Әдебиет

Әріптес туралы сөз

Ырғыздықтар игілікті, сауапты істі қолға алыпты. Осы топырақтан шыққан ақын, белгілі журналист Зәкіржан Кәлкенбайды еске алу шараларын ұйымдастырғалы отыр. Зәкіржан Кәлкенбай журналист ретінде аудандық «Ырғыз» газетінен бастап, Ақтөбе мен Маңғыстаудың облыстық газеттерінде, республикалық «Айқын», «Алтын Орда» газеттерінде еңбек етті. 1981 жылы Алматыда өткен республикалық «Жігер» фестивалінде лауреат атанғанынан бастап, ақын ретінде де қалың оқырманға танылған еді.

Бүгінгі нөмірде әріптесіміз туралы іні-қарындастарының естеліктерін ұсынып отырмыз.

 ТУҒАНЫНДАЙ КӨРУШІ ЕДІ

1986 жыл. ҚазМУ аудиториясы. Жаздай абитуриент кезден емтиханда бір-бірімен таныс-біліс болған, оқуға түсіп мәре-сәре болған елу шақты студент алғашқы сабақ алдында аудиторияға ерте келіп азан-қазан боп жатты.

Мен үш жыл академиялық демалыстан кейін қосылып жатқам,бұл қатарға. Сәлден соң парта жағалап екі бет қағаз келе қалды. Кім, қайдан екені тізілген. Көбі Шымкент, Жамбыл, Алматы, Семей, бірен-саран Атырау, Ақтау…Ақтөбеден бір адам. Кім болды екен? «Зәкіржан Кәлкенбаев, Ақтөбе. Ырғыз»деген жазуға көзім түсті. Сөйткенше мұғалім кіріп сабақ басталып кетті. Мойнымды созып анда-санда қарап қоям, жерлесім кім болды екен, қайда отыр екен деп… Үзіліс кезінде есікке таяған кезде,жеңі түрулі ашық қызғыш көйлек, қара шалбар киген, иек тұсында тілік тыртығы бар, сылыңғыр қара жігіт, «Ақтөбеден қайсысың, а?»деп, әр қыздың бетіне қарап,тісі ақсия жымия күліп,сұрап тұр екен. Әлгі қыздар сылқ-сылқ күліп, кетіп барады. Сол қыздарға ызам келіп, жанына жетіп барып:«Мен ақтөбелік!»дедім қолымды ұсынып. Қуанғанын көрсеңіз! Жас балаша күле берді. Зәкіржанмен осылай танысып едік. Біз көбіне батыстықтар болып топтасып жүретінбіз. Арамызда қызылордалық Нұржамал, шымкенттік Зухра бар. Сірә, екеуінің сартта сұрт мінезі біздің жаққа келгендіктен шығар. Зәкең әп дегеннен оқуға ынтығып келгенін көрсетті. Сессияға тас-түйін дайындықпен келетін. Мен ағамның жер үйінде тұрдым. Ара-тұра Гагарин көшесінен Сәтбаев-Бауман қиылысына дейін жаяу келіп,«ауылдың жерде отырып ішетін шайын сағындым» деп, шай ішіп кететін.Қарындасындай көріп, қамқорлап жүретін, сабақтан е көшеде жүргенде, біреу-міреу жанымызға жақындаса, сес көрсете қалатын мінезі де бар еді. Өлеңдерін оқып, талай басқосуларда әдебиет әлемінің тың тақырыптарына қатысты ойлы пікірлерін айтып отырушы еді. Оқу бітіретін мемлекеттік емтихан кезінде барлық пәннен оқ бойы озық шықты. Есте қалған бір көрініс әліде езуге күлкі үйіреді. Курстағы бір қыз мемлекеттік емтиханға дайындықсы келіпті. Оқытушы,сірә, қазақ журналистикасының іргетасын қалаған кімдер, ең болмаса, соны біліп кел деп шығарып жіберсе керек. Соған Зәкіржан тізбелеп жазғызып тұрып,өзініңде тегі мен атын қосып жіберді. Сонда ана қыз оғанда мән бермей,тізімге қосып жіберіпті… Бірақ, расыменде,қазақ журналистикасында оның ізі қалды. «Алтын Орда», «Ақтөбе»газеттеріндегі мақалалары, тіпті кейде бір оймақтай ой айтқан дүниелерінің өзі деңгейі, талғамы жоғары оқырмандардың көңілінен шыққанына сан мәрте куә болдық. Өзі өмірден өткенімен, артына қалдырған мұрасы қазақтың бүгінгі ғана емес, болашақ оқырмандарының да жан азығына, игілігіне айнала берері сөзсіз.

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 

ҚИМАС ДОСЫМ ЕДІ

Осыдан тура 36 жыл бұрын бүкіл курстастарымыз сол кездегі республикадағы ең басты жоғары оқу орны саналатын — С. М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің аудиториясында кездесіп, танысып едік. Курстастарымның арасында ақтөбелік Зәкіржан Кәлкенбаев та бар еді.

