Басты жаңалықтарМереке

Құрметті жерлестер!

Барша мұсылман қауымына ортақ қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Күллі мұсылман жұрты асыға күтетін Құрбан айт — мұсылманның иманы мен сабырын арттырып, халқымыздың бауырмалдығы мен қонақжайлылығын паш ететін ұлық мереке.

Ерте заманнан бері ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алады.Ғасырлар бойы діни төзімділік пен ұлтаралық бірлікті, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр сабақтастығын сақтаған Қазақстан халқы үшін Құрбан айт тек діни мереке ғана емес, сонымен қатар барша жұртты бейбітшілік пен татулыққа, береке-бірлікке үндейтін мереке.

Құрбан айт күндерінде барша мұсылман айт намазын оқып, құрбан шалады, барға шүкір етеді. Еліміз егемендігін алғаннан бері бұл мерекені тойлау жаңаша серпін алып, кең көлемде аталып келеді.

Қадірлі ағайын!

Қасиетті мейрам күндері әрбір шаңыраққа шаттық пен денсаулық, игілік пен бақ-береке тілеймін. Осы мерекедегі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын!

Шаңырақтарыңыз құт-берекеге, ырыс-ынтымаққа толсын!

Жаратқан иеміз баршаңызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық пен береке нәсіп етсін!

Оңдасын ОРАЗАЛИН,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button