Басты жаңалықтарМереке

Асқақтай бер, бас қалам!

Бүгін — елорда күні. Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтеді. Кез келген қазақстандық үшін бұл мерекенің маңызы зор. Себебі ел Тәуелсіздігінің жемісі — бас қаламызға деген халықтың құрметі мен ықыласы қашанда ерекше.

Ел астанасы қалай ауысты?

1991 жылы еліміз өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін ел астанасын оңтүстіктен орталыққа  көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елдің жаңа астанасын көшіруге оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқаның ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екенін көрсетті. Бұл туралы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп еске алады: «Ақмола Қазақстанның географиялық орталығы деуге болатын, Қазақстан экономикасының өрлеуінде жетекші де өскелең нүктелері болып отырған маңызды шаруашылық өңірлерге жақын орналасқан. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Сондай-ақ қала Қазақстан үшін көптеген шетелге шығудың мейлінше төте жолы — трансеуроазия арналарына таяу қоныстанған».

Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені баршаға белгілі. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Назарбаевтың ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Тұңғыш Президент астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) халқының саны 290 мың ғана болған.

Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымында өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін елорданың туған күні ретінде аталып келді. Кейін Парламент депутаттары Заңға тиісті түзетулер енгізіп, мемлекеттік мерекенің датасы 6 шілдеге ауыстырылды.

Елорданың тарихы…

Алғаш қала 1832 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі болып аталды. 1863 жылы Ақмола ресми түрде округтік қала ретінде жарияланып, 1960 жылы еліміздің солтүстік облыстары кіретін тың өлкесінің орталығы болды. 1961 жылға дейін — Акмолинск, 1961 жылдан 1992 жылға дейін — Целиноград, ал 1992 жылдан бастап 1998 жылға дейін Ақмола аталып келді.

1998 жылы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.

Кейін Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандарын құру туралы Жарлық шықты.

Араға біраз жыл салып, дәлірек айтсақ, 2019 жылдың көктемінде елорда атауы тағы да өзгерді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 20 наурызда ұлықтау рәсімінде ел астанасын республикамыздың Тұңғыш Президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысын Парламент пен қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Осылайша 23 наурызда Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды.

Елорданың жаңа атауы — Нұр-Сұлтан дефис арқылы жазылатын болды. Қаланың атауы қазақ тілінен алынған, «нұрдың сұлтаны» деген мағына береді.

Астана күні қалай тойланады?

Астана күні бүгінде жалпыхалықтық мерекеге айналды. Бұл мерекені еліміздің әр өңірі ерекше атап өтеді. Мерекелік концерттер, көрмелер, халықтық серуендер ұйымдастырылады. Сондай-ақ 6 шілде күні қазақстандықтарға бір күн демалыс беріледі.

Нұр-Сұлтан қаласында мейрам қарсаңында басталатын шаралар айдың соңына дейін жалғасады. Мереке күндері алыс-жақын өңірлерден қонақтар ағылады. Бұл күні түрлі концерттер, спорттық сайыстар, халықтық серуендер, фестивальдер өтеді, жас жұбайлар некесін қидырады. Дәл бүгін — мерекеде ел астанасы мен барлық облыста осындай іс-шаралар өтіп жатыр. Оның ішінде біздің өңірімізде де биыл жоспарға сәйкес бірқатар мерекелік шара ұйымдастырылды.

Елорда мен Ақтөбенің арасы

Соңғы жылдары Ақтөбе қаласында астанамыздың атауын иеленген әртүрлі мәдени-әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді. Тіпті өңірімізде Астана атауымен аталатын бірқатар көше де бар.

Ақтөбе қаласындағы «Астана» саябағы бүгінде тұрғындардың демалатын, түрлі шаралар өткізетін сүйікті орынға айналды. Бұл саябақ 2018 жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Саябақты жасақтауға жалпы құны 466 млн теңге жұмсалды. Нысанды қаржыландыру «Парыз» және Астана қаласы қорлары есебінен жүргізілді.

«Астана» саябағы орталықта орналасқан, яғни саябақтың оңтүстік бөлігі Әбілқайыр хан даңғылымен, шығыс беті «Нұр Ғасыр» орталық мешітімен, солтүстігі Неке сарайы аумағымен шектеседі. Саябақтың Әбілқайыр хан даңғылына шығатын бөлігінің ұзындығы — 210 метр, оңтүстік бағытының ұзындығы да сол шамада.

