Басты жаңалықтарМәдениет

Қазақтың жан серігі

Домбыра — біздің руханиятымыздың өзегі, діңгегі. Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың:

«Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім», — деп жырлағанындай, бабадан қалған даламыз, тіліміз секілді, солармен теңдес ұлы қазынамыздың бірі — домбыра.

Шілде айының басындағы қастерлі мереке — Ұлттық домбыра күні қарсаңында біз «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас концертмейстері Талап Хамзинмен әңгімелескен едік…

— «Күйшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің құрылуы, біздің облыстағы филиалы туралы айтсаңыз? Оның мүшелері кімдер?

—Елімізде Күйшілер одағы 2019 жылдың қаңтар айында құрылған болатын. Оның мақсаты —тек домбырашы ғана емес, қобызшы, сыбызғышы, яғни барлық қазақ күйшілерінің басын бір арнаға қосу, ортақ мәселелерді жұмыла шешу, күйшілердің мәртебесін көтеру, сонымен бірге ортақ мектептерді бірдей насихаттап, бірдей жинақтау, күйтану саласы бойыншасараптамалық жұмыстарды жолға қою. Ал біздің облыстағы бөлімшесі 2021 жылы 22 ақпанда ашылды. Бүгінгі таңда облыста одақтың 15 мүшесі бар. Олардың арасында белгілі күйші, қазанғаптанушы Жайлау Асылханов, шалқарлық күйшілер Нұрболат Жанаманов пен Оразғали Көшімов, Ембіден Сәлима Алдабергенова, Қандағаштан Балымбет Күзембаев, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы Төребек Мұстафин, «Достық сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі Бақытбек Зейнелов бар. Сонымен бірге қатарымызда біздің өнеріміздің болашағы деп мақтанышпен айтуға лайық жастарда бар. Олар — Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашылары Құрманғазы Асылханов, Жалғас Болатұлы, Нұрәли Сыдықов, орталық қалалардағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген Амантай Ашықбай, Аян Хайролла және басқалар. Айта кетейін, Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен «Достық сазы» ансамблі — Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияға қарасты ұжымдар.

Жалпы күйшілер одағының құрылуының өзі Тәуелсіздіктің бір жемісі сынды қабылданады. Кеңестік заманда қазақтың күй өнерін дамытқан, алға жетелеген көптеген қайраткер ағалар бұл күнді көрмей кетті. Бүгінде жастардың домбыраға, күй өнеріне деген ықыласы жоғары. Бір мезетте жүздеген, тіпті мыңдаған домбырашы күй тартқан, домбыра сабағын өткізген оқиғалар Гиннестің рекордтар кітабына да тіркелді. Қазақтың дәстүрлі ән, жыр, күй өнері шетелдерде де жақсы насихатталып жүр…

— Иә, мысалы, өзім қызмет ететін Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің ұжымы соңғы жылдардың өзінде Түркия, Польша, Ресей, Бельгия, Люксембург сынды елдерде өнер көрсетті. Әсіресе, еуропалықтардың қазақтың әнін, күй өнерін өте жоғары бағалайтынына куә болдық. Мені олардың өнерге деген құрметі, тыңдау мәдениеті өте-мөте тәнті етті. Еуропада өнерді жалғастырушы, жеткізуші, орындаушы ғана емес, қарапайым көрермен, тыңдаушы болудың өзінің де талаптары, қалыптасқан тәртібі бар екені сезіледі.

Кезінде белгілі күйші Қаршыға Ахмедияров ағамыз мың домбырашы бір мезетте күй тартып, сол сәтті бар әлемге паш етсек деп арман қылған еді. Тәуелсіздікжылдарында мұндай оқиғалар да аз тіркелген жоқ. Айталық, 2013 жылы Атырауда Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 190 жыл толуына орай өткен мерейтойлық іс-шаралардың аясында, қалың көрермен мың адамдық ұлт-аспаптар оркестрінің өнерін тамашалай алды. Сонымен бірге биылғы 25 мамырда елордадағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектебінің домбыра сабағында да бір мезетте мың оқушы тартқан домбыраның күмбірі естілді. Бұл — тек мысалға алынған оқиғалар… Қытайдағы қандастарымыз да 10 мың адам бір мезетте «Кеңес» күйін орындап, Гиннестің рекордтар кітабына енгізілгені белгілі.

Халқымыз барда — домбыра бар, ал домбыра барда қазақтың күй өнері де жасай беретіні күмәнсіз. Бұл — қазақтың, жалпы түркінің қанына біржола сіңген өнер.

— Ақтөбе өңірі күйшілік мектебінің өкілдері, олардың мұрасының дәріптелуі төңірегінде айтсаңыз?

