Білім

Ел тарихындағы алғашқы алтын медаль

Білім бәйгесі

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Санжар Хамитов Қазақстан тарихында тұңғыш рет ЕGeO-2022 Еуропалық географиялық олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды.

11-сынып оқушысы 16-19 жас аралығындағы жоғары лига қатысушылары арасында абсолютті жеңімпаз атанды.Еуропалық географиялық олимпиада – 12-19 жас аралығындағы мектеп оқушыларының жыл сайынғы жарысы. VIII еуропалық географиялық олимпиада биыл 24-29 маусымы аралығында қашықтықтан ұйымдастырылды, оған Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Литва, Латвия, Эстония, Сербия, Словения, Қазақстан, Румыния, Чехия, Болгария, Босния және Герцеговина елдерінен 111 адам қатысты.

Бұған дейін география пәнінен республикалық, желілік олимпиадалардың алтын медальдарын иеленген Санжар Хамитовтың бұл жолғы жүлдесі ерекше.

— Олимпиада үш турдан тұрды – жазбаша, мультимедиялық, далалық. Санжар барлық кезеңде жақсы нәтиже көрсетті. Ол тәжірибелік және теориялық білімін үнемі жетілдіріп отырудың арқасында алтын медальға қол жеткізді. Сондай-ақ барлық қатысушылардың арасынан ол ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергендігімен ерекшеленді, – деп атап өтті Санжардың жаттықтырушысы — Ақтөбедегі Зияткерлік мектептің түлегі, ІGeO-2021 халықаралық географиялық олимпиадасының жеңімпазы Рустам Валеев.

Енді Санжар Хамитов ІGeO және IESO халықаралық олимпиадаларына қатысады.

 Әйгерім АМАНҒОСОВА,

Ақтөбе қаласы Назарбаев Зияткерлік

мектебінің баспасөз хатшысы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button