Басты жаңалықтар

Эутирокс неге тапшы?

Өзекті

Ақтөбеде эутирокс дәрісі тапшы. Бұл дәріні іздеп, сенделіп жүрген науқастар көп. Облыс орталығындағы біраз дәріханаға барып та, телефон арқылы хабарласып та көрдік. Ондағылар эутирокске сұраныстың көптігін, дегенмен аталған дәрінің біршама уақыттан бері қоймаларында жоқтығын айтады. Кейбір дәріханаларда эутирокстің 125, 150 мкг дозалары табылды. Ал қалқанша безі дертіне шалдыққан науқастар үшін ең қажетті 25, 50, 75 мкг-лық дозалар өте қат. Бұл дәрінің маңыздылығы гипотиреоз дертін емдеуде тиімді тәсіл. Германиядан шығатын эутирокс— дәрінің түпнұсқасы болып саналады. Сол себепті де эндокринологтар науқастарға көбіне препараттың түпнұсқасын тағайындайды, науқастар да осы дәрімен емделгенді қалайды.  Бұл дәрінің баламасы —L-тироксин де нарықта бірнеше ай жоғалып кетіп, осы жақында ғана, шамамен 2-3 апта бұрын пайда болды. Бұл дәрі де Берлиннен шығады. Ал баламаларының ағзаға жанама әсері көп.

Өткен жылдың аяғында дәріханаларда толып тұрған эутирокстің жыл басталғалы жоғалып кетуінің себебі неде? Біз мәселенің мән-жайын білмек ниетпен құзырлы мекемелерге хабарласып көрдік. Өкінішке қарай, мардымды жауап ала алмадық. Бізді қайран қалдырғаны, L-тироксин шыққан Германияда эутирокс те өндіріледі. Сонда L-тироксиннің жеткізіліп, халыққа қажет, сұраныстағы эутирокстің жеткізілмеуіне не кедергі, не себеп?

Тағы бір сауал: бұл дәріні көпшілік науқас күн сайын, өмір бойы ішеді.Яғни эутирокс ауадай қажет. Өйткені гипотиреоздертіне шалдыққан науқастың қалқанша безінен гормон жеткіліксіз мөлшерде бөлінеді немесе мүлде бөлінбейді. Ал гормон күллі ағзаның жұмысын реттейді. Эутирокстің әр таблеткасы сол жеткіліксіз гормонның қызметін атқарады.  10-15 күн ем қабылдап, құлантаза айығып кету — қалқанша безі ауруларына шалдыққан науқастарға әзірге бұйырмаған бақ. Оның әлеуметтік маңызы бар ауру саналуы да содан. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша елімізде қалқанша безі ауруларына шалдыққан 50 мыңнан астам адам бар. Оның 4 мыңға жуығы —балалар. Ал біздің облыста 2 мыңнан астам адам есепте тұр. Диспансерлік есепте тұрмағаны да жетерлік.

Қазақстандағы әрбір бесінші-алтыншы әйел қалқанша безі дертіне шалдыққан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сүйенсек, бүгінде әлемдегі әрбір үшінші әйел қалқанша безі қызметінің бұзылуынан пайда болатын ауруға шалдыққан. Статистикадан байқағанымыздай, бұл аурумен, негізінен, әйел адамдар көбірек ауырады. 

Қалқанша безі аурулары: себеп пен салдар

Қалқанша безі аурулары қандай дерт? Бұл туралы нақтырақ білмек ниетпен облыстың штаттан тыс бас эндокринологі Гүлзира Нұғманқызымен сөйлескен едік…

Қалқанша безі — адам ағзасындағы ең маңызды мүшелердің бірі. Қалқанша безінен гормондар бөлінеді. Бұл гормондар: трийодиотронин (Т3), тироксин (Т4) және ТТГ (тиреотропты гормон). Қалқанша безі ағзадағы кішкентай органдардың бірі болғанымен, одан шығатын гормондар денедегі барлық зат алмасу процесін реттеп отырады. Қалқанша безінің гормондары өмір бойы ми, жүрек және бұлшықет жұмыстарын реттеп, адамның көңіл күйіне тікелей әсер етеді…

