Мәдениет

Ұлттық құндылықтар ұлықталған күн

Салт-дәстүр

Ақтөбе қаласындағы «Тропикано» демалыс базасында «Дәстүрге жол» республикалық жобасы аясында этнофестиваль өтті. Қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс орталығынан және аудандардан барлығы 30-ға жуық адам қатысты.

Жобаның өңірдегі жетекшілерінің бірі Нәзира Табылдинованың айтуынша, аталған этнофестиваль — биыл жыл басынан бері облыс көлемінде өткізіліп отырған үшінші шара.

— Жалпы республикалық «Дәстүрге жол» жобасының авторы — Айнұр Жүгінісова. Бұл жобаның мақсаты — ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, насихаттап, болашақ ұрпаққа жеткізу. Қазіргі таңда осы жоба аясында барлық өңірлерде филиалдар ашылып жатыр. Мәселен, біздің облыстық филиалдың құрамында бүгінде 70-ке жуық мүше бар. Алдағы уақытта аудандарда да осындай филиалдар ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде осы жоба аясында Ырғыз, Қобда аудандарында жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі этнофестивальге аналар кеңесінің мүшелері, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген аналарымыз, апаларымыз, қолөнер шеберлері қатысты, — дейді ол.

Этнофестиваль жан-жағы жасыл желекпен көмкерілген, су жағасында орналасқан демалыс базасында өтті. Мұнда ақ шаңқан киіз үй тігіліп, оның ішіне әжелер өз қолымен тіккен, ою-өрнектелген көрпе-жастықтар қойылды.

Шарада ақ жаулықты әжелер сәбиді бесікке салу рәсімін өткізіп, жиналғандарға ақ батасын берді. Сондай-ақ ши және кесте тоқу, ұршық иіру, жүн түту, тары түю, табақ тарту, т.б. өнер түрлерінен шеберлік сағатын өткізді.

Этнофестивальде Ақтөбе қаласының Бауырластар тұрғын алабының тұрғыны Айсұлу Сиыршина қазанжаппай пісіріп, оның жасалу жолымен бөлісті. Жиналғандар қазанжаппайдан бөлек, құрт, ірімшік, сарысу, бауырсақ, көже және басқа да ұлттық тағам түрлерінен ауыз тиді.

— Менің негізгі мамандығым — дәрігер. Алайда қазіргі таңда қолөнермен айналысамын, тоқыма тоқимын. Сондай-ақ ұлттық тағамдарымызды әзірлеп, осындай шараларда көпшілікке ұсынамын. Бүгінгі шарада қазанжаппай әзірлеп, оның жасалу жолымен бөлісіп жатырмын. Алдағы уақытта осындай ұлттық тағамдарды үйренгісі келетін жастар болса, қуана-қуана үйретемін. Жалпы өзім мұны анамнан үйренгенмін. Қазанжаппай әзірлеу үшін ұн, ашытқы, су, тұз, май болса жеткілікті. Сондай-ақ май жағылмаған қазан болуы керек. Қазанның бетіне тұзды суды шашып, ашытылған қамырды жаямыз. Одан соң оны шоққа жарты сағаттай қойып, аудару қажет. Осылайша піскен нанға май жағып, қонаққа ыстық күйінде ұсынуға болады, — дейді ол.

Шараға келгендердің бірі — 8 баланың анасы, «Алтын алқа» иегері, ырғыздық Күлән Әбділдина. Бүгінде ақ жаулықты әже үш ұл, бес қызынан 26 немере, бір шөбере сүйіп отырғанын айтады.

— Сонау 90-жылдардан бастап қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттап келемін. Ауылда өзім әлі күнге дейін құрт, ірімшік, сарысу, тары, жарма әзірлеймін. Сондай-ақ ауыл жастарына табақ тартудың мән-жайын үйретіп келемін. Одан бөлек шарқат, жемпір тоқимын. Осы жобаға қатысып, бүгін бар білгенімді қыз-келіншектерге айтып жатырмын. Қазіргі кезде ұлттық құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа жеткізетін, насихаттайтын осындай жобалар керек. Себебі жастардың көбі қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын ұмытып бара жатыр, — дейді Күлән әже.

«Дәстүрге жол» жобасының өңірдегі тағы бір жетекшісі Алмагүл Сарыбайдың айтуынша,  алдағы 8-12 шілдеде елордада аталған жоба аясында өтетін байқауға біздің облыстан абысыны мен келіні қатысады. Қазір олар осы байқауға қызу дайындалып жатыр. Байқауда аналар өз қолынан шыққан бұйымдарынан дефиле көрсетеді, ұлттық тағам түрлерін әзірлейді.

Данагүл ҚАЗИХАН. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button