— Бұл тақырыпта сөз қозғағанда, әрине, алдымен Қазанғап бабамыз ойға оралады. Қазанғаптың шәкірттері аз болмаған. Оның Қадірәлі Ержанов, Бұрхан Кәкенұлы және басқа да шәкірттері арқылы жеткен мұрасы бүгінде қазақтың үлкен бір рухани қазынасына айналды. Қазанғап шәкірттерінің ізбасары саналатын Сәдуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараевтарды бүгінгі буын өз көзімен көрді, тыңдады, үйренді, олардан алғанымыз өте көп.

Айта кететін бір жайт, қазақтың жыршы-жыраулары күй өнеріне де жақын болған. Асан Қайғы бабамыздан, Қазанғап жыраудан қалған күйлер бар екенін көпшілік біле бермейді. Кешегі Нұрпейіс Байғанин бір жағынан жыраулық, екінші жағынан күй өнерінің де жалғастырушысы болды.

Біздің алға қойған мақсаттарымыздың бірі — Ақтөбе күйшілік мектебінің ірі өкілдерін кеңінен дәріптеу. Өкінішке қарай, филиалымыздың құрылған уақыты пандемиямен, оған байланысты шектеу шараларымен тұспа-тұс келді. Ал алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік болады деп үміттенеміз.

— Өзіңіз өнер жолына қалай келдіңіз?

— Мен Байғанин өңірінде туып-өстім. Әулетімізде өнерге жақын адам көп. Мені де бала күнімде аудан орталығы Қарауылкелдідегі музыка мектебіне берген. Осында 5 жыл оқыдым. Ұстазым Жібек Ілиясова — өз ісінің шебері ретінде аудан көлемінен тыс жерлерге де танылған адам. Музыка мектебінен кейін, Ақтөбедегі музыка училищесіне, яғни қазіргі өзіміздің Ахмет Жұбанов есімін иеленген колледжге түстім. Мұнда домбыра класында оқып, Нұриден Омаровтан тәлім алдым. Бітіргеннен кейін, ұстаздарымның бағыт сілтеуімен оқуымды Алматыдағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда жалғастырдым. Қаршыға Ахмедияров, Абдулхамит Райымбергенов, Айтжан Тоқтаған сынды күй өнерінің майталмандарынан дәріс алдым. Олардың арасында Абдулхамит Райымбергенов — Ақтөбе өңірінде күй өнерін насихаттау ісіне зор үлес қосқан күйші, ұстаз, өнертанушы Ысқақ Райымбергеновтің баласы, біздің жерлесіміз.

Консерваторияны 1999 жылы бітіріп, туған жеріме келдім. Алғашында облыстық халық шығармашылығы үйі жанындағы «Қайратты қазақ» ансамблінде еңбек еттім. Бүкіл аудан, ауылдарды аралап, өнер көрсеттік. Ал 2003 жылы облыстық филармония жанындағы Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестріне Қайырғали Қожанбаевтың шақыртуымен келдім. Сонымен бірге өзім оқыған колледжде ұстаздық етемін.

— Репертуар таңдағанда, қандай жайттарға көбірек көңіл бөлесіз? Кімнің шығармашылығы жаныңызға жақын?

— Ұстаз болғандықтан, қазақтың барлық күй мектептері өкілдерінің шығармашылығын жақсы білу, олардың күйлерін тарта білу өзімнің басты парызым деп ойлаймын. Өйткені ұстаз болған соң, өз талғамыңмен ғана шектелмей, шәкірт тәрбиелеуді, оған лайықты білім беруді ең басты орынға қоясың. Сондықтан төкпе күй, шертпе күй деп, не басқалай бөліп-жарып қарамаймын, барлық өңірден шыққан күйшілердің шығармашылығына бірдей көңіл бөлемін.

— Шығармашылығы еленбей, көп тарамай қалған күйшілер бар ма?

— Соңғы уақытта біз осы бағытта ізденіп жүрміз. Мысалы, Батыс Қазақстан өңірінен шыққан күйші Қауен Қалниязовтың күйлері сирек орындалады. Әсіресе, оның «Сән-ау» күйі — кезінде мамандар өте жоғары бағалаған туынды. Осы күйді өз репетуарымызға қостық. Сонымен бірге жоғарыда айттым, біздің белгілі жырауларымыздан да қалған күйлер бар. Мысалы, жыраулар поэзиясының ең көрнекті өкілінің бірі — Қазтуғанның «Сағыныш» атты күйі ертеректе Қадірәлі Ержановтан жазылып алынған екен. Мұны жуырда ескі таспалардың бірінен таптық. Енді осы күйді де қайта жарыққа шығарғымыз келеді.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button