Қалқанша безі ауруына шалдыққан кезде оның қызметі бұзылып, гормондары не аз, не көп мөлшерде бөлінеді.Соның бірі гипотиреоз деп аталады. Ол — қалқанша безінің қызметін төмендететін ауру. Адам үнемі тоңғыш келеді. Тыныс алуы төмендеп, ағза әлсірейді, басы айналады. Тағамға тәбеті болмайды. Есте сақтау қабілеті де төмендейді, жұмысқа қабілеті азаяды. Шашы уыстап түсіп, терісі құрғап, тырнағы сынғыш келеді. Теріде өзгерістер болып, салмақ қосады. Бұл аурудың ең басты белгісі — шектен тыс ашушаңдық. Гипотиреоз ауруынан емдеуде науқасқа эутирокс немесе L-тироксин немесе левотирон беріледі. Левотирон Қазақстанда өндіріледі.

Ал екінші түрі —  гипертиреоз. Бұл ауруға шалдыққан адамда қалқанша безінің гормондары мөлшерден тыс көп бөлінеді. Яғни гипертиреоз — гипотиреозға қарама-қарсы ауру. Қалқанша безі гармондарының төмендеуі ағза жұмысын баяулатса, гипертиреоз кезінде ағза жұмысының қарқыны қатты артады.

Бұл кезде адам салмақ тастайды, қан қысымы көтеріледі. Үнемі тершең болады. Ауыз құрғайды. Іші өтеді. Жүрегі жиі соғады. Ұйқысы бұзылады. Көздері үлкен болып, шарадан шығып тұрады, — дейді бас эндокринолог.

Оның айтуынша, қалқанша безі ауруларының пайда болуының бірнеше себебі  бар.

Оның ең бірінші себебі — тұқым қуалау. Екіншісі — адамның жүйке жүйесіне психикалық эмоционалдық күш түсу. Оған көп жағдайлар әсер етуі мүмкін. Мысалы, қайғылы жағдайдан да болады. Ет жақын туысы қайтыс болып, соған қатты күйзелсе, қалқанша безінің дертіне шалдығады.

Үшіншісі — дұрыс тамақтанбау. Ағзаға керекті дәрумендер мен минералдар жетіспеу салдарынан да адам осы ауруға душар болады.

Қазір экологиялық ахуал да нашар. Созылмалы ауруларға шалдыққандар да көп. Қалқанша безі ауруларына сол аурулардың да кесірі тиеді.

Бұл ауру шығармашылықпен айналысатын адамдарға тән. Сондай-ақ тынымсыз жұмыс істейтін кәсіп иелері де қалқанша безі ауруларына жиі шалдығады. Күн тәртібіне бағынбай, түнде ұйықтамай, дер кезінде тамақтанбай, тыным көрмейтін адамдар осы ауруға жиі тап болады. Сол себепті денсаулық баға жетпес байлығымыз екенін ұмытпағанымыз жөн, — дейді дәрігер.
Гүлзира Нұғманқызының айтуынша, гормондар тиімді бөлінуі үшін қалқанша безінің гормондары дұрыс жұмыс істеуі қажет. Дәрігер сол себепті ақуызға, йодқа бай тағамдарды қолдануға кеңес береді.

Йод жетіспесе, эндемиялық зоб пайда болады. Сондықтан теңіз өнімдері — балық, қы­рыққабат; жемістер — банан, қауын, жүзім, ананас, құрма, құл­пынай, апельсин, лимон; көкөністер — сарымсақ, шалқан, қызылша, картоп, сәбіз, қызанақты пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ сүт, жұмыртқа, сары май, сиыр еті, бидай өнімдерін пайдаланып, күнделікті тағамыңыздың құнарлығын арттыру керек. Негізінен, теңіз өнімдерінің құрамында йод көп кездеседі.

Адам қанының құрамындағы йод мөлшері жыл мезгіліне байланысты азайып-көбейіп отырады. Мәселен, қыркүйек пен қаңтар айларында қан құрамында йод мөлшері азайып кетеді, ал ақпан айында көтеріле бастайды. Сондай-ақ күн ысыған кезде, әсіресе мамыр айында йод көбейеді.

Ағзадағы йодтың 90 пайызы тамақ арқылы толықтырылады. Сол себепті күнделікті тағам құрамына баса назар аударған жөн. Йод балықтарда, теңіз өнімдерінде, балдырларда, балық майында көп. Айта кету керек, ет пен балықты қайта-қайта мұздатқанда оның құрамындағы йод жойылады, — дейді Гүлзира Нұғманқызы.

