Жаңалықтар

Отандық өнім сауда орындарына кедергісіз шығарылса…

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ,
Ауған соғысы ардагерлері облыстық қауымдастығының төрағасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі бірқатар проблеманы айтып, Үкімет жұмысын «орташа» деп бағалады. Үш министрге сөгіс жариялады. Президент айтса айтқандай, елдегі қант тапшылығы, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа шығару, жол құрылысы саласында қордаланған мәселе көп.
Мемлекет басшысы еліміздегі бұрын іске қосылған 7 қант зауытының Алматы мен Жамбыл облыстарында тек төртеуінің жұмыс істеп тұрғанын, сондықтан біздің ел қант импортына 90 пайыз тәуелді екенін айтты. Сырттан жеткізушілер де қантты алған бағасына сата алмайды, содан қымбатшылық туындайды. Бағаны тұрақтандыру қоры арқылы тиімді бағада ұстап тұру қиын. Себебі қор жұмысы, қорға бөлінген бюджет тексерілмейді, қадағаланбайды.
Елде инфляция шарықтап кетті. Ең күрделі мәселе — осы. Екі жылдан бері елді пандемия әбігерге салса, енді қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр. Мәселен, қазір дүкенге кіріп-шықсаң, 10 мың теңгеге дым ала алмайсың. Күнбағыс майы, шай, картоп, сәбіз секілді күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы аспандап кетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға қатты әсер етіп тұр. Мемлекет басшысы да елімізде азық-түліктің кейбір түрінің бағасы бірден 80 пайызға қымбаттағанын айтып, инфляцияны тұрақтандыру қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар ел Президенті шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек екенін, сонда ғана олардың жұмысы жанданатынын айтты. Мысалы мал бағатын қожалық басшылары қалаға ет әкеліп сатқысы келеді. Олардың дені бірнеше малдың етін сауда орындарына кедергісіз тікелей шығару мүмкін еместігін айтады. Себебі олардың жолын аңдып жүрген делдалдар етті едәуір арзанға алып, өз бағасын қосып, сауда орындарына шығарады. Мәселен, ет павильонындағы бір келі еттің бағасы шамамен 2400-2500 теңге болса, қаншама бейнетпен баққан малын шаруа делдалдарға келісін 1600-1800 теңгеден өткізеді. Ал екі арада делдалдар болмай, сауда нүктелеріне етін бірден тапсырса, шаруаларға да әлдеқайда тиімді болар еді. Осы орайда Мемлекет басшысының: «Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл — өте маңызды мәселе. Сондай-ақ өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет», — деген сөзі көңілге медеу болды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button