Астана саябағының жалпы алаңы — 4,3 гектар. Саябаққа «Астана» атауы осында келетін тұрғындар мен қала қонақтарының Қазақстанның астанасына деген құрметін арттыру мақсатында қойылды. Саябақтың функционалдық зоналары — кіреберіс тобы, орталық ядро және ландшафттық аймақ. Кіреберіс топта екі стела орнатылған. Оның бірі Хан шатыры түріндегі ғимаратты елестетсе, «Астана саябағы» деген жазу да өз көркемдігімен ерекшеленеді.

Саябақтың орталық аллеясы арқылы келушілер демалыс орнының басқа бөлігіне өтеді. Орталық ядро екі оппозитті төбеден тұрады және онда Астананың түрлі түсті панорамасы 3D форматта бейнеленген. Сондай-ақ жасыл қабырғаға қарсы амфитеатр орналасқан. Амфитеатрдың сыйымдылығы — 100-120 орындық шамасында. Ядроның негізгі факторларының бірі — онда қоғамдық шаралар, қалалық мерекелер, жәрмеңкелер, әрине, елорданың туған күні өткізіледі.

Саябақта сондай-ақ астананың көркем экспозициялы екі төбешікті 3D панорамасы бар. Ядро айналасында рекреациялы алаң, жол желілері, жаяу жүргіншілер жолы, сәулетті пішіндер, классикалық шамдар, орындықтар, скульптуралық композициялар, балалар алаңы, рельефті төбелер орналасқан.

«Астана» саябағы ерекше үлгіде көгалдандырылған. Ландшафтты дизайн автоматты суару жүйесімен жабдықталған.

2018 жылы облыстық және қалалық мәслихаттың шешімімен Ақтөбе қаласында екі аудан құрылды. Оның бірі елордамыздың сол кездегі атауына қатысты Астана деп аталды.

Бүгінде Астана ауданында 300 мыңға жуық тұрғын бар. Аудан қаланың батыс бөлігі болғандықтан, солтүстігінде Мәртөк ауданымен шекаралас, ал оңтүстік-батыс, батыс және солтүстік-батыс аумағы Алға ауданымен шектеседі. Қаланың Сазды, Жаңақоныс, Құрашасай елді мекендері мен №39 бекет осы ауданға қарайды. Ауданның аумағы — 0,9 мың шаршы метр.

Аудан аумағында 1,3 млн шаршы метр болатын 60 сквер мен саябақ орналасқан, қызмет көрсетумен 2 мердігерлік ұйым («Самғау-2030» ЖШС, «Нұрлы Таң Ақтөбе» ЖШС) айналысады. Сондай-ақ аудан аумағында 300-ге жуық балалар алаңы орнатылған. Бұл ауданда жалпы ұзындығы 295 062 метр болатын 324 көше бар.

Ақтөбе қаласындағы «Астана» және «Бәйтерек» сауда орталықтары — бүгінгі күні халық көп баратын, сыртқы келбеті көз сүйсіндіретін ғимараттардың бірі.

«Астана» сауда үйі қаланың ескі бөлігіндегі Орталық базардың қасында орналасса, «Бәйтерек» орталығы Әбілқайыр хан даңғылындағы «Тост» дүкенінің жанынан салынған. Бұл жерлерге күніне мыңдаған адам келеді. Соңғы жылдары бұл екі сауда үйіне де жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өткен жылы Ақтөбе қаласында ел астанасы мен Ақтөбенің арасын жалғайтын цифрлық портал орнатылды. Ол қаладағы Триатлон саябағында тұр.

Ақтөбені елордамен байланыстыратын жаңа цифрлық портал — кәсіпкер, «ASAR-реклама» ЖШС бас директоры Геннадий Зобенконың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тойына орай туған жерге жасаған тартуы.

— Мен еліміздің Тәуелсіздік тойына орай Ақтөбеге ерекше сый жасағым келді. Бұл — Еуропа қалаларында бар нәрсе. Екі қаланың арасында орнатылған экран арқылы алыста жүрген жақын адамыңмен тап қасыңда тұрғандай сөйлесуге болады. Тек екі адам емес, екі жақтан топ-топ болып та сөйлесуге де мүмкіндік бар. Әрине, телефон арқылы сөйлесесің, бірақ 1,5 мың шақырым алыстағы адамды қасыңа келгендей сезіне аласың, — деген еді кәсіпкер порталдың ашылу салтанатында.

Расымен де, бұл портал ел астанасы мен Ақтөбенің арасын жалғайтын ерекше нысан болды. Бүгінде Ақтөбенің жастары экрандардың алдына топ-топ болып жиналып, Нұр-Сұлтандағы достарымен, туыстарымен тілдесіп, мәз-мейрам болып жатады. Бұл да елодаға деген ақтөбеліктердің ерекше құрметі деуге болады.