Оның айтуынша, біздің облыста қалқанша безі ауруларына шалдыққан 2029 науқас диспансерлік есепте тұр. Оның барлығы да тегін дәрі-дәрмек алады.

Дегенмен диспансерлік есепте тұрмаған науқастар да аз емес. Қаланың тірлігі қарбалас болғандықтан, көпшілігі емханаға келіп, дәрі алуға уақыты жоқ. Сондықтан олар емханаға келіп уақыт жоғалтқанша, дәріні дәріханалардан алғанды жөн санайды, — дейді бас эндокринолог.

Эутирокс дәріханаларда неге жоқ?

Біз бұл сауалды алдымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Әлия Мұхтарқызына қойдық. Дегенмен ә дегеннен жауап алу қиын болды. Неге екені бізге беймәлім мекеме басшысы бұл сауалға жауап бергісі келмей, біршама сылтау айтты. Біз де болмадық. Тірлігі осы эутирокске тәуелді әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққан науқастардың өмірі алаңдататынын, Конституцияға сәйкес, «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екенін айттық, сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңды алға тарттық. Сөйтіп, департамент басшысы комитеттің баспасөз хатшысына сауалдарымызды жіберетінін, шамамен 1-2 сағатта жауапты жазбаша беретіндігін, өзі айтып тұрған уәжін жазбау керектігін айтып, шығарып салды.

Уәде берген уақытта хабарласқанымызда хатшы қыз: «Басшылық сіздің сауалдарыңызға жауап бере алмайды» деп қарап тұр. Хатшыға: «Басшыңызға сәлем айтарсыз: газет бетіне «Департамент жауап беруден бас тартты деп» жазамыз» дедік. Бұған дейін де газеттің «Редакцияға хат» айдарына берілген «Эутирокс неге тапшы?» деген сауалымызға нақты жауап бермеген-ді («Ақтөбе» газеті, мамыр, 2022 жыл). Содан арада көп уақыт өтпей департамент басшысы хабарласып, ертеңгісін ерте жауап жазып жіберетіндігін жеткізді. Күттік. Бірақ он қайтара оқысақ та, ұқпайтын жауап алдық. Соны барынша түсінікті етіп, оқырманға ұсынып отырмыз.

«Бірнеше айдан бері эутирокс дәрісінің дәріханаларда тапшылығы байқалады. Әсіресе 25,50,75 мкг мүлде жоқ. Халыққа қажеттісі негізінен осы дозалар. Ал 100,125 мкг бөлуге де тиімсіз. Бұл туралы не айтасыз?» деген сауалымызға аталған департамент басшысы дәріханаларда неге жоқтығына нақты жауап жазудың орнына былай деп уәж айтыпты:

— Мемлекеттік мекемелерде  ауру түріне қарай гипотиреоз/гипертиреоз/гипопаратиреоз аурулары кезінде, халықаралық патенттік емес атауымен дәрілік заттар левотироксин (саудалық атауы L- тироксин, эутирокс, левотирон), тиамазол (тиразол, мерказолил) (таблетка) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тегін беріледі.

Соңғы уаққытта L-тирoксин де тапшы болған-ды. Дегенмен кейбір дәріханаларда бұл дәрі қайта әкеліне бастапты. Бұл дәрілердің бағасы бір-бірімен шамалас. Сонда L-тироксинді әкелген кәсіпкер неліктен эутироксинді әкелмейді? Екеуіде Германиядан шығарылады. Осы туралы айтсаңыз?

— Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес, мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің ісіне заңсыз араласуына жол берілмейді. Жоспардан тыс тексерулер дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігіне және тиімділігіне  шағым түскен жағдайда жүргізіледі.

«Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаменті неге жауапты? Нені бақылап, нені қадағалайды? Күн тәртібінде күйіп тұрған мәселені сіздің мекеменің шешуге құзыреті жетпесе, құзыреті жетіп, шешуге ықпал ете алатын тиісті органдарға хабарластыңыз ба?»деген сауалымызға жазбаша нақты жауап жазбаған соң, департамент басшысына бұл сауалды ауызша да қойдық. Бірақ нақты жауап бере алмай, ұзақ-сонар басқа бағытта әңгіме айтты. Сауалды тағы қайтара қойып,  «жоқ» деген жауап алдық.

