Жаңалықтар

Жылы жүздесу

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин екі апта бойы «Ана тілі әлемі» халықаралық тіл лагерінде демалған балалармен және олардың ата-аналарымен кездесті.

Кездесу халықаралық тіл лагерінің ұйымдастырылу барысы туралы бейнефильмді тамашалаудан басталды.

Кездесу барысында облыс әкімі бұл лагерьдің биылғы Балалар жылы аясында Ақтөбе өңірінде жүзеге асырылып отырған алғашқы жоба екендігін, келер жылы мұндай шара үш ауысымда ұйымдастырылатынын атап өтті.

  • Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе облысы мен Орынбор облысы арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға байланысты өткен іссапарға барғанымызда, сол елде тұрып жатқан қандастармен кездескен едік. Содан кейін осындай бір игі бастаманы қолға алдық. Алайда пандемияға байланысты бұл шара кейінге қалдырылған. Міне, биылғы Балалар жылында осы игі бастаманы жүзеге асырып, Ресейде тұратын қандастарымызды облысымызда қонақ етіп, оларға керемет демалыс ұйымдастырдық. Екі апта ішінде Ресей елінен өңірімізге келген 30-ға жуық бала демалып қана қоймай, ана тілін үйреніп, қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық құндылықтарымен, тағамдарымен, облыстың тарихи, киелі жерлерімен танысты. Осы демалыс аясында көрген-білгендерін балалар әрдайым жадында сақтап, туған Отаны мен Ақтөбені тілге тиек етіп айтып жүреді деп сенеміз. Сондықтан балаларымызға, ата-аналарға ерекше алғысымызды айта отырып, алдағы уақытта да ынтымақтастықта, байланыста болайық дегім келеді, — деген облыс әкімі лагерьге келген барша қазақ балаларына ерекше ризашылығын жеткізді.

Басқосуда Ресей Федерациясының Алтай, Татарстан Республикаларынан, Санкт-Петербург қаласы мен Орынбор, Орск, Саратов, Омбы, Челябі облыстарынан келген балалар лагерьде алған әсерлерін айтып, қазақ тілінде ақжарма тілектерін білдірді. Олардың бірі Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін оқыса, енді бірі қазақтың мақал-мәтелдерін жатқа айтып берді. Сондай-ақ домбырамен «Қара жорға» және  «Атамекен» әндерін шырқады.

Жылы жүздесуде Ресейден арнайы келген ата-аналар облыс басшылығына жылы лебізін жеткізсе, халықаралық «Қазақ тілі» орталығының Орынбор өкілдігінің төрағасы Сәуле Тайкешова балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бастама көтерген  облыс әкіміне сый-құрмет көрсетті.

Шара соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин балаларға өз атынан құттықтау хат және кәдесыйлар табыстады.

Айта кету керек, 20 маусым-1 шілде аралығында өткен «Ана тілі әлемі» халықаралық тіл лагері Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында өтті. Лагерьде Ресейден келген этникалық қазақ отбасыларынан шыққан 30-ға жуық бала қазақ тілін үйреніп, қазақтың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button