Жаңалықтар

Маусым: мереке және береке

Шолу

Маусым — кәсіби мерекелер айы.

Осы айда журналистермен қатар, мемлекеттік қызметшілер, сот жүйесі қызметкерлері, тәртіп сақшылары және ақ халаты абзал жандар өз мерекелерін атап өтті.

Қоғамда әрқайсысының өзіндік орны бар сан түрлі мамандық иелері мерекелеумен қатар, атқарған істеріне де есеп беруде. Олардың ерен еңбектері тиісті орындар тарапынан аталып өтіліп, құрмет көрсетіліп жатқаны сүйсінтеді.

Бұл айдың басында облыс шаруашылықтарында егіс салу науқаны ұйымшылдықпен аяқталды. Биылғы ылғал, ауа райының қолайлы болуы мол ырыздық, берекенің бастауы іспетті. Бүгінде тағы бір маңызды шаруа — мал азығын дайындау жұмыстары басталды.

Министрлер не дейді?

Ақтөбеге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің келуі қандай із қалдырды?

Асқар Омаровтың шалғайдағы Ырғыз ауданында болуы, оның ішінде аудандық «Ырғыз» газеті редакциясы жұмысымен танысуы көпшілік көңілінде оң әсер тудырды. Ол аудандық газеттің instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына тіркелгенін де айтты. Министр «Дипломмен — ауылға» жобасына болашақта журналистика факультетін бітірген жас мамандар да қамтылатынын жақсы жаңалық ретінде жеткізді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес БАҚ туралы Заң қайта қаралып жатқаны, онда журналист мәртебесін айқындау, қосымша құн салығынан (НДС) босату басқа да өзекті мәселелер ескерілетіні тілге тиек етілді.

Ал Экология министрі Ақтөбе облысының экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасында 33 іс-шара қарастырылғанын айтты.Өткен жылы облыстың табиғат пайдаланушыларының экологиялық жағдайын жақсартуға шамамен 20 миллиард теңге инвестиция салынған.

Республикалық бюджет есебінен Шалқар көлін тазарту жұмыстарының 45 пайызы орындалған. Министр сондай-ақ 2030 жылға дейін Ақтөбе облысында 6 ірі су қоймасы салынатынын мәлімдеді.

Журналистерге құрмет

Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні облыста кеңінен атап өтілді.

Өңірге мереке қарсаңында іссапармен келген Министр Асқар Омаровтың өзі бір топ журналиске Құрмет грамотасын, басқа да марапаттарды тапсырды.

Кәсіби мерекеге арналған салтанатты шара барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қалам иелеріне жақсы тілегін арнады.

Облыс әкімінің Алғыс хаты мен арнайы сыйлығына 20 БАҚ қызметкері ие болды. Осындай құрмет қала басшылығы тарапынан да көрсетілді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымын арнайы құттықтап, «Ақтөбе медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншинге «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін тапсырды.

Осы мереке қарсаңында ардагер журналист, облыстық «Ақтөбе», республикалық «Егемен Қазақстан» газеттерінде ұзақ жыл қызмет атқарған Сатыбалды Сәуірбай «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды.

Облыс аумағындағы көптеген мекеме-кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар ұжымдары, аудан әкімдері журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, төртінші билікке деген шынайы құрметтерін танытты.

 9 мыңнан аса жұмыс орны ашылады

Облыста Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық жобалар шеңберінде өңірлік жұмыспен қамту картасы қалыптастырылып, 272 жобада 9222 жұмыс орнын құру жоспарланды. Бос орындар туралы ақпарат электронды еңбек биржасына орналастырылатын болады. Бұдан бөлек «2021-2025​жылдарға​арналған​кәсіпкерлікті​дамытужөніндегі​ұлттық​жоба»аясында 53 мыңжұмыссызазаматтыжұмыспенқамтушараларынжүзегеасырубелгіленіпотыр.