Тапшылық қашанға дейін ұласуы мүмкін? Өйткені эутироксті өмір бойы ішуге тиіс науқастардың өмір қауіпсіздігі үшін бұл мәселенің тез арада шешілуі маңызды.

— Аталған мәселе бойынша дәріханаларға  мониторинг жүргізу кезінде (біз сауал қойған соң сұрастырды. Г.Б.) эутирокс препаратының 25, 50, 75 микрограмдық мөлшерлері «Алау» дәріханасында (Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын үй алабындағы 2-шағын  аудан, №24 үйде орналасқан) бар екені анықталды. Сондай-ақ «КФК Медсервис плюс» серіктестігінің дәріхана қоймасына аталған дәрінің 50 микрограмдық мөлшері әкелінеді деп жоспарланып отыр. Дәріханаға бармастан бұрын телефон соғып, бар-жоқтығын анықтап алған дұрыс. Сұраныста болғандықтан, дәрі тез бітіп те қалуы мүмкін.

—Гипотиреоз дертін негізінен эутирокс, L-тироксин, левотирон дәрісімен емдейтіні мәлім. Дегенмен эндокринологтардың тұжырымынша, эутирокс дәрісі түпнұсқа болғандықтан да оның ағзаға пайдасы көбірек. Дәрігер ретінде сіздің пікіріңіз? 

— Егер препараттың кері әсері болса, онда емдеуші дәрігерге хабарласып, «препаратқа жағымсыз реакциялар туралы хабарлама» картасын толтыруыңыз керек.

Баламаның пайдасы жоқ па?

Осы материалдың авторы да осы дәріге мұқтаж. Сол себепті бұл тақырыптың өзектілігін жақсы білемін.

Қыстан бері сенделіп, эутироксті таба алмай, дәріханаларды шарлағанның бірі — өзім. Тіпті баламасы — L-тироксинді де таба алмай, дәрі қорын артық сақтаған әпкемнен алып іштім. Ол таусылып, бірнеше күн бойы дәрі таба алмай қиналдым. Сөйтіп жүргенде жақында ғана дәріханаларда  L-тироксин пайда болды. Эндокринологтар аурудан емделуде баламаларынан гөрі эутирокстің өзін ішуге кеңес берген еді. Өйткені  L-тироксиннің де, левотиронның да пайдасы аз, жанама әсерлері көптігін айтқан-ды. Қысқасы, дәрі таппай сенделіп, «емханама барып, диспансерлік есепке тұрайын. Есепте тұрғандарға  эутирокс тегін берілетін болар» деген оймен дәрігердің қабылдауына жазылдым. Бірнеше күннен кейін кезегім келіп, қабылдауында болғанымда дәрігерім: «Есепке алуын алармыз. Бірақ біздің емханада эутирокс емес, елімізде шығарылатын левотирон беріледі ғой», —  деді. Әрі қарай сөзін жалғап: «Диспансерлік есепте тұрған бір науқас тегін дәріні пайдаланамын деген соң, қай дәріні таңдаса да өз еркі ғой, левотиронды бердік. Арада екі ай уақыт өткен соң әлгі науқас гормон тапсырып, медициналық тексеруден өтті. Сонда оның жағдайы күрт нашарлағанын білдік. Бәрі сол левотиронның салдарынан болды. Себебін айтып, түсіндіргенімде маған «Неге онда левотирон іштім?» деп ренжіді. Ол тегін дәрі сұрады. Мен дәрігер ретінде тегін дәріні бермеуге құқым жоқ», — деп дәрігер әрі қарай шешім қабылдауды өзіме қалдырды.

Сөйтіп, диспансерлік есепте тұрып, мемлекеттің игілігін көру басты мақсатым болған мен тағы да көкейімде көп сауал туындап, үйге қайттым. Сонда мемлекеттің қыруар ақшасы неліктен емінен кеселі көп дәріге бөлінеді? Отандық өнімге, отандық кәсіпкерге қолдау көрсеткен дұрыс, әрине. Дегенмен онсыз да аурудан зардап шегіп жүрген науқастың өміріне эксперимент жүргізу арқылы емес.

Жақында өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстандағы фармацевтикалық өндіріс елдің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілігінің 24 пайызын ғана қамтамасыз ететінін айтты. Жиында министр еліміздің фармацевтика саласындағы қордаланған мәселелерге тоқталды.

