Жаңалықтар

Қылмыс азайды ма?

Тәртіп

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібінде мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың маңызды тетігі ретінде мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес жүргізу, құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қолайсыз отбасылардың және ата-аналардың өз міндеттерін тиісінше орындамау деректерін анықтау бойынша аулаларды аралау, т.б. өзекті мәселелер қаралды.

Жиында алдымен қала әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы Аманат Рахимов биылғы 5 айда

мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оның алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Бұдан кейін құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес, құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде жүргізілген жұмыс қорытындылары туралы Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Зиятдин Күнбасов баяндама жасады.

Басқарма бастығының айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл қала аумағында жасалған қылмыстар саны 8,3 пайызға азайған. Атап айтсақ, өткен жылдың 5 айында 2720 қылмыс тіркелсе, биылғы көрсеткіш — 2495.

— Өкінішке қарай, соңғы кезде елімізде интернет алаяқтығы деректері көбейген. Дегенмен қаламызда осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биылғы көрсеткіш едәуір төмендеген. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 22 пайызға азайып отыр. Сондай-ақ қаламызда автобустарда болатын қалта ұрлығы да әлі де толастар емес. Біз мұндай құқықбұзушылықтың алдын алу үшін жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелермен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізуде қоғамдық көліктерде бейнекамералардың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Оның басты себебі қаламыздағы қоғамдық көліктердің көбінің тозығы жеткен, — деді ол.

Зиятдин Күнбасов өз сөзінде қаладағы «Зарина», «Күнсәуле», «Маяк», «Миллионер», т.б. ойын-сауық кешендері аумағында бұзақылықтардың көп болатынын, биыл 47 бұзақылық дерегі тіркелгенін атап өтті. Сондай-ақ ол жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықты азайту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстардың саны 17,5 пайызға азайған.

Құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуі керек. Әсіресе жасөспірімдерге байланысты бұзушылықтарды анықтауда ата-аналармен бірлесе жұмыс жасау өте маңызды. Өкінішке қарай, қазір ата-анасының қарауынсыз қалған, әртүрлі жағдайларға тап болған кәмелетке толмағандар саны азаймай отыр. Сондықтан қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлық деректерін жою үшін көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізу керек, — деген қала әкімі жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Данагүл қазихан.

Басқа жаңалықтар

Back to top button