Білім

ҰБТ: Тәртіп күшейтілді, талап та қатайды

Биылғы тестілеудің ең басты ерекшелігі — тәртіп сақтау мәселесіне баса назар аударылыпты. Тек қана түлектерге емес, сонымен қатар мемлекеттік комиссия төрағасы, министрлік өкілдері, комииссия мүшелері, кезекшілерге де талап күшейтіліп отыр. Биылдан бастап оқушы ереже бұзса, шешімді мемлекеттік комиссия төрағасы емес, министрлік өкілі қабылдап, акт жасайды. Кезекшілердің заңсыз әрекеті үшін облыстық білім басқармаларының басшылары мен ректорлар жауап береді. Тәртіпті жүйелі қадағалау үшін биылдан бастап сынақ өткізілетін аудиториялар бір қабатта біркелкі орналасуы керек. Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастырудағы осы және басқа да талаптар туралы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің сыртқы емтихандар басқармасының бас сарапшысы Зинаш Жанділдинамен тілдескен едік. Сонымен…

Тәртіп пен талап:

Биылғы ерекшеліктер

Кезекшілер өздерін тым еркін сезініп кетті. Зерттеу нәтижесі осыны анықтап отыр. Кезекшілер кейбір түлектерге тест тапсырмаларын орындауға көмектесіп, қолдан келген жағдайды жасапты. Сондықтан, былтыр кезекші болған мамандар биыл кезекші болмайды. Кейбір тестілеу пункттеріндегі кезекшілер ұлттық бірыңғай тестілеу өткен жеті жылдан бері алмаспаған. Биылғы сынаққа олардың бірі де қатыстырылмайды.

Тестілеудің дұрыс ұйымдастырылуы кезекшілерге де байланысты. Сондықтан, оларды таңдағанда өте мұқият болу қажет. Кезекші үшін білім басқармасының басшылары мен ректорлар жауап береді, — дейді Зинаш Жанділдина.  Ол сәуір айында министрлік өкілдері тестілеу пункттерінде тексеру жүргізетіндігін айтады. Сонда министрліктің қызметкерлері кезекшілердің тестілеу ережелерін қаншалықты білетіндігін анықтау үшін емтихан қабылдайды екен.

Тестілеу барысында тәртіп бұзылатын тағы бір жайт — министрлік өкілі мен мемлекеттік комиссия төрағасының арасындағы келіспеушілік.

Мұндай жағдай Астананың өзінде көбейіп кетті. Министрлік өкілі мен мемлекеттік комиссия төрағасының арасындағы пікірлер қайшылығы көбіне түлектердің тәртіп бұзушылығынан болады. Министрлік өкілінің түлектердің ережеге қайшы әрекетіне байланысты шара қолдану керектігі туралы уәжіне мемлекеттік комиссияның төрағасы келіспей, тәртіп бұзған балаға тағы бір мүмкіндік беру қажеттігін айтады. Сөйтіп, комиссия төрағасының айтқаны жөнсіз болса да, орындалатын. Бұдан былай жөнсіздікке жол берілмеуі үшін емтихан кезіндегі даулы мәселелерге қатысты шешімді министрлік өкілі қабылдайды. Бұл өзгеріс сынақтың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосады деп ойлаймыз. Себебі, министрлік өкілі ешкімді танымайды. Ал мемлекеттік комиссияның төрағасы жергілікті адам болғандықтан, оның танысы көп. Сондықтан, дұрыс шешім қабылдамайды, — дейді Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің сыртқы емтихандар басқармасының бас сарапшысы.

Тәртіпке қатысты тағы бір жауапкершілік жүктейтін міндет туралы Зинаш Жанділдина әңгімесін былай өрбітті:

Өткен оқу жылындағы тестілеу қортындысында оқу үлгерімдері орташа оқушылардың көпшілігі өте жоғары көрсеткішке ие  болған. Бұған кезекшілер мен комиссия мүшелері, министрлік өкілдері кінәлі. Олар емтиханның өз деңгейінде өтуін дұрыс бақыламаған. Әйтпесе, бірнеше рет өткізілген сынақ тестілеуі кезінде төмен ұпай жинаған баланың емтиханда бірден жоғары балл алуы мүмкін емес.

