттері мен шығармашылық шеберліктерін көрсеткен жүлдегерлер алған әсерлерімен бөлісті. Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз бен ырым-тыйымдарымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, қазақ әйелінің ұлттық киім-кешектері, қыз бала тәрбиесі, отбасы сыйластығы жайлы тәрбиелік мәні бар әңгімелер өрбітті.

Келін болғанына жарты ғасырдан асқан Баршагүл Омарбекова салт-дәстүрлеріміздің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор екенін айтады.

— Байқауға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен келген қазақтың қолөнерін, мәдениеті мен әдетғұрпын ұстанатын аналар жиналды. Бір үйден, бір әулеттен бірнеше келін бір команда болып сайысқа түскендер де болды. Біздің өңірімізде де «Дәстүрге жол» жобасы аясында ұмыт болып бара жатқан қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттап келеміз.

«Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп бекер айтылмаса керек. Әулеттің  келіндері бір-бірімен тату-тәтті өмір сүрсе, бұл олардың енелері мен өмірлік серіктерінің абыройын одан сайын асқақтата түсері сөзсіз.

Біз ұрпағымызды дәстүрмен тәрбиелеуіміз керек, — дейді.

Сонымен қатар ақ жаулықты аналарымыз ұлттық тағамдарымыз — құрт, ірімшік, сарысу, тары, жарма туралы айтып, табақ тартудың түрлерін түсіндірді. Кездесу кешіне келген көрермендер сауалдарын қойып, өздеріне қажетті мағлұмат алды.

Шара барысында «Салт-дәстүр — асыл қазына» тақырыбында кітап көрмесі  ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button