Жаңалықтар

Химиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр

Брифинг

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шабындық көбелегінің таралуы бойынша ағымдағы жағдай туралы» тақырыбында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев облыста шабындық көбелегі пен шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

Қазіргі уақытта облыста 16,2 мың гектар жерге химиялық жұмыстар жүргізілді, оның ішінде 1,7 мың гектары мемлекеттік қор болса, 14,5 мың гектары — ауыл шаруашылығы құрылымдарының жері.

Қазіргі уақытта кейбір аудандарда шабындық көбелегі кездеседі. Алайда оның ішінде ең қауіптісі — шабындық көбелегінің құрты. Осыған байланысты қазіргі таңда өңірдегі барлық субъектілер құрттарын жою бойынша жұмысты жалғастыруы керек. Қалыптасқан ауа райы жағдайларын ескере отырып, құрттар шілде айының екінші, үшінші онкүндігінде көбеюі мүмкін. Сондықтан бұл жағдай бақылауға алынады. Жалпы қазіргі таңда шегірткелер мен шабындық көбелегі мәселесі тиісті органдардың күнделікті бақылауында тұр. Бүгінге дейін облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілген жоқ, — дейді ол.

Асылхан Әбтиевтің айтуынша, биыл облыс бойынша 3 ауданда, атап айтсақ, Әйтеке би, Ырғыз және Шалқар ауданында 312,0 мың гектар алқапқа шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Бүгінгі күнге дейін италия шегірткесіне қарсы жұмыстар 211,8 мың гектарға, азия шегірткесіне қарсы жұмыстар 11,4 мың гектарға жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар

әлі де жалғасып жатыр. Шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын Әйтеке би ауданы бойынша «ЗапКазФумигация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Шалқар, Ырғыз аудандарында «Ақтөбе-Құнарлылық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді, — деді А.Әбтиев.

Брифинг соңында басқарма басшысының орынбасары әлеуметтік желілерден түскен және журналистер қойған сауалдарға жауап берді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button