Жаңалықтар

Жайылымдық жер мәселесі қалай шешіледі?

Өзекті

Игерілмеген жайылымдық жер — еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бос жатқан жайылымдық жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді нықтап тапсырған болатын. Amanat партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысады. Кеше Amanat партиясының хатшысы, аталған комиссияның төрағасы Дәулет Кәрібек бастаған бір топ өкіл біздің облысқа арнайы іссапармен келді. 

Шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов, Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы — Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов және аталған комитеттің басқарма басшысы — мемлекеттік инспектор Сағадат Дүйсенов қатысты.

Жиында сөз алған Дәулет Кәрібек Amanat партиясы Президент жүктеген мәселені шешуге атсалысатынын тілге тиек етті:

Қазақ халқында «Жер — елге аманат, ел — ерге аманат» деген нақыл бар. Жер мәселесін шешетін уақыт келді. «Жер аманаты» комиссиясының басты мақсаты — игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді, заңсыз жекеменшікке өткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға көмектесу және жерді ауыл тұрғындарына қолжетімді ету, — деді ол.

Комиссия төрағасының айтуынша, жыл басталғалы бері «Жер аманаты» комиссиясының ұйытқы болуымен Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы 140 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Шара барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов өңірдегі елді мекендердің жайылымдық жерлері туралы айтты.

Облыстағы жалпы көлемі 30 062,9 мың га жер қорының 26970,2 мың гектары — ауыл шаруашылығы алқаптары. Оның 24 869,3 мың гектары — жайылым.

Өткен жылы облысымыздағы бос жатқан және қолданылуы тиімсіз жайылымдарды қайтару туралы сол кездегі Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 500 мың гектар ауылшаруашылық жерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болатын. Соған байланысты мемлекеттің босалқы жер қорына жалпы көлемі 524,8 мың гектар жер учаскесі қайтарылды. Оның  39,2 мың гектары — егістік. Жоспар 104,9 пайызға орындалды, — деді басқарма басшысы.

Биыл облыста 5 рет конкурс өткізіліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 368,1 мың га жер учаскесі айналымға енгізілген. Сондай-ақ нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаған 98,2 мың га жер учаскесі анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылған. Облыс бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбаған 244 жер пайдаланушы адамның тізімі (551 мың га астам) жасақталыпты.

Басқосу барысында облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Баянбек Қырықбаев баяндама жасады.

Біздің департамент жерді тиімді және ұтымды пайдалануға бақылау жүргізеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 4 мамырдағы бақылау және қадағалау субъектілеріне қатысты жоспардан тыс тексерулерді тағайындау және жүргізу туралы бұйрығы негізінде департамент тарапынан пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері қатаң бақылауға алынуда, — деді Баянбек Қырықбаев.

Жыл басталғалы бері департамент тарапынан 109 тексеру ұйымдастырылыпты. Қорытындысында Жер заңнамасын бұзған 71 дерек анықталып, оларды жою үшін тиісті нұсқамалар берілген.

Енді жер және оның қойнауы, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады. Жердің игілігін халық көреді. Сол себепті иесіз, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізіле бермек.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button