Мәдениет

Жыр оқып жарысты

Байқау

Ақтөбеде облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен көркем сөз оқушылардың байқауы өтті.

Байқау облыстың құрылғанына 90 жыл толуына арналған «Мәңгілік елдің мәдени мұрасы» халық шығармашылығы фестивалі аясында ұйымдастырылды.

Көркем сөз оқу жарысы жас ерекшеліктеріне қарай төрт топтың арасында өткізілді: 6-12 жас аралығындағы балалар; жасөспірімдер; жастар және 25 жастан асқан ересектер. Байқауға қатысушылардың бәрі де — «Мәңгілік елдің мәдени мұрасы» халық шығармашылығы фестивалінің аудандық кезеңінің жеңімпаздары. Ал фестиваль облыстың мерейтойына арналғандықтан, негізінен Ақтөбе топырағынан шыққан ақындардың өлеңдерін оқуға басымдық берілді. Сондай-ақ Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова сынды белгілі ақындардың Отан, тәуелсіздік, ата-ана тақырыбындағы жырлары да оқылды. Ақтөбеден шыққан ақындардың арасынан қазақ оқырманының бірнеше буынына жақсы таныс қалам иелері — Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаевтармен қатар, Ершат Қайболдин, Индира Кереева, Гүлжайнар Қалдина сынды бүгінгі буын өкілдерінің жырлары да жатқа айтылды.

Қазылар алқасына Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Майгүл Мұзбаева жетекшілік етті. Негізінен әр үміткердің өзі таңдаған шығарманы жанымен қабылдап-түсінуі, оқу шеберлігі, сахнада өзін-өзі ұстауы сынды жайттарға баса назар аударылды.

Қорытындысында балалар арасында — ырғыздық Қымбат Байман, жасөспірімдер арасында — хромтаулық Нұрай Сейтқалиева, жастар арасында — қобдалық Айкөркем Қуандық, ал 25 жастан асқан қатысушылардың арасында хромтаулық Бану Басауова жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар және ақшалай сертификаттар табысталды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button