— Соның бірі — отандық тауар өндірушілердің генерикалық препараттары төмен рентабелді, — деді  Ажар Ғиният. Бұдан көп мәселені аңғаруға болады.

Екі ай бұрын өткен Үкімет отырысында депутаттар халықтың көп бөлігі дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне қатысты да көп сұрақ қойғанын, әсіресе өмірі дәріге тәуелді науқастар алаңдаулы екенін жеткізді.

— Қазақстан дәрі-дәрмек жағынан импортқа тәуелді, кейбір дәрілер тіпті жоқ. Науқастар шағымданып отыр. Ертең не шприц, не катетер болмай, 90-жылдардағыдай бәрін өзіміз сатып алып жүрмейміз бе? Үкімет дәрі қорын жинақтап отыр ма? — деген Парламент Мәжілісінің депутаты Зарина Қамасоваға Ажар Ғиният былай деп жауап берді:

— Былтыр дәрінің 94 пайызы толық жеткізілді. Биыл бір жылға қажет көлемнің 50 пайызын сатып алынып қойды. Ал 25 дәрі шығаратын украиналық компаниямен келісімшартты біржақты үздік. Басқа конкурс жарияладық, мәселені шілдеге дейін шешеміз, — деді ол.

Қор қашанға дейін жетеді?

Эутирокс препараты Қазақстанның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі дәрілік заттар тізіміне енген. Ол гипотиреоз диагнозымен диспансерлік есепте тұрған пациенттерге беріледі. Біз біраз сауалды Ақтөбедегі «СҚ-Фармация» ЖШС-на жібердік. Ол мекемеден де мардымды жауап ала алмадық.

— «СК-Фармация» — тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі  және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында дәрі жеткізуші мекеме. Біз бірыңғай дистрибьютор ретінде жекеменшік дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізбейміз. Тек мемлекеттік медициналық мекемелерді қамтимыз. Оның ішінде амбулаториялық деңгейде тегін таратылатын дәрі-дәрмектер бар. Гипотиреоз дертіне шалдыққан науқастарға эутирокс және левотирон дәрілері тегін беріледі. Бұл дәрілер облыстағы қалалық емханалар мен аудандық ауруханаларда бар. Мысалы, эутирокс  Ақтөбе қаласындағы №2,№4, №6, №7 емханаларда беріледі, — деді «СҚ-Фармация» ЖШС Ақтөбе облысы уәкілеттілігі менеджері Еркін Нұрлан.

P.S. Денсаулық сақтау министрлігі сәуір айында таратқан ақпараттарында емханадан тегін берілетін дәрілер қоры маусым айының соңына дейін жетеді деген-ді. Біздің облыстағы жағдай қалай? Әсіресе жоғарыда көрсетілген қос препараттың қоры туралы білгіміз келген. Дегенмен «СҚ-Фармация» ЖШС менеджері бұл сауалға облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауап беретінін жеткізді. Ал біз бұл сауалды облыстық денсаулық сақтау басқармасынан да ала алмадық. Жылдың алғашқы жартыжылдығы бүгін аяқталады.Ал жоғарыдағы есептік көрсеткіштер құр сөз ғана болғаны ма? Неге құзырлы мекеме өкілдері мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін берілетін дәрі қоры туралы айтудан қашқақтады?

Бұдан шығатын түйін: құзырлы органдардың бізге берген деректері есеп үшін демеске амал жоқ. Әйтпесе бәрі «чики-чики» болса, нақты жауап беруден қашпас еді. Сабақты «5»-ке білетін бала мүдірмейді ғой… 

P.S.S:«Мәселе тиісті министрлік пен басқармада болып отыр. Аталған мекемелерде әлеуметтік ауруға шалдыққан науқастар үшін қанша дәрі керегін жинақтауға жауапты мамандар бар. Сұранысты солар жасайды. Дәрілік формуляр деген бар. Дәрінің тапшылығы — соны әзірлейтін мамандардың жібергенкемшілігі. Дәрі-дәрмек шығаратын фирмалардың өкілдері дәріні сол сұранысқа сай елге жеткізеді», — деді облыс орталығындағы дәріханалар желісінің директоры.Мәселенің мәнісін, түйінді сөзді кәсіпкер айтқандай болды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button