Айта кету керек, елорданың көркеюіне біздің Ақтөбе облысы да зор үлес қосып келеді. Мәселен, бас қаланың 10 жылдық тойында Ақтөбе облысы тарту еткен «Әлия» монументалды кешені бүгінде алыстан көз тартады. Отан үшін он тоғызында опат болған Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың еңселі ескерткіші қазіргі таңда бас қалаға айрықша көрік беріп тұр. Елордалықтар 9 мамыр мерекесінде ақтөбелік батыр қыздың рухына тағзым етіп, еске алады.

Сондай-ақ ақтөбеліктер елорданың 20 жылдығында «Бейбітшілік қабырғасы» монументін салып берген еді. Монумент зәулім жапырақ тәріздес, бұл арқылы сәулетшілер сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды бейнелеген. Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады: біріншісі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі —  үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған.

Сонымен қатар жыл сайын ел астанасында дәстүрге айналған Ақтөбе облысының күндері өтеді. Онда көрме-жәрмеңкелер ұйымдастырылып, ақтөбеліктер елорда халқына арзан бағаға сапалы өнімдерін ұсынады. Мұндай іс-шаралар көбіне күз айларында ұйымдастырылады.

ЕЛОРДА — АҚТӨБЕЛІКТЕРДІҢ КӨЗІМЕН!

«Елордаға алты рет бардым…»

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Раушан Есберген осы жылдар ішінде ел астанасына алты рет барыпты. Елордаға деген ыстық ықыласын жеткізген профессор бас қалаға барған сайын ерекше шабыт алып қайтатынын айтады:

Сарыарқа төсінде бой көтерген бас қаламыздың іргесінің қаланғанына биыл 24 жыл толып отыр. Осы бір қуанышты мерекеде барша қазақстандықты, оның ішінде нұрсұлтандықтарды елордамыздың туған күнімен құттықтаймын. Бас қаламыз — талабы таудай жастарға жол ашқан, жас ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаған құтты мекен, арманмен алып-ұшып келген әрбір азаматқа жол нұсқаған қасиетті өңір. Бір сөзбен айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы — жасампаз жастардың қаласы.

Мен үшін еліміздің жүрегі — Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясымен тығыз байланысты. Араға екі-үш жыл салып мен елордаға біліктілік арттыру курстарынан өту үшін барамын. Бүгінде бас қаламыз білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің орталығына айналды. Мен сияқты қызметте жүрген ақтөбеліктер елордаға білімін шыңдап, танымын кеңейту үшін жиі барады.

Бүгінде мен академияның қолдауымен 2019 жылы өткен Астана экономикалық форумында әлемнің әртүрлі елінен келген ғалымдар мен спикерлердің сессияларында алған мәліметтерді семинар, курстар өткізу барысында басшылыққа алып келемін. Осындай үлкен тәжірибе алмасулардың арқасында «жобалық басқару» саласында ISO 21500, Prince 2 Foundation стандарттары бойынша сертификациядан сәтті өттім. «Бизнес-процестерді формализациялау, талдау және оңтайландыру» курсын да тәмамдап, бүгінде мемлекеттік қызметшілерге бар білген-түйгенімді үйретіп жүрмін. Мен әр кез жас мамандарға бас қалада жастарға мүмкіндіктер көп екендігін, өзін дамытқысы келетін қыз-жігіттерге ол жерде жаңа бастамалар көтеруге болатындығын айтып келемін.

 Жастардың қаласы»

 Нұрбақыт Алтынбекқызы, «Бізбен бірге» қоғамдық қорының жоба менеджері:

— Мен ел астанасына алғаш рет 2010 жылы бардым. Сол кезде бас қаламыз көздің жауын алатын әсем ғимараттарға толы, әдемі қала еді. Қазіргі кезде мегаполиске айналған әсем қала әр жастың арманына айналды.

Елордада өмір сүру кез келген адамды алға жетелейді, армандарыңның орындаларына ерекше сенім ұялатады. Бұл қалада мүмкіндіктердің бәрі сен үшін құшағын айқара ашып тұрғандай. Міне, биыл 24 жасқа толып отырған бас қаламыз көптеген тарихи оқиғалардың ордасына айналды. Елорданың бойтұмарына айналған «Бәйтеректен» бастап, пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайы, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат — «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы, теңізден алыс орналасқан океанариум — «Думан» орталығы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Орталық Азиядағы ірі мешіт — «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Қазақ елі» монументі, Өнер музейі, тағы басқа да зәулім ғимараттар — нағыз шығармашылықтың, тарих пен мәдениеттің ордасы.  

