Білім

Жаңа оқу жылына әзірлік қалай?

Биыл облыста 14 мектеп салынып жатыр. Оның бірі — Есет батыр тұрғын үй алабы №4 шағын ауданындағы 900 орындық білім шаңырағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. 10 мектепті қараша, желтоқсан айларында ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде облыстық «Ақтөбе» газетінде қайта-қайта мәселе етіп көтерілген Мұғалжар ауданындағы Құмжарған апатты мектебі де бар. Аталған білім шаңырағы жыл аяғына дейін еңсе көтермек. Ал қалған 3 мектептің құрылысы келесі жылы аяқталады.  

Сондай-ақ биыл 38  білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның 9-ы «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында жаңармақ. Жалпы осы мақсаттағы жұмыстар үшін  республикалық және облыстық бюджеттерден 4,6 миллард теңге бөлініп отыр.

Биыл 11 мектеп ашылады

Біздің облыстың 7 ауданында мектеп құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның арқасында 14 мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілмек. Оның 2-еуі үш ауысымды, 4-еуі орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешеді. Сондай-ақ 3 жаңа мектеп Әйтеке би ауданындағы Комсомол, Мұғалжар ауданындағы Құмжарған және Қобда ауданындағы Терісаққан апатты мектептерінің мәселесін шешеді. Өңірде ескі мектептер де жоқ емес. Осы құрылыстардың арқасында 5 ескі мектептің орнына заман талабына сай жаңа мектеп еңсе тіктейді, — дейді облыстық білім басқармасы инфрақұрылымдық және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Ләззат Ордабаева.

Бұл мақсаттағы жұмыстар үшін бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінген. 14 жобаның арасында Ақтөбе қаласындағы «Шилісай-1» тұрғын үй алабында 600 орынға арналған мектептің құрылысы да бар. Сонымен бірге шалғайдағы Байғанин, Ырғыз, Шалқар аудандарында жаңа білім шаңырақтары бой көтеретін болады. Биыл Мұғалжар ауданында 4 мектептің құрылыс жүргізілуде.

Оның айтуынша, Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатындағы «2025 жылға қарай 1000 жаңа мектеп салу есебінен апатты және үш ауысымды мектептер проблемаларын шешу» Жол картасына сәйкес 5 жылдық жұмыс жоспары әзірленген. Соған байланысты (2021-2025 жж.) 54 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның 22-сі Ақтөбе қаласында салынады.

5 жылдық жоспар бойынша былтыр 12 мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілсе, келесі жылы да 12 мектеп салынады. Сондай-ақ 2024 жылы 7 мектеп, 2025 жылы 12 мектеп ашылады, — дейді Ләззат Ордабаева.

38 ғимарат жаңарады

Оның айтуынша, жыл өткен сайын білім беру ұйымдарын қаржыландыру көлемі артып келеді.

Мысалы, былтыр өңірдегі 32 мекемеге (оның ішінде 28-і — мектеп) күрделі жөндеу жасалған болатын. Бұл мақсатқа 1,9 миллиард теңге бөлінген-ді. Биыл 38 нысанды жаңарту жоспарланды (Оның — 26-сы мектеп, 8-і балабақша). Бөлінген қаражат та қомақты: 4,6 миллиард теңге жұмсалады.  «Ауыл — ел бесігі» жобасының арқасында республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, 9 мекемеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Мысалы, Әйтеке би ауданында Үшқатты және Тереңсай, Байғанин ауданындағы Жарлы мектептеріне жаңартылып жатыр. Сондай-ақ Ырғыз ауданындағы Құрылыс, Құтикөл ауылдарындағы бөбекжайлар жаңартылмақ.

Қазірде мемлекеттік сатып алулар қорытындысы бойынша мердігерлердің бәрі  анықталып, жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың барлығы оқу жылы басталғанға дейін аяқталатын болады, — дейді Ләззат Ордабаева.

Күні кеше ғана (30 маусым мен 5 шілде аралығында) облыстық білім басқармасының мамандары  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралап, құрылыс барысын тексерді.

БАСШЫЛАРДЫ РОТАЦИЯЛАУ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Біздің облыста мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерін ротациялау жүргізіліп жатыр. Қазір өңірдегі 32 мектептің және 18 балабақшаның басшыларын ротациялау мәселесі талқыланып жатыр.

Маусым айында еңбек өтілдері 4 және 7 жылдан асқан білім беру ұйымдары басшыларының тізімдері жасақталды. Осы тізім бойынша мәліметтер облыстық білім басқармасы жанындағы комиссияның қарауына ұсынылды.  

Комиссия мүшелері бірауыздан дауыс беріп, Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығымен бекітілген қағиданың 12-тармағының 2-абзацына сәйкес, атқарып отырған лауазымындағы еңбек өтілі 7 жылдан асқан басшыларды ротациялауды қарау туралы шешімге келді. Соған сәйкес еңбек өтілі 7 жылдан асқан басшылар міндетті түрде ротациялануы қажет. Еңбек өтілі 7 жылға жақындаған директорлар мен меңгерушілер өз өтініштерін білдірген жағдайда ғана ротацияланатын болады, — дейді облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар, персоналды басқару және педагог кадрлармен жұмыс бөлімінің басшысы Арсен Хасен.

Оның айтуынша, облыстағы 42 мектеп директорының басшылық еңбек өтілі 7 жылдан асқан. Олардың арасында бір мектепті 20 жылға жуық басқарып отырғандар да бар. 4 жылдан астам уақыттан бері мектеп басқарып отырған директорлардың үлесі — 40-қа жуық.

Айта кету керек, білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау жұмыстары биыл жыл басында бастау алып, Ақтөбе қаласындағы 4 техникалық және кәсіптік білім беретін колледждің директоры ротацияланған болатын.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button