Жаңалықтар

Адамды іздеу

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Астанадан жеткен хабар көңілімізді қобалжытып, жүрегімізге жылу жүгіртті. Бас қаламыздың тұрғыны Байдос Өмірбекұлы былай деп жазыпты:

«Қырық жыл кездеспеген досым Айдос Шөкішевке іздеу саламын. Мамандығы — журналист, он бес жылдай Торғай өңірінде облыстық газетте тілші болып еңбек еткен еді. Жұбайының аты Сара болатын.

Тәуір азамат еді. Балалары, ұрпағы, жақын-жуық, таныс, туысқандары болса, хабарын берсеңіздер екен.

Өзім Торғайдың Амангелді ауданының тумасымын. Қазір Астанада тұрамын».

Осы хатты оқып шыққанда бірден ойымызға — адамды адам іздеу деген тіркес оралды.

Не деген керемет ұғым, адамгершілік үлгісі еді бұл?!

Иә, шынында да, Айдос ағамыз іздеуге тұратын адам еді. Жайдары мінезді, адам баласын алаламай араласа кететін, жұғымды жан болатын.

Торғай жерінен туған елі — Ақтөбеге қоныс аударғаннан кейін облыстық газетте қызмет атқарды. Қобда ауданында жаңадан ашылған «Ақиқат» газетінде редактор болды. Республикалық «Алтын Орда» газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. «Заң» газетінің меншікті тілшісі ретінде құқық қорғау саласының көптеген мәселелерін көтеріп, қалам жүйріктігін танытты. Қысқасы, журналистикада жақсы қолтаңбасын қалдырды.

Ол осыдан екі жыл бұрын, жетпістің үстіне енді көтерілген шағында өмірден өтіп кете барды. Айдос Шөкішев есімін ақтөбелік оқырмандары жақсы білетін, сондықтан да болуы керек, оған деген құрмет-ізет легі әлі күнге үзілген жоқ.

Адам баласының ғұмыры негізінен іздеумен өтеді.

Бала ата-анасын іздейді, олар өмірден өтіп кеткенде асқар тауы құлағанын сезініп, жабығады, аялы алақаннан айырылғанын ұғынып, сағынады.

Жігіт болған шағыңда қадіріңді білетін достарыңды іздейсің. Үлкейе келе елге үлгі болған жақсыларды іздейсің.

Әрине, іздегеніңнің бәрі алдыңнан шығып, табыла бермейді. Оның үстіне кешігіп іздейтініміз және бар. «Жоғалған пышақтың сабы алтын» екендігі сонда ойға оралады.

Адамды іздеу дегенде тағы да тарихқа үңілгіміз келеді.

Ел жақсысы Мырзағұл Шыманұлы тағдыр тауқыметімен түрмеге түскенде артынан Төре Шаңгерей Тұңғашин іздеп барады ғой. Сонда талай жыл ел басқарған сұңғыла Мырзекең шын көңілімен тебіреніп: «Несін айтасың, Шаңгерей! Қатар өмір сүрдік. Сен көрегенсің, жолыңды білдің. Мен көзсіз ғаріп болдым, торда отырмын. Еліме қуаныш болсам деген алаулаған арманым таудай еді. Өмірімнің жолында сол арманымның шырағын сөндірсем дегендерді көп көрдім де, оны «маздатамын», «сөндіртпеймін» дегендерді аз естідім. Шіркін, адамзат өмірінің қатаң жолы-ай!» деп соңғы қоштасу сөзін айтады.

Жақсының қадірін жақсы біледі. Кейінірек Шаңгерей төре қазақтың тағы бір төрге шыққан тұлғасы Бақытжан Қаратаевқа «Елдің тағы бір шырағы сөнді» деп хабарлама береді.

Міне, бұл да — азаматты іздеудің үлгісі!

Бір өкініштісі, біз көбінесе атқа мінген, тақ үстінде отырған жақсыларымызды іздейтіндей көрінеміз. Ал сол азаматымыздың аты сүрініп кетсе, тағының табаны тайып түссе, танымайтын сыңай танытатынымыз және бар. Жә, бұл енді сөз арасында айтылып қалған гәп қой…

Шынында да, адам адамды неге іздейді? Бұл сауалдың жауабын қазақтың «Жақсыға барсаң — жазылып қайтарсың, жаманға барсаң — жабығып қайтарсың» деген тағылымды сөзінен табуға болатындай…

…Мұқағали ақын айтқан: «Біздерді де жоқтайтын жан болса егер…» деген өлең жолдарында іздеусіз қалмасақ-ау деген қорқыныш жатқан жоқ па екен…

Бір-бірімізді іздеп жүрейікші!

Басқа жаңалықтар

Back to top button