Жаңалықтар

Мешіт ұстазына баспана әпереді

Айтыс

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті және «INFAQ» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Елге қылған жақсылық еленбей қалмайды» атты жас ақындардың республикалық қайырымдылық айтысы өтті. 

Айтыс дін саласында қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман, «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Қайрат Дәрменовтің баспана алуына қаржылай қолдау білдіру мақсатымен ұйымдастырылды. 2021 жылы ол аяқ астынан инсульт алып, тиісті ем-домды уақытылы қабылдаудың нәтижесінде қалыпты жағдайда сөйлеп және жүре алатындай деңгейге жетіп, қазіргі таңда облыстық мешітте «Фиқһ» пәнінен дәріс беріп жүр.

Ал айтысқа Түркістан облысынан Дәурен Ысқақ, Нұр-Сұлтан қаласынан Данияр Алдаберген, Абай облысынан Айшолпан Тілеутай, Ақтөбе қаласынан Зылиқа Наурызалина мен Жәнібек Бейбітов, Әйтеке би ауданынан Қайырхан Жұбаниязов, Ойыл ауданынан Айболат Көшкінбай, Байғанин ауданынан Нұрбол Жауынбаев қатысты.

Алдымен облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы, облыс әкімінің кеңесшісі Қалинұр Болысов, «INFAQ» қайырымдылық қорының төрағасы Төлеген Талдыбаевтар сөз сөйлеп, қайырымдылық айтысына атсалысып отырған ақындарға, барлық тыңдарманға ризашылықтарын жеткізді. Айтысты ақын Марат Ахметов жүргізіп отырды.

Ал қортындысында бір миллион теңге қаржы жиналды. Сөйтіп, жуырда облыстық мешіттің ұстазы Қайрат Дәрменовке құны 5 миллион теңге тұратын баспана табыс етілмек. Айта кетелік, айтысқа дейін де үш миллион теңге қаржы жиналған болатын. Сондай-ақ осы қайырымдылық шарасына өңірдегі БАҚ өкілдері де қолдау білдірді.

Ақтолқын ТАЖИКОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button