Спорт

«Қазақойл Ақтөбенің» спорт әлемі

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасы

27-30 маусым аралығында Ақтөбеде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасының іріктеу кезеңі өтті.

Оған «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, (Атырау қаласы), «Uraloil& gas» (Орал Ойл энд Газ», Орал қаласы) және Ақтөбеден өз кәсіпорындарының іріктеу турларынан кейін жасақталған «Қазақойл Ақтөбе», «Урихтау Оперейтинг» және «Қазақтүрікмұнай» — үш компанияның ерлер және әйелдер құрама командалары қатысты.

— 2017 жылдан бастап жыл сайын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өзінің еншілес кәсіпорындары қызметкерлері арасында спартакиада өткізіп келеді, — дейді «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС әкімшілік бөлімінің басшысы Гаухар Борашева.

— Бұл жолы салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылған 136 жұмысшы-қызметкер жеңіл атлетика, үлкен және стол теннисі, суға жүзу, шахмат, тоғызқұмалақ, шағын футбол және волейбол сияқты спорт түрлері бойынша финалға шығу құқығы жолындағы өзара сайысқа түсті.

Сегіз шағын топ жеңімпаздары тамызайында Атырауда бас қосады. Онда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасының қорытындылаушы бөлімі өткізіледі.

Атыраудың таңдалуы да кездейсоқ емес: биылғы жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл толуы аталып өтілмекші.

Айжанның жеңісі

Экономика және жоспарлау бөлімінің экономисі Айжан Төлемісова ақтық ойында «ҚазақойлАқтөбенің» намысын қорғайды. Ол тоғызқұмалақ ойынында атыраулық мұнай өңдеу зауытының өкілі Анар Құмарованы жеңіп шығып, бірінші орынды иеленді.

«Қазақойл Ақтөбе»  құрамасының мүшелері бірі қалмай лайықты ойын үлгісін көрсетіп, жеңіске деген құштарлықтары мен ерік-жігерлерін байқата білді.

Іріктеу кезеңінің жарыстары турнирлер қорытындылары бойынша алаң иелері — «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС жекелей және командалық есепте 7 екінші және 2 үшінші орындарды иеленді.

Күміс жүлде иелері қатарында озып шыққандарды атай кетсек, Ғабит Әбілғазин (ерлер арасында жүзу +40), Бақыт Бимағанбетов (ерлер арасында жүзу, 40 жасқа дейін), Айгүл Шурипова, (үстел теннисі, әйелдер арасында), Талгат Жылқыбаев (үстел теннисі, ерлер), Ғабит Ділманов (шахмат, ерлер).

Құрамында Нұрлыбай Құлсүгір, Әділбек Маратов, Алмас Нәзіков, Ізбасар Бисенбаев, Руслан Достанов, Тілек Хапуов, Есенияз Қартбаев және Ибрагим Мансұров бар. «Қазақойл Ақтөбе» командасы ерлер арасында волейболдан екінші орынды иеленді.

Жеңіл атлетикадан құрама мүшелері Азамат Отаралинов, Сейфолла Сапарбаев, Мәншүк Мырзағұлова және Әсел Төлеуова да жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді.

Ерлер арасында тоғызқұмалақ сайысынан үшінші орынды Ерболат Шалабаев иеленді.

Шағын футболдан тартысты ойындардан кейін «Қазақойл Ақтөбе» құрамасы соңғы жылдары бірінші рет көшбасшылықты өзгелерге беріп, үшінші орынды місе тұтты. Бұл жолы атыраулық мұнайшылар алға шықты, «Қазақтүрікмұнай» футболшылары екінші орын тұғырына көтерілді.

Қырық жасқа дейінгі ерлер арасында суға жүзуден, сондай-ақ шағын футбол, үлкен теннис, стол теннисі, волейбол, жеңіл атлетика және шахматтан «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС өкілдері лайықты түрде жүлделі орындарға көтерілді.

