Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа орталық ашылды

Кәсіподақ

Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы еңбеккерлерінің «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалы Темір ауданында өзін-өзі дамыту орталығын ашты.
Бұл орталық мемлекеттік қызметшілерге арнап ашылып отыр. Салтанатты шараға «Қызмет» салалық кәсіподағы орталық комитеті төрағасының орынбасары Атақозы Нұрланов пен аудан әкімі Саламат Аманбаев қатысты.
Орталықта кәсіподақ мүшесі болып табылатын мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытын тиімді пайдалануы үшін, әлеуметтік жобалар, интеллектуалды ойындар ұйымдастыруға, өз біліктіліктерін көтеру бағытында тренингтерге қатысып, психолог кеңесіне жүгінуіне, танымдық фильмдер қарап, кітап оқуына жағдай жасалған.

«Қызмет» салалық кәсіподағы орталық комитеті төрағасының орынбасары Атақозы Нұрланов бұл республика көлемінде баламасы жоқ орталық екенін, мұндағы жұмыстардың еңбек өнімділігін арттыруға, ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға оң әсер ететінін атап өтті.
Орталық ашылған күні ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының кабинет меңгерушісі Жанипа Құрманова ауданның мемлекеттік қызметшілеріне арнап тренинг өткізді. Ал жоба  ұйымдастырушыларының айтуынша, алдағы уақытта орталықтың жұмысы оң пікірге ие болса, осындай орталықты басқа аудандарда да ашу көзделетін болады.

Н.ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button