Жаңалықтар

Спорттық үйірмелердің бағасы неге қымбат?

Ойтүрткі

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

«Ақтөбе»

Егемен еліміздің ертеңгі болашағы бүгінгі жастар десек, дені сау ұрпақты тәрбиелеу — маңызды мәселе. Мектеп оқушыларының асыға күтетін жазғы демалысы басталып кетті. Осы ретте спорттық үйірмелер балалардың бос уақытын тиімді, қызықты өткізуіне септігін тигізіп қана қоймай, салауатты өмір салтына дағдыландырады.

Токио Олимпиадасынан кейін отандық спорттағы хал-ахуалымыздың төмен екені анық білінді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода өткен Олимпиада қорытындысы бойынша отан­дық спортқа шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екендігін айта келе, бұқаралық және балалар спор­тын дамытудың маңызды­лығына ерекше назар аударды.

Шетелдерде де балалар спортына ерекше көңіл бөлініп отыр­ғанын әлемдік спорт додасының  көрсет­кіштерінен байқадық. Атап айтсақ, Өзбекстан елінің 19 жастағы өрені Улугбек Рашидов таэквондодан Олимпиада чемпионы атанды. 13 жастағы спортшы стрит бағдар­ламасының финалында бірінші орынды иеленді. Екінші орын алған 13 жас­тағы бразилиялық Раисса Леал да жанкүйерлерді өнерімен тәнті етті.

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының саны жеткіліксіз. Көптеген ауылда спорт­тық кешендер жоқтың қасы. Көңілге медеу болары — балаларды күреске, дзюдоға, боксқа, футболға дайындайтын спорт үйірмелері жұмыс істеп тұр. Әрі бұл спорт түрлеріне жеткіншектер көп барады. Бірақ бұдан басқа спорт түрлерін дамытуға ауылдық жерлерде ла­йық­ты деңгейде жағ­дай жасал­ма­ған. Мәселен, Әйтеке би ауданының орталығында әлі күнге дейін балалардың спортпен шұғылдануына арналған спорт кешені жоқ. Ақтөбе қаласындағы Есет батыр шағын ауданы күн санап үлкейіп келеді. 40 мыңға жуық тұрғыны бар ауданда да балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған спорттық нысандар жоқ.

«Ел болашағы — дені сау ұрпақ» дегені­міз­бен, қазіргі қазақ балаларының денсаулығы да дәрігерлерді алаңдатып отыр. Өйткені мектеп қабырғасындағы оқушылардың көбісінің омыртқасы қи­сайған. Бұдан басқа жеткіншектердің әр екіншісінде гастрит пен асқазанның ойық жарасы кездессе, елу пайызында қан айна­лым жүйесінің жұмысы бұзылған. Жыл­­дан-жылға балалар әлжуазданып барады.

Қалалық жерлерде кейбір спорт үйір­месіне балаларын апаруға ата-ананың қалтасы көтермейді. Сондықтан жеткіншектер өздері қалаған спорт түрімен айналыса алмайды. Бағасы қымбат спорт үйірмелеріне көркем гимнастика, үлкен теннис, шайбалы хоккей, синхронды жүзу, мә­нерлеп сырғанау жатады. Осыдан кейін бұл спорт түрлерінен ел на­мысын қорғауды сырттан келгендерге сеніп тапсыр­масқа амал жоқ. Егер қолжетімді болмай тұрған осы спорт түрлеріне ерекше көңіл бө­ліп, дамытар болсақ, жет­кіншек­терді осы спорт түрлеріне баули алсақ, өзімізден де шын мықты спортшылардың көп­теп шығуына жағдай жасалар еді. Ол үшін бірінші кезекте балаларға арналған барлық спорттық үйірмелер қолжетімді болуы керек. Жат­т­ықтыру­шы­лардың қызметін жоғары бағалап, балаларды еркін жаттықтыруына жол ашқан дұ­рыс.

Ақтөбеде ақысыз спорт үйірмелері мүлде жоқ деуге болмайды. Бі­рақ ол жерлерде қатысушылар саны шектеулі. Жастардың спортқа бет бұруы тек саусақпен санарлықтай ғана спорт түрлерімен шектеледі. Бізде басқа дамыған елдердегідей барлық қыз­меттік орындарда спортзал­­дары жұмыс істемейді. Не болмаса қыз­меткерлерге спортпен шұғылдануға мүмкіндіктер аз қарастырылған тіпті мүлде қарастырылмаған деуге болады.

Мемлекеттің Әнұраны шетелде екі жағдайда шырқа­лады. Бі­­ріншісі, Президенттердің кездесуі ке­зінде, екіншісіден, спортшыларымыз бәсі биік жарыста жеңіске жеткен тұста. Сондықтан дарын­ды спортшыларды дайындау үшін балаларға арналған спорт үйірмелерінің бағасын халықтың мүмкіндігіне қарай қолжетімді ету керек.

Спорт — денсаулық кепілі. Ал «кепіл» жоқ жерде денсаулық нашар болады. Халықтың денсаулығы нашарласама, аурухана көбейеді. Демек, аурухана санын азайту үшін спорттық нысандарды көбірек салып, оның қызметін қолжетімді қылу керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button