«Қазақтүрікмұнай» компаниясынан келгендер ерлер арасындағы тоғызқұмалақта топ жарса, ал «Урал Ойл энд Газ» өкілдері қырық жастан асқан ерлер арасында жүзуден алдарына жан салған жоқ.

Жанкүйерлер қолдауы жігерлендірген

Спартакиада қатысушылары – Атырау мұнай өңдеу зауытының персоналды басқару және еңбекақы төлемі басқармасы департаментінің директоры Арыстан Бисешұлы, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС мұнай және газ өндіру жөніндегі шебері Қанат Төремұратов, Атырау мұнай өңдеу зауытының ұйымдастыру және еңбекақы бөлімінің басшысы Гүлнар Достанова және басқалары «Қазақойл Ақтөбе» басшылығына сайыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны, кәсіби әділ төрешілік жасағаны, сондай-ақ ақтық сайыстардағы ойындар алдында өздерінің тыңғылықты әзірліктерін тағы бір мәрте сыннан өткізу мүмкіндігін жасағаны үшін алғыс сезімдерін білдірді.

— Біздің 1600-дей адам жұмыс істейтін зауытта кәсіпорын басшылығы қызметкерлердің спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдайды жасаған. Ақтөбедегі сайысқа біздің бірқатар спортшыларымыз отбасыларымен бірге келді. Сонымен бірге сайыстар кезінде біздерді жанкүйерлер клубының мүшелері де қолдап отырды. Осындай қолдау-көмектің бәрі бізді жеңіске жігерлендіреді, —  дейді Арыстан Бисешулы.

Тоғызқұмалақ ойынымен мектепте жүргенде шұғылданғанмын. Бұл біздің Байғанин ауданында өте кеңінен таралған ойын. «Қазақойл Ақтөбе» мекемесіне лайықты қарсыластармен сайысқа түсуге мүмкіндік жасағаны үшін алғысымды айтамын, — дейді спорт шебері, бірінші разрядты ойыншы Қанат Төремұратов.

Гүлнар Достанова — отбасылық еңбек әулетінің өкілі. Атырау мұнай өңдеу зауытында бір кездері оның әкесі Нұрсұлтан жұмыс істеді, енді оның ісін баласы Асылбек жалғастыруда.

— Демек, мен үшін ұрпақтар сабақтастығы жай ғана сөз емес, — дейді волейболдан зауыттың әйелдер құрамасының мүшесі.

— Менің өзім кәсіпорында 35 жылдан артық жұмыс істеймін, оның жиырма жылында спортпен шұғылданамын.

Бір жағынан, енді спортпен қоштасамын ғой деп ойлағанмын, бірақ олай болмады. Жарысты ұйымдастырып отырған «ҚазМұнайГаз» компаниясының талабына сәйкес, спортшылардың тең жартысынан астамының жасы қырықтан асуы тиіс екен. Менің айтайын дегенім, ұлттық компания тобы қызметкерлері үшін спорт, салауатты өмір салты қалыптасқан жүйе, оны дамыта беруіміз керек, — дейді Гүлнар.

Алаңдағы аяқдоп айқасы

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының спорт алаңында іріктеу ойындарының бағдарламасына сәйкес шағын футболдан өткен біріншілік өте тартыстылығымен есте қалды. Барлық спортшылар да жеңіске деген ұмтылыстарымен сан қилы ойын өрнегін көрсетті.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС әкімшілік бөлімінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі жетекші маманы Бақытжан Нұрдәулетов байқағандай, 30 маусым күнгі ауа райы тыныш және қоңыр салқын болды, бұл аяқ доп шеберлеріне өте қолайлы еді.

Ауа райы қолайлы болғанымен, алаң үстіндегі қызу тіршілік бір сәт те толастаған жоқ.

«Uraloil& gas» командасының ойыншысы Владимир Шиленко көрермендердің көзайымына айналып, үздік қақпашы атанды. Мұнайгаз конденсаты, мұнай, газ кен орындарын игеру жөніндегі аға инженер «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС командасына 16:0 есебімен ұтылыстан соң суға жүзу бойынша жаттығуға оралуға шешім қабылдады.

