Жаңалықтар

Мың баланың қуанышы

Аула клубы

Кеше Сазды ауылында «Шаңырақ» аула клубы салтанатты түрде ашылды.

Шараға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов, Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов, Сазды ауылының тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты.

Жаңа аула клубының ашылуымен құттықтаған Айбек Көпенов мұндай қосымша білім беру ұйымдары балалардың бойындағы шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамытуға, өзге оқушылармен бірге жаңа дүниелер ойлап табуға ерекше ықпал ететінін жеткізіп, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

Аула клубы директорының міндетін атқарушы Владимир Петровтың айтуынша, мұнда алдағы уақытта Сазды ауылының мыңға жуық оқушысы қосымша білім алады.

—  Мәселен, балалардың бір тобы робототехника, 3D, әуе, авто және кеме үлгілеу, енді бір тобы қолөнер, халық шығармашылығы, домбыра, үрмелі аспаптар, хореография үйірмелеріне келеді. Биыл 1 қыркүйектен бастап клубта барлығы 21 үйірме жұмыс жасайтын болады. Қазір жазғы демалыс кезінде мұнда 7 үйірме ғана жұмыс істеп жатыр.  Аула клубына келушілердің дені — осы ауылдағы мектептердің оқушылары. Қазіргі таңда 7 үйірмеге 300-ден астам бала тіркелді. Оларға жалпы саны 25 педагог қосымша білім береді, — дейді ол.

Аула клубына бұрынғы аудан әкімдігінің ғимараты берілген. Биыл ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұнда қазір 15 кабинет қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.

Жаңадан ашылған аула клубына баласын әкелген ата-аналардың бірі — Ақгүл Райымбекқызы. Оның 8 және 12 жастағы екі ұлы бар екен.

— Мен үлкен баламды аула клубындағы авто үлгілеу үйірмесіне бердім. Ауылымызда осындай қосымша білім беретін мекеменің ашылғанына қуаныштымын. Бұл жерде балаларға қажет барлық үйірмелер бар. Балаларымыз жазғы демалысын тиімді, қызықты өткізеді деп сенеміз. Алдағы уақытта кішкентай баламды домбыра үйірмесіне әкелемін, — дейді ол.

                                                      Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button