Басты жаңалықтарМәдениет

«Астана опера» театрының өнерін тамашалады

Театр

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Ақтөбеге тұңғыш рет гастрольдік сапармен келді.

Бұл ұжымның біздің қаламызға Еуразиялық Топ, яғни ERG компаниясының «Туған қалалардағы опера» атты корпоративті бастамасы аясында жолы түсті.

Театр осы бастама бойынша еліміздің 5 қаласын аралап, алты мыңнан астам көрерменге 10 қойылым ұсынды. Екі ай бұрын басталған гастрольдік сапарын, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды мен Рудный қалаларын аралай келіп, Ақтөбедегі Өнер орталығында қорытындылап отыр.

Алдымен өткізілген баспасөз жиынында айтылғандай, ұйымдастырушылар бұл бастаманы тегіннен-тегін қолға алмаған.Шалғай өңірлердегі кеншілер мен металлургтер, шахтерлер мен өзге де еңбек адамдарының опера өнерін тамашалауға мүмкіндігі бола бермейтінін ескерген. Осы мүмкіндікті ұсынуды мақсат тұтқан. ERG компаниясы тур бағдарламасын ересектерге ғана емес, балаларға да тартымды сый етіп ойластыруды алдын ала ескеріпті.

Расында, жазғы демалыстағы балаларға «Астана Опера» театры ұсынған«Музыка әлемі» атты концерт ерекше сый болды. Қазіргі балалардың ғаламтор арқылы жан-жақтан, соның ішінде өнер саласынан да хабардар екені белгілі. Бала да болса, талғамы жоғары көрермендер театр артистерінің кәсіби шеберліктеріне риза болысып, өз қуаныштарын үлкен қошеметпен жеткізе білді.

Ал ересектерге арналған кешкі бағдарламада соңына мол мұра қалдырған итальян композиторы Джоаккино Россинидің «Жібек саты» атты опера-фарсы (либретто авторы — Джузеппе Фопп) сахналанды. Бұл —әлемнің әр түкпірінде XІХ ғасырдан бері үзбей сахналанып келе жатқан туындылардың бірі. Қойылым декорациясы — итальян сценографі Манана Гуниаға, режиссурасы Алла Симонишвилиге тапсырылған екен. «Астана Операның» камералық оркестрі Россини дәуірінің әуенін нақышына келтіре орындап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Оркестр Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аталмыш театрдың бас дирижері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен өнер көрсетті.

«Жібек саты» операсының баскейіпкерлеріне келсек, Джулияның партиясын театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Салтанат Ахметова орындаса, Дорвиль ролі жас әнші Әлихан Зейноллаға тапсырылыпты. Сондай-ақ белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов (Джермано), Рамзат Балакишиев (Дормонт), Евгений Чайников (Блансак), Салтанат Мұратбековалар (Лючилла)өнер көрсетті.

Бұған дейін Ақтөбе сахнасында танымал опера әншілерінің жекелеген партияларды орындаған кездері болғанмен, тұтас опера бірінші рет қойылып отыр. Көрермен бұған өзінің ризашылығын ұзақ қол шапалақтаумен білдірді.

Кеш соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз сөйлеп:

— Елордадан келген артистердің өнеріне алғысымыз шексіз. Үлкен өнер бар жерде халық басқа қиындықтарға қарамастан, рухани күш-қуат алып, үлкен мақсаттарға қол соза береді. Нағыз өнер ешқашан өлмейді. Ең алғаш рет 1812 жылы қойылған Россинидің «Жібек саты» операсы, міне, арада екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өз көрерменін толқытып, үлкен әсерлерге бөлеп келеді. Осы әсерлі, әдемі өнер кеші үшін мен «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті Арман Есенжоловқа да арнайылап алғыс айтқым келеді, — деді.

Ал «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедияров:

— Кейбір көрерменнің бүгін опера өнерімен тұңғыш рет танысып отырғанын білдік. Сөйте тұра бүгінгі қойылымды олар ерекше ықылыспен қабыл алды. Бұл көрермен үшін ғана емес, біз үшін де толқынысты сәт болды. Сондықтан Eуразиялық Топтың бастамасына ризашылығымды жеткізіп, бұл ғажап бастама одан әрі де қолдау тауып, жалғаса берсе деген тілегімді білдіремін, — деді.

Көрермендер арасында бастама иесі — ERG компаниясына қарасты Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты сынды кәсіпорындардың еңбеккерлері көп болды. Олардың атынан «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов:

— Шақыруымызды қабыл алып, Ақтөбеге келгендеріңіз үшін көп рақмет! Біздің ұжым мүшелері, қарапайым еңбек адамдарының осындай бекзат өнерді тамашалау мүмкіндігіне ие болғанына қуаныштымыз. Театрдың гүлдене, таныла беруіне тілектеспіз! — деп, театр ұжымына алғысын жеткізді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button