Жаңалықтар

Қордаланған мәселелер шешімін табуы тиіс

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,
философия ғылымдарының кандидаты,
Қ.Жұбанов атындағы
Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары мемлекет, қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Әлемдегі ахуал күн сайын шиеленісіп жатыр. Геосаяси мәселелер төңірегіндегі ахуал экономикалық дағдарысты күшейте түсуде. Пандемияның, кейбір мемлекеттер арасындағы соғыстың, түрлі санкциялардың, табиғи апаттың салдарынан болған қиындықтар барлық мемлекетке үлкен салмақ түсіретіні анық. Кейбір елдерде азық-түлік тапшы. Біздің елімізде мұндай қиын жағдай болмайды деп айта аламын. Өйткені, іргелі шаруашылықтарымыз бар, мемлекетте азық-түлік қоры мол. Сол себепті ұн мен ет қат болмайды. Бірақ баға өсуі мүмкін. Соған қарамастан кейбір өнімдер бойынша сыртқа тәуелділікті азайту жоспарланып отыр. Мемлекет те, халық та осы өтпелі кезеңде үнемшіл, еңбекқор болуы қажет. Бұл — уақыт талабы.
Әлемдегі ахуал әзір тұрақтай қоймайды. Себебі соғыстың салдары көп. Көрші мемлекетке салынған санкциялардың тез арада шешілуі қиын. Сондықтан мемлекет халықтың жаңа табыс көздерін қалыптастыруға көңіл бөліп, сыртқы және ішкі миграцияны алдын ала бақылап, реттеп отыруы қажет. Кез келген әлеуметік ахуалға жайбарақат қарауға болмайды. Бұл бағытта жүргізіп отырған мемлекеттің ішкі саясатын халық түсінуі қажет деп есептеймін.
Экономиканың басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерінен пайда табуға негізделуі тиіс. Сонда сыртқа, көршіге тәуелділік азаяды. Бірақ бұған қол жеткізу үшін әркім шама шарқынша ерінбей, еңбек етуі керек. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы өңірлерге халықты көбірек шоғырландырған дұрыс. Президенттің ішкі миграцияны реттеуге қатысты берген тапсырмасынан осыны түсінеміз.
Мемлекет те, халық та күні бұрын тәуекелдерді реттеуге қабілетті болуға тиіс. Экономика, білім және медицина саласындағы қордаланған мәселелер әлі де елдік пен бірліктің, бәсекеге қабілеттіліктің, тіпті білімнің жетіспейтіндігін көрсетеді. Бұл жайбарақат уақытта білінбеуі мүмкін. Алайда әлемдік дағдарыспен ел экономикасы бет-бет келген қазіргідей тұста кез келген істе нәтиже мен сапаның талап етілетін анық. Ең басты нәрсе — адами капиталды күшейту. Бұл да мемлекет пен халықтың бірлескен жұмыстарының нәтижесінде шешіледі. Ата-бабамыз кешегі қиын заманда да дүниеге келген сәбиді дұрыс тәрбиелеп өсірген. Халық арасынан адамгершілігі жоғары, рухы биік көптеген тұлғалар шықты. Ал бүгінгі қоғам тұсында жас ұрпақ көрген зорлық-зомбылық, зәбір туралы естіп-білгенде әлі де болашақ алдындағы жауапкершілігімізге жете мән бермей отырғанымызды ұққандай боламыз. Барлық салада тәртіп күшейуі керек. Адами капитал жауапкершілік пен тәртіптің күштілігімен нығаяды.
Мемлекет Басшысы Үкімет отырысында құзырлы органдарға осындай қордаланған мәселелерді шешуді міндеттегені көпшілікті қуантып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button