Жаңалықтар

Әлеуметтік сала — депутаттар назарында

Мәслихат

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы барысында депутаттар ақтөбелік балалардың демалуы үшін қандай жағдай жасалғанын тексерді.

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары Әсел Шүнкеева мен Сұлупан Шынтасова бастаған депутаттар жазғы демалыс лагерьлеріне барып, сол жерде  облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның қатысуымен тұрақты комиссияның отырысын өткізді.

Басқарма басшысы депутаттарға биыл 151 000 оқушы үшін демалыс пен сауықтыруды ұйымдастыру жоспарланғанын айтты. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен 320 миллион теңге бөлінген. Жазғы маусымда қала сыртындағы 9 лагерь балаларды қабылдайды.  Ол лагерьлерге бірінші кезекте әлеуметтік осал санаттағы балалар баратын болады. Бұл санаттағы лагерьге баратын бала саны —3769.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Күншуақ» лагерінде биыл маусым-тамыз айларында 7 жастан 15 жасқа дейінгі 312 бала демалады. Сондай-ақ «Күншуақ» лагері базасында Балалар жылы аясында халықаралық тіл үйрену лагерін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Лагерьде облыс аудандарымен қатар,Ресей Федерациясында тұратын этникалық қазақ отбасыларының балалары демалады. Бағдарламасында қазақ тілі сабақтары ұйымдастырылып, Қобда, Мәртөк және Алға аудандары бойынша бір күндік экскурсия жоспарланған.

Қазіргі уақытта 7584 бала облыс аумағына, 618 бала республика аумағына экскурсияға барды.

Мектеп оқушыларының жазғы демалыс лагерьлерінің қызметімен танысқан депутаттар Жолдас Батырханға бірқатар ұсыныс айтып, тиісті қаулы шығарды.

Облыстық мәслихаттың тағы бір кезектікөшпелі отырысы облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтті.

Әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова депутаттарға мәдениет саласындағы кейбір мәселелер туралы баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, облыстық мұрағат қызметкерлерінің орташа жалақысы 132,7 мың теңге болса, ал техникалық қызметкерлердің орташа айлығы 81,4 мың теңгеден аспайды. Ал мәдениет қызметкерлерінің орташа жалақысының мөлшері бар-жоғы — 108,4 мың теңге. Әкімшілік персоналдың, мәдениет нысандарының техникалық қызметкерлерінің орташа жалақысы  — 74,1 мың теңге.

Облыстық мәслихат депутаттары отырыста сөз сөйлеген облыстық, қалалық мәдениет объектілерінің басшыларын мұқият тыңдап, өз мекемелерінің қызметі туралы айтып, шешуді талап ететін мәселелермен бөлісті. Баяндамашыларға бірқатар сұрақ қойып, тиісті қаулы шығарды.

Отырыс соңында байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғмановтың атынан БАҚ саласында қызмет атқаратын бірқатар депутат Алғыс хаттармен марапатталды.

Облыстық мәслихаттың

баспасөз қызметі. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button