«Қазақтүрікмұнай» құрамасының қорғаушысы, Оңтүстік Қаратөбе кен орнының технологиялық қондырғысының 4-ші разрядты операторы Серік Оңашев ең тамаша ойын футбол деп есептейді. Алайда оның пайымдауынша, жеребе салу онша сәтті болмағанға ұқсайды. Иә, спорттың аты спорт, онда нағыз мықтылар ғана жеңіске жетеді. Осы ақиқат бұл жолғы сайыста тағы да айқын көрінді.

«Қазақойл Ақтөбе» футбол командасының шабуылшысы, Қожасай кен орнының мұнай дайындау қондырғысы учаскесі технологиялық сорғылар машинисі  Рустам Құлсүгіров өзі еңбек ететін кәсіпорын намысын он жылдан бері қорғап келеді.

— Бұл жолы жеңісті қолдан беріп алдық, алайда үздік ойындарымыз алда деп есептейміз. Енді өз қателіктерімізге сын көзбен қарап, жақсы нәтижелерге жету жолдарын қарастыратын боламыз, — дейді ол.

Әлеуметтік басымдықтар

— Жүлдегерлерді шын жүректен құттықтап, барлық қатысушыларға жеңіске деген ұмтылыстары, ерекше көңіл күйлері, тамаша сайыстары үшін алғыс сезімімді білдіргім келеді, — дейді «Қазахойл Ақтөбе» ЖШС аппарат жетекшісі Асқат Өтегенов. — Спорт қай уақытта да біздің компания өмірінен берік орын алып келеді, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ спартакиадасының маңызы ерекше. Мұндай корпоративті шараларға ұжым мүшелерінің қатысуын қолдау біздің ЖШС басшылығының берік ұстанымдарының бірі деуге болады. Спартакиадаға іріктеу турларын өткізу бізде дәстүрге айналған.

Аппарат жетекшісінің айтуынша,мұндай біріншілік салалас компаниялар арасындағы байланысты жақсартуға және салауатты өмір салтын орнықтыруға айтарлықтай ықпал етеді.

Бұл шынында да солай. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС қызметінің негізгі бағыттарының бірі жұмысшы-қызметкерлердің лайықты еңбек жағдайын жасауға және қорғауға бағытталған әлеуметтік саясат болып табылады. Еңбек ұжымдарында тұрақтылықты сақтауға тұтас шаралар кешені арналған.

Мысалы, компания жыл сайын өз қызметкерлері үшін жаттығу залдарын, футбол алаңдарын және бассейнді жалға алады. Бұның барлығы мұнайшылардың саламатты да салауатты өмір салтын орнықтырып, сергек жүруге ұмтылып, ынталылығын арттыру үшін жасалады.

Тепе-тең негізде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және Caspian Investments Resources Ltd (Sinopec) қатысушылары болып табылатын ЖШС 1999 жылдан бері біздің облысымызда Әлібекмола және Қожасай мұнайгаз конденсатты кен орындарын игеруді жүзеге асырып келеді.

Облыстағы мұнай өндіру секторындағы ірі компания мұнай өндірісі саласында ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілік тұрғысынан да көшбастаушылардың бірі ретінде беделге ие. Оның қызметінің басты бағыттарының бірі еңбек ұжымдағы тұрақтылық, қызметкерлердің еңбек жағдайын жасау мен оларды қорғауға бағытталған әлеуметтік саясат болып табылады.

Әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесі компанияға біліктілігі жоғары мамандарды тартуға мүмкіндік береді, кадрлар тұрақсыздығын төмендетеді, сондай-ақ табысты өндірістік қызметтің негізі болып табылады.

 Ләззат ЕГІБАЕВА.

Бақытжан НҰРДӘУЛЕТОВТІҢ фотосы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button