Онымен танысқан сәттен бастап, жақсы араласып, тілеулес, дос адамдарға айналып кеттік. Мен ғана емес, Зәкең курстастардың көпшілігімен сол кезден бастап қимас дос, жолдас болып, сыйласып, сырласып өтті. Зәкең бізді өзінің шуақты, мейірімді болмысымен, жайдары мінезімен әп дегеннен-ақ тәнті етіп, баурап алған еді.

Ол кезде көпшілігімізмектеп бітіргеннен кейін өмір жолымызды еңбектен бастайтынбыз. Курсымызда 20 шақты адам әлі баспасөзге келе қоймаған, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тағы басқа дасалаларда еңбек етіп жүрген жандар болып шықты. Мен өзім Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде еңбек ететінмін. Сол жылы газетімізден тек мен ғана емес, үш бірдей адам журналистика факультетіне сырттай оқуға түстік: қасымда Қадыржан Сабыров, Дәулетқали Аруов сынды әріптестерім де бар. Бұл жайтқа курстастарымыз да, ұстаздарымыз да, жалпы естіген адамның бәрі таңданыспен қарайтын: «Редакторларыңыз үшеуіңді бірдей жібере бере ме? Сіздер мұнда жүргенде, газетті қалай шығарады?» — десетін. Ал редакторымыз Сайлаубек Тәжентаев, расында, өте бір кең, жайсаң адам еді. Оның үстіне өзіміз де сессияға кетерде үйіп-төгіп материал тапсырып кетуге тырысатынбыз.

Сырттай оқитын студенттер күндізгі бөлімде оқығандай жыл бойы бірге жүрмегенмен, бір-бірімізге бауырмалдығымыз, араластығымыз олардан еш кем болмайтын. Сессияға жиналған кезде оқуға дайындығымызды пысықтап, кем-кетік тұсымыз болса, соны толтыруға бір-бірімізге қарайласып, абыр-сабыр болатынбыз. Біз атыраулық үш жігіт және Зәкең бар, Ақтөбеден Зәуреш, Маңғыстаудан Зәмзәгүл, Ақкүміс, Сарыағаштан Зухра есімді қарындастарымыз бар, старостамыз, қызылордалық Нұржамал да біздің осы топқа қосылып, көбіне оқуға бірге дайындаламыз. Зәкеңарамыздағы үлкеніміз болғанмен, бала сияқты жаны мөлдір, аңғалдау, өте ақкөңіл жан болатын. Сондықтан ол кісіні кейде бала сияқты еркелетіп те аламыз.

Университетті бітіріп, дипломымызды алғаннан кейін де Зәкеңмен ешқашан байланысымызды үзген жоқпыз. Тіпті бір жылдары ол біздің Атырауға келіп жұмыс істеді. Бұл Зәкеңнің еңбек етіп жүрген«Алтын Орда» газеті редакциясының Атырауға көшіп келген жылдары еді. Осы кезде Зәкең үйіме келіп, отбасыммен де танысты.

Уақыт зырлап өткен сайын өмірдегі қимас жандардың орны біліне береді екен. Өзім дос, әріптес, жанашыр аға ретінде қатты сыйлайтын Зәкеңнің орны мен үшін бөлек еді. Бүгінде бірге өткізген қымбат сәттердің қайта оралмасына, тек сағыныш болып қалғанына сенгім де келмейді…

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,ақын.

Атырау қаласы.

АҚҚАН ЖҰЛДЫЗДАЙ БОЛДЫ

 

Зәкіржан ағамен алғаш «Ырғыз» газетінің редакциясында танысқан едік. ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жүрген кезім. І курсты бітірген соң, алғашқы тәжірибеден өту үшінкөпшілігіміз өз ауылымыздағы жергілікті газетті таңдағанбыз.

Бір қабатты ғимараттағы газет редакциясымен кіріп барғанда, тып-тыныш екен. Ағайлар шұқшиып алып, қағаз жазып отыр. Редактор Әжібек Мәліков ағаға бір ай мерзімге берілген жолдамамды ұсынып, жөнімді айтып жатырмын. Сөйткенше, ол кісі мені басқа кабинеттерге апарып таныстырып, редакцияның ішін абыр-сабыр қылды. Есепшіге бірден: «Бұл студент баланы бір ай штатқа аламыз, еңбекақы төлейміз», — деді. Нарықтық экономика жария етілген қиындау кез ғой, есепші, бәлкім, мұны ұнатпаған да шығар, бірақ «тұтқиылдан» айтылған басшының сөзіне қарсы ештеңе демеді. Мен де ондайды күтпеген едім. Еңбекақының аты — еңбекақы, күнде таңертең жұмысқа уақытында келетін болдым.