Елімізді шетелдерге танытқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің де ел тарихындағы маңызы зор. Арнайы қалашық бой көтеріп, оның орталық нысаны «Нұр Әлем» деп аталған бұл көрме бүгінде елорда қонақтары көрмей, тамашаламай кетпейтін әсем орынға айналды.  Алып шар тәрізді ғимарат әлемдегі ең үлкен сфера екенін бірі білсе, бірі білмес. Оның диаметрі 80 метр болса, биіктігі — 100 метр. Сегіз қабаттан тұратын нысанның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналған. Ал сегізінші қабат «Астана — болашақтың қаласы 2050» экспозициясына арнайы бөлінген. Бұл алаңдар өзгелерге ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді танытып, жарқын болашағымыз туралы мол мәліметтер алуға мүмкіндік береді.

Нұр-Сұлтан — жастардың қаласы. Себебі мұнда мәдениет ошақтары көп, өнер десеңіз, өнерді үйренуге жол ашық, бизнес десеңіз, бизнесті бастауға мүмкіндік мол, оқу десеңіз, ең мықты деген оқу орындары осы қалада орналасқан. Ал спорт, өндіріс, мемлекеттік қызмет салаларында өзіңді көрсеткің келсе, толықтай мүмкіндігің бар. Бүгінде бас қалада өңірімізде туып-өскен білімді жастардың көбі абыройлы еңбек етіп, өз биігін бағындырып жүр.

Мен бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы ғимараттардың бәрін көрдім, әрқайсысынан ерекше әсер алдым. Десе де, жыл сайын елордаға баруға асығып тұрамын. Бұл қалаға барған кез келген жас өзіне жаңаша мотивация, айрықша шабыт алып қайтады. Сондықтан барша ақтөбелік жастарды бас қаланы өз көзімен көріп, еліміздің астанасын алаңсыз аралауға шақырамын.

Қазіргі таңда елімізде ішкі туризм дамып келеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, әсіресе ауыл балалары елордамыздың керемет нысандары мен ғажайып табиғатын тамашалап қайтса деген тілек білдіремін. Баршаңызды елордамыздың туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Астанамыз гүлденіп, жарқырай берсін!

«Армандар орындалатын мекен!»

Бірнеше жыл облыстағы «Aqtóbe» телеарнасында тележүргізуші болып қызмет еткен әріптесіміз, жерлесіміз Мереке Амангелдіқызы былтырдан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Қазір ол «Жетінші арнада» арнайы корреспондент болып еңбек етіп жүр.

  • Елордаға алғаш рет он алты жасымда келдім. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетіне оқуға түстім. Оқуды бітіргеннен кейін ел астанасында қалуды ұйғардым. Өйткені елорда — болашағы зор және жаңа мүмкіндіктер қаласы. Бас қалада мен жаңа достар таптым, белгілі, танымал адамдармен дәмдес болдым. Мұнда күн сайын танымал адамдармен кездескенде, олармен сұхбаттасқанда мен де алдыма дәл сондай мақсат қоя бастадым. Өз арманыма қол жеткізу жолында үздіксіз еңбектендім. Бір сөзбен айтқанда, мұнда еңбек еткен кез келген адам жаһандық қозғалыс пен модернизмнің бір бөлшегіне айналады.

Мен 2019-2021 жылдар аралығында облыстық телеарнада жаңалықтар жүргізіп, редактор болып қызмет еттім. Әрине, өңірдің өз артықшылықтары бар, дегенмен менің өмірім елордамен тығыз байланысты екеніне көзім жетті. Осылайша былтыр «Жетінші арнаның» шақыруымен осында қайта оралдым. Мен үшін бұл жаңа баспалдақ болды. Қарапайым өңірлік журналистен республикалық арнаның арнайы тілшісі болдым. Қазір мұндағы негізгі жұмысым — Ақордада, Үкіметте, Сенат пен Мәжілісте болып жатқан соңғы жаңалықтарды көрерменге жеткізу. Мен бұл билік органдарында аптасына бес күн үзіліссіз еңбек етемін. Мұнда әр күн сайын ел тағдыры шешілетін оқиғалардың куәсі болып жүрмін. Осы жұмысыммен мақтанамын және армандар орындалатын қаламды ерекше жақсы көремін!

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button