Еңбек нарығында жастарды қолдау және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары жұмыс істеуде. Былтыр бұл жобалар аясында 176 жас жұмысқа тартылса, осы   жылы 300-ге жуық жасты жұмысқа орналастыру көзделуде.

Халықты жұмыспен қамтудың тағы бір тиімді тетігі — қайтарымсыз грант беру.​​Облыста 500-гежуықжасқажәнеәлеуметтікосалтоптағы 1 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік грант беру жоспарланып, іске асырылуда.

«Астана Опера» өнері

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Ақтөбеге гастрольдік сапармен келді.

Еуразиялық Топ, яғни ERG компаниясының «Туғанқалалардағы опера» аттыкорпоративтібастамасы осы руханижаңалықтыңжаршысыіспеттіболды.

«Астана Опера» театры жазғы демалыстағы балаларға ұсынған«Музыка әлемі» атты концерттік бағдарламаны ұсынды.

Ал үлкендер жағы итальян композиторы Джоаккино Россинидің «Жібек саты» атты опера-фарсын тамашалады. «Астана Операның» камералық оркестрі Россини дәуірінің әуенін бүгінгі көрерменге театрдың бас дирижері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен өзгеше нақышта жеткізді.

Ішкі туризмге көңіл бөлінуде

Соңғы уақыттары облыста ішкі туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде 2020 жылдан бері облыстың барлық туристік бағыттары өзектендірілді. Өткен жылдың соңында әуежайда «Visit Aktobe» туристік-ақпараттық орталығы ашылды. Онда жергілікті туристік өнімдер, көрнекі жерлер, мәдени шаралар, экскурсиялық бағыттар туралы толық ақпарат алып, Ақтөбе облысын бейнелейтін кәдесыйларды сатып алуға болады.

2020 жылы «Бизнестің жол картасы» аясында туристік сала субъектілеріне 5 грант бөлінсе, биыл тағы 1 грант берілмек. Кәсіпкерліктің бес субъектісіне «Бизнестің жол картасы» аясында инфрақұрылым жүргізілген болатын.

Биыл «Yurta Park-те» аквапарк ашылады және «Қасқыр сарқырамасына» глэмпинг ұйымдастырылды.

Биыл Байғанин ауданының Алтай батыр ауылына дейінгі жол жөнделеді. Оның қасында өңірдің көрікті жерлерінің бірі Аққұмсағыз құмды алқабы орналасқан.

Триатлон паркі ашылды

Ақтөбенің орталығында велосипед спортына арналған парк ашылды.
Триатлон паркінің құрылысын елімізге белгілі кәсіпкер, «Lankaster Group Kazakhstan» компаниясының атқарушы директоры Берік Қаниев және серіктестері  әлеуметтік жауапкершілік аясында жүргізді. Бұл — велосипедшілерге арналған облыстағы тұңғыш парк.
Триатлон паркте ұзындығы 2,4 шақырым болатын жүгіретін және велосипедпен жүретін жол бар. Сондай-ақ заман талабына сай жабдықталған спорт ғимараты орналасқан. Мұнда триатлон, велосипед спорты мен жеңіл атлетика секцияларына негізделген үш зал салынған. Аталған ғимаратта спорт бары, велосипед жөндейтін орталық жұмыс істейді. Тұрғындар бұл жерден велосипед, шаңғы, конькиді жалға алуларына болады.

«Ер Едіге» жыршылары

«Ер Едіге» жыршылар мектебі осыдан бір жыл бұрын облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан ескі мұраларды сақтау және насихаттау мақсатында ашылған еді. Осы мерзім ішінде қалада мектептің үш филиалы қатарға қосылды. Олар Батыс-2 және Есет батыр тұрғын үй аумақтарында, Қазанғап атындағы өнер мектебінде орналасқан.

Жақында жас жыршылар жыл қорытындысы ретінде көрермендерге есепті концерттерін ұсынды.

Жыршылар мектебін одан әрі дамыту мақсатында тиісті орындар тарапынан қолдау-көмектер жасалатын болады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button