Ырғыз — өткен ғасырдың 30-жылдарының ортасына дейін біздің өңірде мәртебесі жағынан Ақтөбемен тайталасып, уез орталығы болған, үлкен, тарихи жер. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақтың руханиятының, мәдениетінің еңсесін тіктеп, бар-жоғын түгендеп, замана көшіне ілестірген ұлы істерге ұйытқы болған Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргеновтер де— осы топырақтың перзенттері. Бір ай жүргенде сондай киелі топырақтың аудандық газеті де осал емес екенін көрдім. Ол кезде газетте Рақымжан Өтемісов, Зәкіржан Кәлкенбаев, Марат Мырзалин, Кенжеғара Жұбаев ағаларымыз қызмет ететін. Мен өздеріне айтпасам да, іштей олардың әрқайсысын республикалық басылымда еңбек етуге лайық журналист санадым. Екінші, үшінші курстардан кейін де тәжірибе мерзімінде осы газетке келдім. Қасымдағы курстас достарым: «Сен неге облыстық, республикалық газеттерге бармайсың, аудандық газеттің деңгейі белгілі ғой», — десе, «Біздің ағайлардың деңгейі ешкімнен де кем емес», — деп, дес бермейтінмін. Екінші курстан кейін, тағы да жолдамамды ұстап редакцияға келгенімде, редактор Әжібек аға: «Бұл жолы штатқа алу, енді, қиын», — деді. Расында, Одақтың тарағалы тұрған ең соңғы жылдары оңай болған жоқ. Сондықтан ол кісіге салмақ салуды қисынсыз көрдім. БірақЗәкіржан ағаның көнгісі келмей,қайта-қайта: «Индираны штатқа алайық», — деп, тұрып алғаны есімде. Былай қарағанда, менің еңбекақы алып-алмағанымнан ол кісіге көк тиын да пайда түспейтіні белгілі. Бірақ өзінің кім-кімге де «болсын» дейтін пейілімен, шыр-пыр бола қалған еді…

Үшінші курстан кейін келгенімде сол жылы бірінші курсты бітірген Жанар Нұрғали да осында екен. Әдетте Зәкіржан аға мақала жазғанда жан-жағын түгел ұмытып, қағаздан бас көтермей, бар жан-тәнімен сол жазған дүниесінің ішіне «кіріп» алатын. Ондайда бірдеңе сұрағың келсе де, ойын бөлуге қаймығасың. Бірақ кейде қолы бос болса, Жанар екеумізге әдебиет, өлең туралы әңгіме айтады. «Екеуің де өлеңді жақсы жазасыңдар, тек жалқау болмаңдар», —деп қоятыны да бар.Бір күні бізге редакцияға хатпен келген бір баланың өлеңдерін көрсетті. Оқушы бала, алайда жіберген өлеңдері үшеумізге деқатты ұнады… «Қазірден осылай жазса, кейін кім болмақ?» — дейді Зәкіржан аға. Үшеуіміз бір-біріміздің қолымыздан алып, қайта-қайта үңілеміз. Бірақ өлеңнің газетке шыққан-шықпағаны есімде жоқ. Әйтеуір, Зәкіржан ағаның қолында қалған. Мен оқуыма аттандым, одан кейін үйіміз де Ырғыздан көшіп кеткен еді. Кейінірек жатақханада кездесіп қалған Жанардан: «Ауылға бардың ба? Өткен жазда Зәкіржан аға өлеңдерін оқыған бала ше? Соның жаңа өлеңдері бар ма екен? Ала келген жоқпысың?» — деп сұрап едім, маған сәл аңырап қарап алып: «Оны ұмыт, ұмыт» — деді. «Не болды?». Зәкіржан аға біраз жыл бұрынғы көне журналды оқып отырса, манағы өлеңдер содан шыға келіпті. Ақын ретінде атақ-даңқы шықпаған, бірақ жақсы прозаик жазушының ертеректе жазған өлеңдерін көне журналдан көшіріп алған болып шықты. «Оңбай алданған екенбіз», — деп, көпке дейін өкінумен болдық.

2000 жылдардың басында Зәкіржан ағамен «Алтын Орда» газетінде де бірге істедік. Өмірдің қиын бір сәтінде Зәкіржан ағаның да, ол кісінің аяулы жары Гүлімай апаның да жақсылығын көрдім. Кейін Маңғыстаудан Ақтөбеге көшіп келіп, біздің газетімізге жұмысқа орналасқанда, қатты қуанған едім. Мен ғана емес, «Алтын Ордада» ол кісімен бірге істеген әріптестеріміз түгел қуанған. Өкінішке қарай, ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Зәкіржан аға да, Жанар да бүгінде ортамызда жоқ. Екеуі де аққан жұлдыздай өте шықты… Күнделікті күйбең тірліктің соңында олар туралы естеліктерді қағазға түсіруді де кейінге қалдырумен келеміз.

… Тек шуақ пен мейірімге толы бейнелері ғана көңілден өшпейді.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button