Жауапты мамандардың тарапынан жіберілген осындай кемшіліктер тағы да қайталанбауы үшін биылдан бастап «Министрлік өкілі» деректер базасы  жаңартылады. Базаға тек қана білім басқармаларының басшылары мен жоғары оқу орындарының ректорлары ұсынған мамандарды енгізіп жатырмыз. Осы ұсынылған әрбір маманның министрлік өкілі ретінде ережеге сай жұмыс істеуіне білім басқармаларының басшылары мен ректорлар жауап береді. Ережеге сәйкес, тәртіп бұзған министрлік өкіліне шара қолданылатын болады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталған соң тестілеудің қай пунктте қалай өткендігі туралы министрлікте сараптама жасалынады. Сол сараптама нәтижесінде анықталған заңбұзушылық туралы ақпарат ережеге қайшы әрекет еткен оқу орындарымен қатар, барлық өңірлерге жария етіледі екен.

— Бұрын тәртіпбұзушылықтардың барлығы бірдей сыртқа ашық айтылған жоқ. Тек қана талапты бұзған мекемеге хат түрінде ескертпе жіберілетін. Биылдан бастап жер-жердегі келеңсіздіктердің барлығы жариялы түрде айтылады. Басқа өңірлердегі жауапты мамандарға сабақ болу үшін осы әдісті қолданамыз, — дейді бас сарапшы.

Ережедегі тағы бір ерекшелік, емтихан өткізілетін аудиториялар бірыңғай орналасуы тиіс. Бұл жөнінде Зинаш Жанділдина былай дейді:

Бұрын тестілеу пунктінің көпшілігінде сынақ өтетін аудиториялар ғимараттың  әр қабатында болатын. Министрлік өкілдері бірінші қабаттан екінші, әлде үшінші, мүмкін төртінші, тіпті жетінші, сегізінші қабаттағы аудиториялардағы тестілеуді тексеремін деп жүргенде сынақты жүйелі бақылай алмай қалатын. Биылдан бастап мұндай «сенделу» болмайды. Сынақ өткізілетін аудиториялар бір қабатта, біркелкі орналасуы керек. Және аудитория есіктері ашық тұруы тиіс.

Қолданыстағы ереже:

Тәртіптің босаңсуына жол берілмейді

Зинаш Жанділдақызы ереже, нұсқаулықта бар талаптардың өзі бұған дейінгі емтихандар кезінде дұрыс орындалмағандығын айтады. Мысалы, тестілеу кезінде мектеп бітірушілер отырған орнынан басқа орынға ауысуға, емтихан материалдарын ауыстыруға, көшіруге, шпаргалка, оқулық және басқа да әдістемелік әдебиеттерді пайдалануға, ұялы байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефон) пайдалануға болмайтындығы туралы ережеде бұрыннан бар. Аталған талап орындалмаған жағдайда мемлекеттік акт жасалып, оқушы аудиториядан шығарылады және оның тестілеу нәтижесі жойылатындығы да ережеде көрсетілген.

Бірақ бұған дейінгі өткен ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде оқушылардың осындай талаптарды бұзғандығына байланысты шара  барлық жерде бірдей қолданылған жоқ. Биылдан бастап, сәл ғана артық әрекет байқалса болды, оқушы ескертусіз бірден аудиториядан шығарылады. Және оның тест жауаптары есепке алынбайды, — дейді бас сарапшы. Оның айтуынша, ережеде көрсетілген, бірақ орындалмаған талап бір бұл ғана емес. Нұсқаулықта тестілеудің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы үшін жауапты мамандардан бөлек, аудиторияда ата-ана, қоғамдық ұйымдар мен   бұқаралық ақпарат өкілдері де бақылаушы ретінде қатысуға мүмкіндігі бар екендігі жазылған.

Дегенмен бұл талап та барлық пункттерде бірдей орындалған жоқ. Қадағалауға кіргізілгеннің өзінде олардың сынақты аяқталғанша бақылауына мүмкіндік берілмейтін. Жауапты мамандар түрлі сылтау айтып, бақылаушыларды шығарып жіберуге асығатын. Биылдан бастап мұндай келеңсіздікке жол берілмейді. Түрлі ұйымдардың, мекемелердің, партиялардың өкілдерінен құрылған топ міндетті түрде сынақты аяқталғанша бақылайтын болады. Және олар кезекшілер, министрлік өкілдері, мемлекеттік комиссия мүшелері аудиторияға неше рет кіріп, тексеру жүргізгендігі, жүктелген міндетті қалай атқарғандығы туралы қысқаша сараптама жазады. Оны министрлік өкілдері өздерінің сараптамаларымен бірге министрлікке әкеледі, — дейді Зинаш Жанділдина.

