Ауыл

Ойын алаңын салып берді

Балалар жылына орай Жаңақоныс ауылдық округінің орталығы — Аққайтым ауылында мектепті 1992 жылы бітірген түлектер жалпы құны 2 млн теңгеге ойын алаңын салып берді.

Игілікті іске қуанған бүлдіршіндер үшін аталған алаң тапсырылған күн үлкен мерекеге айналды. Түлектер ойын алаңын салтанатты түрде табыстап, кішкентайларға балмұздақ пен тәттілерді тегін таратты. Және өмірден өткен сыныптастарын еске алып, олардың ата-аналарына да сый-сияпаттар үлестірді.

Осы шараға ауыл мектебін 2002 жылы бітірген түлектер де атсалысып, ауыл ішіне 100 түп ағаш отырғызды.

Жырақта жүрген түлектер бас қосқан бұл күні ауыл жастары арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды.

Соңғы жылдары Аққайтым ауылына көгілдір отын тартылды, аудан орталығына қатынайтын асфальт төселді. Ынтымағы жарасқан мекенді көркейтуге ауыл азаматтары да белсенділік танытып келеді. Мәселен, өткен жылы орта мектепті бітіргендеріне 30 жыл болған түлектер ауылдың кіреберісіне жас жұбайлар аялдайтын киіз үй тәрізді «Келінтөбе» орнатып берді. Осындағы «Туған өлкем — Аққайтым» деп жазылған үлкен стелланы да ауыл жастары жасады.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button