Мәдениет

Ұлы дала бояулары

Көрме

Облыстық өнер музейінде ақтөбелік суретшілердің өңіріміздің  киелі жерлерінен салған суреттерінің көрмесі ашылды.

Көрмеге аталмыш музей ұйымдастырған «Бояулар: Ұлы дала ізімен» атты пленэрге қатысушы суретшілердің туындылары қойылып отыр. Бұл жоба облыстық әкімдік пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен қолға алынған.

Облыстық өнер музейінің кіші ғылыми қызметкері Жансая Есенжанқызы жобаның мақсаты туралы:

— Өңіріміздің киелі және көрікті жерлерін жұртшылыққа кеңінен таныстырудың маңызы зор. Бұл жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін де, жергілікті туризмді дамыту үшін де қажет. Біздің музей осы іске қылқалам шеберлерін де тартуды көздеп отыр, — деді.

Жансая Есенжанқызының айтуынша, пленэрдің алғашқы кезеңі 3-11 мамыр аралығында өткен. Оған қатысқан суретшілер көрмеге Хромтау жеріндегі көне Ойсылқара қорымы, Хан моласы қорымы, Есет Көкіұлы мен Есет-Дәрібай кесенелері, Бөкенбай шоқысы сынды киелі жерлерден жазылған туындыларын, Жаманшың, Қарғалы су қоймасы мен Қасқыр сарқырамасы көріністерін ұсынған.

Бір нысанға әр суретші әртүрлі көзбен қарап, одан алған әсерлерін әр қырынан, сан қилы бояумен, сан алуан қиялмен жеткізеді. Бір суретте Хан моласы қорымымен бірге мүлгіген даланың боз жусандары да алыс ғасырлардан сыр шертіп тұрғандай болса, енді бірінде көкте жүзген ақша бұлттар кесенені күзетіп жүргендей сезіледі. Ойсылқара қорымының көріністері плэнерге қатысқан суретшілердің көпшілігін ерекше толғандырған секілді. Ғалымжан Сүйінов, Владимир Аралбаев, Айдар Еспаев, Валентин Русановский, т.б. бірқатар суретшілер осы қорымды бейнелепті. Мысалы, Ғалымжанның суретінде қорым үстіндегі көк аспанда түйе мінген көшпенді тұр. Ол елін, жерін мәңгілік қорғайтын рух па деп елеңдейсіз…

Жалпы, көрмеге Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Қайрат Ноғаев, Манас Қожағұлов, Вячеслав Русановский, Айдар Еспаев, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі Бақтыгерей Жапар және Владимир Аралбаев, Мейрамбек Малдықұлов, Әлімжан Ыбыраев, Ғалымжан Сүйінов, Валентин Русановскийлердің туындылары қойылған.

Ал плэнердің екінші кезеңі қыркүйек айына жоспарланыпты. Онда суретшілерге Абат-Байтақ қорымы, Қобыланды батыр кешені, Исатай Тайманұлының кесенесі, Досжан ишан мешіті мен Ақтолағай тауын қамтитын сапар ұсынылады.

 Құралай БАБАЖАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button