Ауыл

Еңбек ардагеріне құрмет

Түлектер спартакиадасы

Құмсай ауылында еңбек ардагері Қуат Қонақбаевтың құрметіне арналған мектеп түлектерінің спартакиадасы өтті.

Қуат Берекеталыұлы 1972 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітіріп келгеннен кейін, «Темір» кеңшарында агроном, бөлімше меңгерушісі, «Ембі» кеңшарында директор қызметін атқарды. Ол білікті маман, іскер де ұйымдастырушы басшы болуымен қатар, қай қызметте жүрсе де спортты жанына серік ете білді. Әсіресе, ауылда волейбол спортының дамуына көп үлесін қосты. Жастар командасын құрып, ауылдастарын аудандық, облыстық жарыстарға бастап барып жүрді. Бүгінде құрметті демалысқа шығып, Ақтөбе қаласында тұратын еңбек ардагері өзі туып-өскен ауылға жиі келіп тұрады.

Бұл жолғы ауылдағы спартакиадаға әр жылғы мектеп түлектерінен құралған 17 команда қатысты. Олардың ең үлкені — 1980 жылғы, ал кішілері — 2017 жылғы түлектер.

Спартакиада бағдарламасында волейболдан басқа, шағын футбол, арқан тарту, гір көтеру сайыстары орын алды.

Жалпыкомандалық есепте 2011 жылғы түлектер топ жарса, кезекті жүлделі орындарды 2005 және 2017 жылғы түлектер иеленді. Гір көтеруден Әуес Құбаев, Еркінбек Жұбатқанов, Асылбек Ағымбаев алға шықты.

Жарысқа қатысушы жеңімпаздарды Amanat партиясы аудандық ұйымынан Көмекбай Бектілеуов, Қандыағаш спорт мектебінің директоры Жеңіс Марқабайұлы құттықтады.

Спорттық шараны ұйымдастыруда жеке кәсіпкер Мейіржан Тілеубаев, Құмсай селолық округінің әкімі Асылбек Тұғыров белсенділік танытты, сондай-ақ Қонақбаевтар әулеті демеушілік жасады.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев Қуат Қонақбаевты «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады.

Дулат АМАНЖОЛОВ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button