Басты жаңалықтар

Ақтөбеде бірнеше спорт кешені ашылады

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені мен үстел теннисіне арналған әлемдік деңгейдегі орталық салынып жатыр. Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған кешендердің құрылыс барысымен танысты.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені Батыс-2 шағын ауданында тұрғызылып жатыр. Құрылысы өткен жылы басталған нысан пайдалануға келер жылы берілмек.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров аталған кешеннің республикада теңдесі жоқ бірегей жоба екенін айтты.
— Бүгінгі таңда облыстағы мүмкіндігі шектеулі спортшылар саны 1300-ден асады. Ал мына денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталса, спортшылар саны екі есе артатынына сенімдіміз. Өйткені бұл орталықта спортсүйер мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалатын болады. Балалардан бастап ересектерге дейін тегін жаттыға алады. Олармен арнайы мамандар жұмыс жасайды, — дейді басқарма басшысы.
Облыс әкіміне нысанның құрылысы туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров айтып берді.
Мұнда спортзалдарынан бөлек, аумағы 25х16 метр бассейн болады. Ал сыртында жүгіруге және футбол ойнауға арналған алаң қарастырылған.
Сондай-ақ кешенде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы орналасады.
Кешеннің жалпы құны — 2,1 млрд теңге. Облыс әкімі «Интерстиль» ЖШС мердігер мекемесінің өкілдерімен әңгімелесіп, кешеннің маңыздылығын атап өтті және құзырлы мемлекеттік органдарға құрылысты қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
— Бір-екі жылдықта мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыздың мәселесін түбегейлі шешуіміз керек. Ол үшін қаражат бөлінді, жоспар құрылды. Енді жұмыстарды уақтылы әрі сапалы аяқтау қажет, — деген Оңдасын Оразалин қала әкімі Асхат Шахаровқа кешенге дейінгі жолдың жайын реттеуді тапсырды.
Айта кету керек, қазіргі таңда Ақтөбедегі Есет батыр тұрғын үй алабында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үлкен оңалту орталығы салынып жатыр. Оның құрылысы да келер жылы аяқталады.
Бүгінгі таңда облыста 28012 мүмкіндігі шектеулі азамат бар, оның 4500-ден астамы —балалар.
Әуе қалашығы ауданында салынып жатқан үстел теннисі орталығында осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Орталықтың негізгі құрылысы аяқталған, тек инженерлік желі тарту жұмыстары ғана қалыпты. Ақтөбедегі үстел теннисін ойнауға арналған алғашқы орталықтың барлық корты сертификатталған еуропалық жабдықтармен қамтылатын болады. Бұл орталық түрлі жастағы кәсіби спортшыларды даярлап, халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарды осында өткізуге мүмкіндік береді.
— Аталған нысанның құрылысы толық аяқталған соң облыс орталығында тағы бір жаңа спорт нысаны іске қосылмақ. Бүгінгі таңда облыста үстел теннисімен айналысатындар 15 мыңнан асады. Яғни сұраныс жоғары. Мердігерлер мен тиісті басқарма басшыларына жұмыстың уақтылы аяқталуын тапсырдым. Жұмыстың барлығы 1 қыркүйекке дейін аяқталып, спортшылардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалуы керек, — деген облыс әкімі қалада жұмыс жасап жатқан теннис секцияларының жабылмайтынын атап өтті.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров
өткен жылы теннис ойнайтын 100 үстел мен 1000 ракетка алынып, аудандарға берілгенін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button