Жаңалықтар

«Әр бала бәрімізге ортақ»

Отбасы

«Көпбалалы, жалғызбасты және ерекше бала бағып отырған аналармен жұмыс барысында, баланы басты назарда ұстау керек. Біз «әйелдермен жұмыс», «әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» дейміз, ал түпкі мақсат — бала. Өйткені, «кемедегінің жаны бір» дегендей, еліміздегі бала атаулы — бәрімізге ортақ. Әр баланың ертеңгі күні қоғамға басқалармен терезесі тең, еліне жанашыр азамат, білікті маман болып қосылуын ойлауымыз керек», — деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Нәзипа Шанаи.

Кеше облыс әкімдігінде ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі Нәзипа Шанаидың қатысуымен отырыс өтіп, облысымызда отбасы мен демографиялық саясатты қолдау, ана мен баланы қорғау, көпбалалы, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі аналар мен қыз-келіншектерді кәсіпкерлікке баулу, жұмысқа орналастыру мақсатымен жасалып жатқан жұмыстар талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, бірқатар мемлекеттік органдар басшылары, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты, сондай-ақ барлық аудандардағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың төрағалары онлайн форматта қатысып отырды.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова баяндама жасап, отбасын, ана мен баланы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатымен жасалып жатқан жұмыстардың негізі бағыты, нәтижелері, алға қойылған міндеттер туралы айтты. Мысалы, облыста әйелдер арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші — 4,2 пайыз. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Бүгінге дейін 5940 әйел тұрақты жұмысқа орналастырылыпты. 286 отбасының тұрғын үй алуына көмек көрсетілген. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, табысын арттыру мәселелерін шешуге облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенді араласып отырғаны атап айтылды. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі, т.б. ұйымдар көптеген қыз-келіншектердің жаңа мамандық алуына, кәсіп ашуына, өз ісін жолға қоюына ұйытқы болды.

— Біздің өңірдің кәсіпкер қыз-келіншектерінің басқаларға білгенін үйретіп, кәсіпке баулуға деген құлшыныстары, осы бағытта атқарған істері баршаға үлгі боларлық, — деді Бұлбұл Ораққызы.

Сонымен бірге тұрмыста зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектерді қолдау орталықтарының жұмысы, әкелер клубын құру, ер-азаматтардың жауапкершілігін арттыру, т.б. мәселелер қозғалды.

Жиында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Күлшат Масалимова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова, облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы Айгүл Дүйсенова, облыстық мәслихат депутаты Бақыт Жаншаева, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаевалар сөз сөйледі.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Нәзипа Шанаи өзінің сөзінде мемлекеттің отбасылық-демографиялық саясатын жүргізу, ана мен баланы қорғау, әйелдерге қолдау көрсету бағытында облысымызда жан-жақты жұмыстар жасалып жатқанын, бірақ соларды үйлестіру, жүйелеу жағын әлі де пысықтай түсу қажеттігін айтты. Өзінің жұмыс сапарының мақсаты жөнінде ол:

— 2019 жылы елімізде, көпбалалы, сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатымен «Бақытты отбасы» орталықтары құрылған болатын. Бүгінгі күні елімізде 35 осындай орталық бар. Біз соларды аралап, жасалып жатқан жұмыстармен танысып, үш жыл ішіндегі жұмыстарды қорытындылап, қай бағыттағы жұмыстарды өзгерту керектігі және жаңа бағыттар жөніндегі ұсыныстарымызды даярлаймыз. Әзірге жұмыстар, негізінен, үш бағытта жүргізіліп жатыр: психологиялық көмек; құқықтық-заңгерлік көмек және үшіншісі — әлеуметтендіру. Әр аймақтағы орталықтардың жұмысында айырмашылықтар бар, ізденістердің әрқилы екені байқалады. Бірқатар өңірде орталықтарға қазынадан ақша бөлінсе, екіншілері үкіметтік емес ұйымдардың көмегіне жүгінеді, — деді.

Ол балаға көбірек көңіл бөлінетін орталықтардың жұмысын үлгі етуді ұсынды:

— Мысалы, көпбалалы, жалғызбасты аналардың баланың күнделікті сабағын қадағалауға мүмкіндігі бола бермейді. Сабағы қадағалаусыз қалған бала оқу үлгерімі төмендеп, ертеңгі күні өмірден өз орнын таба алмауы мүмкін. Алматы қаласында 9 орталық бар, солардың бірінде біз осындай отбасылар балаларының сабағы да қадағаланатынын көрдік. Балалар үй тапсырмасын сол жерге келіп орындайды. Орталық басшысы өзіне өтінішпен келген әр отбасының балаларын тізімге алып, балабақшаға орналастыру керек пе не сабағына көмектесу керек пе деп, әр баланы назарда ұстауға тырысады екен. Бұл — үлкен жанашырлық, — деді Нәзипа Ыдырысқызы.

Іссапар барасында Нәзипа Шанаи Ақтөбедегі бірқатар орталықтарды аралады. «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік кешенінде ол отбасын сақтау, ажырасудың алдын алу мәселелерімен айналысып жүрген медиаторлармен кездесті.

— Ажырасудың себептерін анықтау мақсатымен жүргізілген зерттеулердің барысында еліміздің оңтүстік, батыс өңірлерінде ата-аналардың, яғни құда болған екі жақтың арасындағы салқындық себебінен ажырасып кететін отбасылар да бар екені анықталды. Сондықтан, некелесуге келгенде жастармен бірге, олардың ата-аналарымен де әңгімелесіп, екі жастың қалауын сыйлау, олардың арасына киіттесу, материалдық теңсіздік секілді мәселелерді араластырмау керектігін түсіндіру қажет, — деді медиаторлармен әңгімесінде.

Кездесу барысында сондай-ақ отбасын сақтау, тәрбие мәселелерінің жауапкершілігі бір жақты әйел адамға жүктелмеуі керектігі де айтылды.

— Біз ұл баланы да, қыз баланы да отбасы құндылықтарын қадірлеуге тәрбиелеуіміз керек. Бұл — халқымыздың ғасырлар бойы ұстанған жолы, — деді  Нәзипа Ыдырысқызы.

Осы күні ол «Аяла», «Мәлика», «Мейірім» орталықтарында, Қарғалы ауылындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында да болды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button