Жаңалықтар

Ай жерге жақындаған түн

Ғарыш

Сәрсенбі күні түнде ақтөбеліктер Айдың ерекше құбылыстарын тамашалады. Бұл күні Жер серігімен байланысты екі маңызды астрономиялық құбылыс болды. Оның бірі — Айдың ғаламшарымызға ең жақындаған сәті (перигей), екіншісі — Айдың толуы.
— Жалпы Жер мен Айдың арасындағы орташа қашықтық — 384400 шақырым. Айдың орбитасы эллипс тәрізді болғандықтан, ол Жерге бірде жақындайды (ең жақындауы — перигей — 357 000 шақырым), бірде алыстайды (ең алыстауы — афелий — 406 100 шақырым).
Сәрсенбі түнінде Ай Жерге 357 263 шақырым қашықтыққа жақындады.
Бұл құбылыс жергілікті уақытпен сағат 14.09-да басталып, түнгі сағат 23.38-де толық Ай туды. Шілдедегі ерекше Ай шамамен 9,5 сағатқа созылады.
Түнгі сағат 22.30-дан 23.30-ға дейін ерекше құбылыстарды бақылау туралы хабарламамыз тұрғындар мен қала қонақтары арасында тез тарап, телефонымызға дамыл болмады, — дейді облыстық планетарий астрономия алаңының меңгерушісі Гүлзия Есімгужиева.
Бұл күні кешкілік ауа райы күрт өзгеріп, бұлттанып, жаңбыр жауды. Көп ұзамай жауын басылғанымен, Ақтөбе аспанында қалың бұлт торлап, ұзақ уақытқа дейін Жер серігін көру мүмкін болған жоқ.
— Хабарламада Айды бақылау ауа райы ашық және бұлтсыз болған жағдайда жүргізілетіні ескертілген-ді. Дегенмен, аспан денесінің ғаламшарымызға жақын келген сәтін көруге ықыласты жұрт көп болды. Халықтың көңілі үшін түннің жарымына дейін торланған бұлттың ыдырап, Айдың шығуын күттік, — дейді облыстық планетарийдің әдіскер-дәріскері Анар Қаржауова.
Айдың ерекше құбылыстарын бақылаушылардың арасында қала қонақтары да бар. Соның бірі — Ләззат Кемелова. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан келіпті.
— Ақтөбеге отбасымызбен демалуға келдік. Жолдасым екеуміз үш бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Балаларым мектепте оқиды. Демалысымыздың Айдың ерекше құбылыстарын көруге сәйкес келгеніне қуаныштымыз. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан планетарий қызметкерлері Гүлзия Есімгужиева мен Анар Қаржауова жиналған жұртшылықтың көңілі үшін түннің біраз уақытына дейін Жер серігінің шығуын күтті. Түнгі аспандағы асторономиялық құбылысты телескоп көмегімен көрген үлкен-кішінің бәрі мәз болды. Әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Бұл құбылысты Елордада болғанда тамашалау мүмкін болмас еді. Өйткені, еліміз бойынша Ақтөбедегі планетарийдің базасы мықты. Күні кеше ғана облыстық планетарийде болып, жұлдызды аспанды тамашаладық, — дейді Ләззат Кемелова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button