Биыл да тестілеу кезінде Алматы мен Астана қалаларында және облыс орталықтарында тестілеу жұмысын бақылау мақсатында штаб құрылып, жұмыс істейді. Республикалық штабқа кез келген ауылдағы ата-ана хабарласып, жергілікті жерде ұлттық бірыңғай тестілеудің талапқа сай өтпегендігі туралы шағым айтуларына болады. Штаб балалардың құқықтары бұзылуына жол бермейді.

Зинаш Жанділдина ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, яғни тестілеу сынағындағы пәндер бойынша қосымша сабақтарды ақылы өткізу заңға қайшы екендігін айтады. Сондықтан, ҰБТ-ны  желеу етіп, ата-аналардан, балалардан ақша жинайтын мектеп басшылары абай болғандары жөн.

Сұрақ. Баға. Сертификат

Биылғы тестілеудегі ерекшіліктердің бірі — тест спецификациясының өзгеруі. Өте жеңіл сұрақтар алынып тасталған. Есесіне, орташа деңгейдегі сауалдар көбейіпті.

Былтыр сынаққа қатысқан түлектер тест сұрақтарының көпшілігі жеңіл екендігін айтты. Соған байланысты сұрақтар қайта қаралып, іріктеліп, орташа деңгейдегі сұрақтармен толықтырылды. Ал күрделі сұрақтарға өзгеріс енгізілген жоқ, — дейді Зинаш Жанділдақызы. Ол тест тапсырмасына қатысты басқа жағдайлар да сол қалпында екендігін айтады. Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны —  25 сұрақ. Сынақ уақыты —  210 минут (3,5 сағат) . «Екілік» алмау үшін әр пәннен 4 ұпай жинау керек. Мектеп бітірушілер үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысу және республикамыздың жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін шекті деңгей 50 балл (медициналық мамандықтар үшін  55 балл).

Айта кету керек, колледжге құжат тапсыру үшін талапкердің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуы міндетті емес. Тестілеудің қорытындысы түлектің жалпы орта білім алғандығы үшін  және жоғары оқу орындарына қабылдануы үшін қажет. Егер түлек колледжде білімін жалғастырғысы келсе, онда оның тестілеуге қатыспауына болады. Себебі, тестілеуге қатысыспаған талапкерлер үшін қабылдау емтиханы өтеді. Соның нәтижесі негізінде оқуға қабылданады.

ҰБТ тапсырған мектеп бітірушілерге ҰБТ нәтижелері туралы сертификат және жалпы орта білім туралы аттестат беріледі. ҰБТ нәтижелері бес балл жүйесі бойынша бағаға ауыстырылып, 125 балл жүйесі бойынша бағаланады, қорытынды және аттестат ретінде қойылады.

ҰБТ сертификатындағы балдардың жалпы орта білім беру туралы аттестаттың бағасына ауысу шкаласы

Пәні 2

(қанағат-сыз)

3

(қанағат-лық)

4

(жақсы)

5

(үздік)

1. Қазақ тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
2. Орыс тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
3. Қазақстан тарихы 0-3 4-13 14-20 21-25
4. Математика 0-3 4-11 12-19 21-25
5. Физика 0-3 4-11 12-19 20-25
6. Химия 0-3 4-11 12-19 20-25
7. Биология 0-3 4-13 14-20 21-25
8. География 0-3 4-13 14-20 21-25
9. Дүниежүзі тарихы 0-3 4-13 14-20 21-25
10. Қазақ әдебиеті 0-3 4-11 14-20 21-25
11. Орыс әдебиеті 0-3 4-11 14-20 21-25
12. Ағылшын тілі 0-3 4-11 14-20 21-25
13. Неміс тілі 0-3 4-11 14-20 21-25
14. Француз тілі 0-3 4-11 14-20 21-25
15. Қазақ тілі орыс мектептеріне арналған 0-3 4-11 12-17 18-25
16. Орыс тілі қазақ мектептеріне арналған 0-3 4-11 12-17 18-25

Сонымен, ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары деңгейде өткізу үшін мектеп бітірушілер мен жауапты мамандарға қойылған талап, міндеттер осы. Түлектердің бағын сынайтын тестілеудің қалай өтетіндігіне уақыт төреші.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button